Асау мәстек
Ұлттық ойын — тәрбие нақышы: ата-аналар сайысы
Құрметті ата-аналар, балабақша қызметкерлері! Бүгін балабақшамызда ерекше мереке — тәрбиеленуші балалардың ата-аналары арасында «Ұлттық ойын — тәрбие нақышы» атты сайыс өтеді.
Бұл жарыста ата-аналар өз шеберлігімен, жүйріктігімен, шешендігімен және ептілігімен көпшілікті тәнті етеді. Барша қатысушыға сәт-сапар тілейміз!
Рух берер жолдар
Біз қазақпыз — ел үшін атқа мінген,
Жанып жатқан, лапылдап отқа кірген.
Бойтұмар ғып ар-ождан қазынасын,
Отбасылар ел қамын сақтап жүрген!
Сайыс шарттары: бес ұлттық ойын
- 1 Қыз қуу
- 2 Күш сынаспақ
- 3 Асау мәстек
- 4 Арқан тарту
- 5 Ат жарыс
Әр таңды бақытпен атырамыз, балалы үй — базарлы жанұямыз. Сайысқа қатысу үшін ортаға «Қарақия» тобының ата-аналарын шақырамыз.
1-кезең: Қыз қуу
Ойын шарты
Ойынға бір ер бала және бір қыз бала шығады. Екеуі ағаш атқа мініп, алдымен қыз бала шабады. Артынан ер бала қуып жетіп, қыздың қолынан ұстаса — жеңіске жетеді. Кейде қызды екі бала қуады: кім бұрын жетіп қолынан ұстаса, сол жеңімпаз атанады.
Жайдары жүз, күлім көз жанары-ай,
Сәйгүліктің сүйкімді шабысын-ай.
Қызды қуып жетуге бар өнерін,
Қазақ жігіттері намыс қорғай.
Өнер қосымшасы
Халық әні «Дедім-ай-ау» — ата-аналар: Башенова Рахат және Арқабаева Ақілгек.
Рахмет! Өнерлеріңіз өрлей берсін.
2-кезең: Күш сынаспақ
Ойын шарты
Ойын үстел үстінде екі адамның білек күшін сынасуымен өтеді. Қатысушылар шынтағын үстелге тіреп, қолдарын айқастырады. Кім қарсыласының білегін үстелге бұрын жықса — сол жеңеді. Қажет жағдайда ағаш ат үстінде, аттың басын ұстап тұрып та күш сынасуға болады.
Келіңіздер, көріңіздер — балабақша төрімізге! Бізде жүйрік жарысар, күш сынасар алыптар. Ортаға күш-қайраты мол ата-аналарды шақырамыз.
Мәнерлеп оқу
Қажымұқандай қара күш иелерінің құрметіне: А. Байтұрсынұлының «Қазақ салты» өлеңін ата-ана Есқалиева Гүлдария мәнерлеп оқиды.
Қазақ халқының ұлттық мұрасы — түпсіз тұңғиықтай терең, сарқылмас қазына. Әр ұлттық ойынның астарында мән-мағына бар: ол ұрпаққа рух, тәртіп, батылдық пен бірліктің үлгісін береді.
3-кезең: Асау мәстек
Ойын шарты
Ойын бастаушы арқанды жерден шамамен 50 см биіктікке керіп байлайды да, қатысушыларға:
Ер екеніңді білейін,
Ешкі сойып берейін.
Тақия алсаң еңкейіп,
Құламасаң теңкейіп,
Ерлігіңе сенейін!
Шартты қабылдаған адам ортаға шығып:
Асау мәстек бұл болса,
Үйретейін көріңіз,
Маған таяқ беріңіз!
Осыдан соң қатысушы таяқпен арқаннан асып, жердегі тақияны іліп алады. Бұл — ептілік пен шапшаңдықты талап ететін ойын.
Тақиясы — қазағымның салт-дәстүр белгісі,
Таяқпенен іліп алар — ептіліктің өлшемі.
Асау мәстек, қайсымыз ер екен —
Көрейікші шапшаң, жүйрік, ептіні!
Ұлттық ән
Асау мәстекте топ жарып, тақияны іліп алған сайыскердің құрметіне ұлттық ән «Бипыл» — ата-ана Өмірбаева Гүлзира.
Рахмет, ата-аналар! Ұлттық ойындармен қатар ұлттық өнер арқылы да мерейімізді өсірдіңіздер.
4-кезең: Арқан тарту
Арқан тарту — бірліктің, қайраттың, төзімнің ойыны. Сайысқа шабыттана кірісіп, арқанды арқа асып тартайық!
Ойын шарты
Ойын екі топ арасында (немесе екі адам арасында) ойналады. Арқанның екі жағынан ұстап тартысқан кезде, қай топ арқанды өз жағына көбірек тартып алса — сол жеңеді. Екі адам тартқанда да мақсат — қарсыласты теңселтіп, тепе-теңдігін бұзбай, арқанды өзіне қарай басым тарту.
Ортаға арқан тартуға мықты әрі епті ата-аналарды шақырамыз.
Жарайсыздар, ата-аналар! Мерейлеріңіз үстем болсын.
Би
Денеміздің шымыр, денсаулығымыздың мықты болуына үлес қосатын би — «Қара жорға».
5-кезең: Ат жарыс
Тай құлағында бала ойнар, ат тоқымында ер ойнар. Ат жарысқа келдіңдер — аламан бәйге бақ сынайтын шақ!
Ойын шарты
Ойын екі командаға бөлініп ойналады. «Алға!» белгісі берілгенде сайыскерлер ат үстіндегі қимылды бейнелеп жарысады. Қай команда мәреге тез жетсе — сол команда жеңімпаз болады. Қатысушылар ат кескінді бетпердені тақымға қысып, мәреге шауып жетеді.
Олай болса, атышулы аламан бәйгеге атымызды қосып, ат жарысқа бет бұрайық!
Неткен керемет, ғажап ойын! Ат жарысты да сайыскерлер сәтті аяқтады.
Қорытынды
Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетті. Сайыскерлердің әділ бағасы — халықтың еншісінде, көрерменнің қоржынында десек, артық емес.
Салауатты өмір салтын қолдаймыз,
Жамандықтан жанымызды қорғаймыз.
Денсаулықты жанымызға серік ғып,
Болашаққа аманат қып жолдаймыз.
Құрметті ата-аналар! Сіздер сайысқа өте белсенді қатыстыңыздар. Бүгінгі сайыс — ұлттық ойынның түп-тамыры терең екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Салауатты өмір салтын сақтай отырып, дені сау, саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіру — баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұлттық үрдісті алтынның сынығындай, көзіміздің қарашығындай сақтай білейік. Топ жарған екпінді, ынталы, жігерлі ата-аналар — сіздер бүгін ұлттық ойындарды нақышына келтіріп ойнап, көпшілікке үлгі боларлық естелік қалдырдыңыздар.