Сен бақытты болуға міндеттісің
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақтасты ауылы — «Ақтасты орта мектебі»
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Бекмұратова Дина Мәлікқызы
«Өмір, қымбатсың маған!» — ой бөлісу, пікірлесу, тренинг
Мақсаты
- Өмірдің адамға бір-ақ рет берілетін қымбат сый екеніне ықпал ету.
- Өмір құндылықтарының мәнін ашу арқылы адамның тіршілігі туралы түсінігін кеңейту.
- Өмір сырын түсінуге, қиындықтарды жеңіп шығуға үйрету.
- Адам бойындағы асыл қасиеттерді, адамгершілік пен мейірімділікті дамыту.
- Жақсы қасиеттерді қалыптастырып, жаман әдеттерден жирендіру.
- Балалардың ойын ашып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру.
Көрнекілік
Іс-шара барысында мазмұнды нақыл сөздер мен мағыналы тіркестер ұсынылды:
«Өмір — қымбат сый»
«Әрбір қиын мәселенің шешілетін жолы бар»
«Өз өмірің, өз әлемің — өз қолыңда»
«Өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес»
Іс-шараны бастау: ортақ ереже
Бастамас бұрын ортақ тәртіп ережелерін қабылдаймыз:
- Тыныштықты сақтаймыз.
- Бір-бірімізді тыңдаймыз.
- Ойларымызбен бөлісеміз.
- Сезімдерімізді сыйлаймыз.
- Бір-бірімізді мазақ етпейміз.
- Уақытты үнемдеп, қысқа да нұсқа жауап береміз.
- Тәртіппен, өз кезегімізбен сөйлейміз.
Психологтың кіріспе сөзі
Адам өмір атты кеңістіктің есігін ашып, жарық дүниеге келеді. Кіндігін кесіп, шілдеханасын жасап, сәбиге ат қояды. Әрқайсымыздың өз есіміміз бар. Ендеше, есімнің сырына үңіліп көрейік.
«Есімдер сыры»
Әр оқушы өз есімін айтып, оны кім қойғанын және қандай мағына білдіретінін түсіндіреді.
Өміршеңдік ережесі
Жігер деген — Мен
Күш деген — Мен
Махаббат деген — Мен
Кешірім деген — Мен
Құдірет деген — Мен
Жасөспірім деген — Мен
Денсаулық деген — Мен
Жастық шақ деген — Мен
Адалдық деген — Мен
Жарқындылық деген — Мен
Бар ғажайып деген — Мен
Хормен:
Бәрі маған байланысты.
Бәрі менің қолымда.
Өмір — бұл…
Өмір туралы негізгі ойлар
Өмір — өзен
Халқымыз өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір өзен тәрізді: тоқтаусыз, ешкімге білдірмей, арнасымен ағып жатады. Сол ағыс ішінде әр адам өз арнасын таба білуі керек.
Өмір — қымбат сый
Өмір адамға бір-ақ рет берілетін қымбат сый. Бұл сыйды бізге сыйлаған ең қымбат жандар — ата-ана. Сондықтан оларды құрметтеп, қадірлеу — парыз.
Егер анаң саған баға жетпес өмір сыйласа, сен сол сыйға лайық өмір сүруге тиіссің.
Өмір — денсаулық
Денсаулық — зор байлық. Әр адам өз денсаулығын күте білуі керек. Қамшының сабындай қысқа өмірде зиянды әдеттерден (арақ ішуден, темекі тартудан, есірткі қолданудан) аулақ болған жөн.
Түйін:
Зиянды әдеттер — өмірдің қас жауы.
Өмір — күрес
Бұл — табиғат заңдылығы. Өмірде кездесетін сәтсіздіктерді уақытша қиындық ретінде қабылдай білу қажет. Әр нәрсенің ақырын сабырмен күтіп, қандай іс болса да ойланып жасауға үйрен.
- Сабырлы, шыдамды, төзімді бол.
- Қиындық көрген жанға қызғаныш пен көре алмаушылық танытпа.
- Мақсатың үшін күрес, күшті жағыңды көрсет, әлсіздікке бой алдырма.
- Өз өмірің үшін жауапкершілікті өзің ал.
Осы тұста «Екі бақа» аңызы мысал ретінде айтылады.
Өмір — жеңіс, өмір — махаббат
Өмір жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қуаныш пен қайғыдан құралады. Біле білсең — сонысымен қымбат.
Өмірде бәрі махаббаттан бастау алады: ананың балаға деген махаббаты, ердің елге және туған жерге деген сүйіспеншілігі, қыз бен жігіттің махаббаты. Махаббатсыз дүние — бос.
Тренингтер мен тапсырмалар
Ақын сөздерімен толықтыру
Психолог ұсынысымен ойларымыз ақындардың нақылға айналған сөздерімен толықтырылады.
«Егер сен ағаш болсаң…» тренингі
Оқушылар ағаштың бір бөлігін таңдайды да, неге соны таңдағанын түсіндіреді:
Жапырақ
Көктейді, гүлдейді, жаңаруды білдіреді.
Діңгек
Ауыртпалық пен жауапкершілікті көтереді.
Тамыр
Ағашты қоректендіретін негізгі арна, тірек пен тереңдік.
Шығармашылық тапсырма
Оқушылар өздері дайындаған «Мен өмірді сүйемін» тақырыбындағы шығармаларын оқиды.
Тыныштық сәті: жігерлендіру мәтіні
Баяу музыка әуенімен оқушылар көздерін жұмып, тыныштық әлеміне енеді.
Қымбатты менің досым, жолыңда кедергілер кездеседі. Ал егер мүлде кездеспесе — сен әлі өзіңді таныта алмағансың. Кедергіні ұсақ деп қарама: ірі істердің жүзеге асуы көбіне ұсақ нәрселерге байланысты.
Тасың өрге домаласа — тасыма; биікке көтерілсең — жасыма. Саған жақсы сөйлеп тұрып, өзгені түгел жамандайтындарға сенбе. Күрескен адам жеңілуі мүмкін, ал күреспеген адам әлдеқашан жеңілген.
Жеңілсең — мойында, өзіңді өзің алдама. Құламасаң — тұрмайсың. Сәтсіздікті солай бағала: «Менің құлауым — орнымнан тұрып, қайта ұмтылуым үшін керек», — деп ойла.
Жоғалтпасаң — таппайсың; ал таппасаң — бағаламайсың. Жеңістің жүз әкесі бар, ал жеңіліс — жетім. Шыңға бір секіріспен шығам деп дәмеленбе.
Тағдыр өздері бір нәрсе істеуге тырысқан адамдарға ғана оңынан келеді. Өз-өзіңді жігерлендір, өзіңді жетекте, үйренуге талпын. «Біреу мені қашан жетелейді?» деп күтпе.
Жеткен жетістігің — шеккен бейнетіңнің көрінісі. Жеңіске жетсең «өзім жеттім» деп асқақтама, жеңіліп қалсаң — өзгелерді айыптама.
Үнемі алдыңа мақсат қойып, ерік-жігеріңді жетілдіріп, шыңдап отыр. Ерік — өмірдегі бақыт пен табыстың кілті: ол мақсат жолындағы қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Ал мақсат — адамның өмір мәні мен бағытын айқындайды.
Кездескен қиындыққа күйінбе: ол жеңу үшін берілген. Сәтсіздіктің де өз сыйы бар — еркіңді шынықтырып, өмірдің үлкен сындарынан өтуге көмектеседі.
Сен бақытты болуға міндеттісің. Өз бақытыңды іздеп табатын — өзің!