Тәрбие сағатын қорытындылау

Мақсаттары

а Балаларды айналаны қоршаған ортамен жан-жақты таныстыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сөздік қорын дамыту.

ә Экологиялық білім мен тәрбие арқылы оқушылардың өлкетанымдық түсінігін кеңейтіп, табиғатты қорғау дағдыларын арттыру.

б Табиғатты сүюге, күтіп-баптауға, қорғауға және өз қолымен пайдалы іс жасауға тәрбиелеу.

Оқушыларға «табиғат» ұғымының мәнін ашып, түсіндіру — осы сабақтың өзекті өзегі.

Әсем табиғат аясы

Сайрам—Өгем мемлекеттік ұлттық паркінің ағарту және туризм бөлімінің мамандары біздің С. Рахымов атындағы әскери мектеп-интернаттың түлектеріне желтоқсан және ақпан айларында экологиялық-танымдық дәрістер өткізді. Сол дәрістердің нәтижесінде оңтүстігіміздің көркем табиғаты, ондағы тіршілік және Қызыл кітапқа енген аң-құстар мен өсімдіктер туралы құнды мәліметтер алдық.

Туған табиғатты сүю және оны қорғауға баулу — әрқайсымыздың басты парызымыз.

Табиғат дегеніміз не?

Айналамыздағы жер, күн, аспан, тау, тас, су, өсімдік, жан-жануар, жәндік атаулының бәрі — табиғат. Адам да табиғаттың бір бөлігі. Табиғаттағы барлық құбылыс пен зат бір-бірімен тығыз байланысты.

Табиғатты көздің қарашығындай қорғау — өмірді қорғау. Өйткені адам тіршілікке қажетті нәрсенің бәрін табиғаттан алады.

Ой түйін: табиғатқа төнген қауіп — адамға төнген қауіп.

Қазақтың данышпан ақыны Абай табиғат сұлулығын адам өмірімен сабақтастыра жырлаған. Бұл — табиғат пен адам арасындағы ажырамас байланысқа берілген көркем әрі терең түсінік.

Табиғатты қорғау

Экология — табиғатты қорғау және ресурстарды ұқыпты пайдалану туралы ғылым. Табиғатты қорғап, оған үнемі қамқорлық жасау — әрбір оқушының азаматтық міндеті.

1) Зауыт түтіні мен қалдық су

Қаладағы зауыттардың түтіні мен қалдық сулары ауаны да, суды да ластайды. Бұл — адам денсаулығына тікелей әсер ететін қауіп.

2) Автокөлік санының артуы

Көліктерден бөлінетін түтін атмосфераға зиянды газдарды көбейтеді, қала ауасының сапасын төмендетеді.

3) Ағаш отырғызу — нақты шешім

Ағаш көшеттерін отырғызу қажет: жасыл желек лас ауаны сіңіріп, қаланы тазартады. Жасыл ағаш — қаланың көркі әрі табиғи сүзгі.

Көрініс: табиғатқа аманат сөз

Сахналық ескертпе

Домбыра үні естіледі.

Асанқайғы

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?

Қорқыт ата

Қара тауларың құламасын,
Саялы ағаш сынбасын,
Қанаттарың қырқылмасын,
Қайран елім — қазағым.

Бұл нақыл сөздерден бабаларымыздың табиғат тағдырын ойлап, оны қорғауды аманат еткенін аңғарамыз. Ертедегі адамдар табиғат байлықтарының бір бөлігін киелі санап, оған тиіспей, сақтай білген. Табиғат пен адамды бір-бірінен бөлуге болмайтынын сол кезде-ақ ұқтырған.

Ұжымдық жұмыс

Табиғат туралы тыйым сөздер мен нақылдар — ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі. Табиғат сұлулығын суретшілер бейнелесе, ақындар өлең жазып, сазгерлер ән шығарады. Бұл — адам мен табиғат арасындағы рухани байланысты нығайтатын мәдени қазына.

Топтық тапсырмалар

I топ — Табиғатты зерттеушілер

  • Қара сөз және өлең оқу
  • Табиғат құбылыстарын сипаттау

II топ — Қоршаған ортаны қорғау мамандары

  • Қара сөздер арқылы ұсыныс айту
  • Ластануды азайту жолдарын талқылау

III топ — Жас экологтар орталығы

  • Өлең және ой-толғау
  • Мектептегі экожобаларға бастама ұсыну

Көрініс: «Қарлығаш би» тағылымы

Сахналық ескертпе

Домбыра үні ойнап тұрады.

Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезінде ел үдере көшіп, босып кеткенде, Төле би атамыз үйінен шықпай отыра береді. Себебі шаңырағына бір қарлығаш ұя салып, балапан шығарған екен. Сол бейкүнә балапандарға зиян келмесін деп, Төле би үйін тастамайды.

Әскербасының сөзі

— Ей, ақсақал! Елің қыр асып көшіп барады. Сен неге үйіңнен шықпай отырсың?

Төле бидің жауабы (жыр жолдарымен)

Жалбарынар жайым жоқ жау алдында,
Балапандар бар қанша қарауымда.
Сол жетімдер ұшуға жарағанша,
Сыртқа шықпай тұрамын қарауылда.

Әскербасы ақсақалдың адамгершілік болмысына риза болып, тағзым етеді де: балапандарға да, ақсақалға да тимей, кері қайтады.

Тағылым: тіршілікке мейірім — табиғатты қорғаудың бастауы.

Табиғат туралы мақал-мәтелдер

Бұл бөлімде табиғатты құрметтеуге үндейтін халық даналығы ортаға салынып, оқушылардың ой-пікірімен толықтырылады.

Қорытынды

Қазақ халқы табиғатқа табына жүріп, оны қастерлеген, киелі санаған, пір тұтқан. Табиғатқа сүйіспеншілікпен қарап, қамқорлық жасау — ұрпақ тәрбиесінің алтын өзегі.

Бүгін біз әсем табиғат аясы, ондағы тіршілік және оны қорғау туралы білімімізді ортаға салдық. Болашақта ең таза, ең көркем Шымкент туралы арман жастардың ісімен шындыққа айналары сөзсіз.

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Ендеше, табиғатты күтіп, аялай білейік. Табиғат — адамның ежелден тіршілік етіп, өмір сүріп келген ортасы және мәңгілік мекен ететін алтын бесігі.

Автор туралы

ОҚО, Шымкент қаласы, Республикалық әскери мектеп-интернаттың биология пәні мұғалімі — Сұлтанбекова Самал Рахметалиқызы.