Жайнай берсін, жайнай берсін жарық күн
Тәрбие сағатының мазмұны
«Патриот болу — парызың» тақырыбына арналған тәрбие сағаты оқушыларға патриоттық тәрбие беруді мақсат етеді. Бұл іс-шара Отанды сүюге, ерлік пен бірлікке ұмтылуға, ел тарихын танып-білуге, Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, ұлттық байлықты қорғауға және елімізді өркендететін білімді ұрпақ болып қалыптасуға бағытталған.
«Қазақстан – 2050» стратегиясының мәні мен мақсатын түсіндіру арқылы «Мәңгілік Ел» идеясының маңызын терең ұғындыру көзделеді.
Мақсаты
- Патриоттық сезімді қалыптастыру, Отанды сүюге тәрбиелеу.
- Ерлік, бірлік және жауапкершілік құндылықтарын нығайту.
- Ел тарихын білуге, рәміздерді қастерлеуге баулу.
- Ел байлығын қорғау және дамуға үлес қосу мәдениетін қалыптастыру.
Өтетін орны
Акт залы.
Көрнекіліктер
- Қазақ еліне арналған суреттер, нақыл сөздер.
- Қазақстан Республикасының рәміздері: Ту, Елтаңба, Әнұран.
- Н. Ә. Назарбаевтың суреті, Қазақстан туралы әндер.
- Плакаттар (Отан, табиғат көріністері), проектор, компьютер, аудиожазба.
- Кітаптар көрмесі.
Жоспар
- 1 «Мен өз елімнің патриотымын» (әдеби-композиция).
- 2 Концерттік бағдарлама.
- 3 «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жеті тұғыры (таныстырылым).
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
1-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! «Патриот болу — парызың» тақырыбы аясында өтетін тәрбие іс-шарасына қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
2017 жыл — айтулы күндерге толы жыл. Атап айтқанда, Қазақстан тәуелсіздігіне 26 жыл, Конституциямыздың қабылдануына 22 жыл толды.
Шабытты жолдар
Қазақпын еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Қазақпын, қойнауы құт жері дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәріне айтам!
Бірлігімнің бұзылмаған қаймағы,
Бейбіт күнде желбіреген байрағы.
Әлем білген басшысымен көреген,
Қазақстан — ынтымақтың айғағы!
Негізгі ұғым: Патриотизм
Патриотизм — өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі.
Ол отбасына, туып-өскен ортаға, топырақ пен табиғатқа, елге деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады.
Осы тұста жай әуен ойнап, оқушылар әуен ырғағымен ортаға шығады.
Әдеби-композиция: «Патриот»
П
Қазақстаным — Отаным, гүлдей жайнаған,
Төсінде оның тасқындап еңбек қайнаған.
Төскейі малға, астыққа толы қамбасы,
Еліміз дамып, жылжыды өрге арбасы.
А
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі — мәңгілік елордамызды тұрғыздық.
Т
2017 жыл Қазақстан тарихында көптеген елеулі оқиғалармен есте қалды. Солардың ең ауқымдысы — «Болашақтың энергиясы» атауымен өткен Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі.
Р
Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен жаңа Қазақстанның тарихын жазу мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді.
И
Тәуелсіздік жолындағы табандылық пен бірлік — ел дамуының берік тірегі.
О
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі.
Т
Ерлік — табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Бұл — Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге тігуге жетелейтін ең асыл сезімнің нәтижесі.
П
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!
Ы
Ежелден ел тілегі — ер тілегі,
Адал ұл ер боп туса — ел тірегі.
Н
Сабырлық алдында дұшпан сасады,
Сабырсыздан береке қашады.
Барлығы бірге
Біз өз Отанымыздың патриотымыз.
Мы патриоты нашей страны.
We are patriots of our country.
Музыка баяу ойналып, оқушылар әуен ырғағымен сахнаға шығады.
Концерттік бағдарлама
1) Ақжол
Біз қазақпыз — қастерлеген баба салтын.
Аман бол, айналайын дана халқым.
Күн туса, атқа қонам бір сен үшін,
Міне — жалын, міне — қолым, міне — айбын.
2) Аяжан
Бірлігімен, ынтымағы халықтың
Көгімізде жарқырайды жарық күн.
Ырыс-дәулет, жайнай берсін жарық күн!
Жайнай берсін, жайнай берсін жарық күн!
3) Диас
Қазақстан — көк байрақты нұрлы елім,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің — менің қуанышым, бақытым,
Өзің — менің тынысым да, тірегім.
4) Диана
Ел ұранын шыттық, құйып көңілге,
Жарқырайды Елтаңбаң да төріңде.
Іргетасың жатыр берік қаланып,
Бет бұрдың алға — жарқын өмірге!
Қорытынды ой
Мәңгілік Ел болу — өз қолымызда. Патриоттық рух — күнделікті еңбекте, білімде, бірлікте және ел алдындағы жауапкершілікте көрінеді. «Патриот болу — парызың» деген ұстаным әр азаматтың жүрегінен орын алғанда ғана мемлекетіміздің іргесі берік болмақ.