Ауаны қалай сезесің

Сабақ тақырыбы: Су. Судың қасиеттері

Бұл сабақта оқушылар судың табиғаттағы маңызын түсініп, тәжірибе арқылы оның негізгі қасиеттерін байқап, қорытынды жасайды.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: судың қандай болатынымен таныстыру; практикалық жұмыс барысында бақылау және талдау жасау.
  • Дамытушылық: оқушылардың ой-өрісін, сөйлеу тілін және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, оны сүйе білуге баулу; туған жер экологиясын қорғауға үлес қосуға тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар

  • Суреттер
  • Дидактикалық материалдар
  • Кітапша
  • Мультимедиа құралдары

Пәнаралық байланыс: ана тілі

Әдістер мен сабақ түрі

  • Ой қозғау
  • Сұрақ-жауап
  • Топтастыру
  • Түсіндіру

Сабақ түрі: жаңа материалды меңгерту

Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында оқушылардың назарын жинақтап, жағымды көңіл-күй қалыптастыруға арналған шағын өлең жолдары айтылады:

Қайырлы күн деп айтамыз,
Кешке бірге қайтамыз.
Отбасының гүліміз,
Бірге өтер күніміз.
Бор да дайын тақтада,
Сыныбымыз тап-таза.

Өткенді қайталау: «Ауа. Ауаның маңызы»

Өткен тақырып бойынша білімді нақтылау үшін сұрақтар қойылады:

  • Ауаны қалай сезесің?
  • Ауа қандай?
  • Жану үшін не керек?
  • Ауаның маңызы қандай?
  • Ауаның пайдасы неде?
  • Ауаны қалай таза ұстаймыз?

Жаңа сабақ: Су туралы түсінік

Тірі ағзалардың өмір сүруі үшін ауа қандай қажет болса, су да сондай қажет. Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді.

Ағзалар денесі шамамен 30%-дан 90%-ға дейін судан тұрады. Адам су ішпей 6–7 күн ғана шыдауы мүмкін.

Ой қозғау: Қатты қапырық ыстықта шөлдеген адамға не керек?

Негізгі ойлар

  • Су түссіз және көбіне мөлдір.
  • Су бар жерде тіршілік бар: су ішінде, бетінде, жағалауында көптеген өсімдіктер мен жануарлар өмір сүреді.
  • Суды пайдаланбайтын тіршілік иесі жоқ, сондықтан оны үнемдеу және таза ұстау — әр адамның міндеті.

Оқу жұмысы: мәтінді іштей оқу, тізбектей оқу.

«Су» тақырыбына ассоциациялар

  • Су — сұйық зат.
  • Аспаннан жауын түрінде түседі.
  • Күн суытқанда су қатты күйге (мұзға) айналады.
  • Су буға айналып, ұшады.
  • Бу — мөлдір, түссіз газ.

Практикалық жұмыстар

Тәжірибелер оқушыларға судың қасиеттерін өз көзімен көріп, дәлелдеуге көмектеседі.

№1 Тәжірибе: Мөлдірлік

  1. Екі стақан ал: біреуіне сүт, біреуіне су құй.
  2. Екеуіне де қасық сал.
  3. Қайсысында қасық анық көрінеді? Неліктен?
  4. Суды иіскеп көр: иісі бар ма?

Қорытынды: су түссіз, мөлдір, иіссіз.

№2 Тәжірибе: Пішіні

  1. Суды кесеге, шыныға, стақанға құй.
  2. Әр ыдыстағы судың пішінін бақыла.
  3. Су қандай пішінге ие болды?

Қорытынды: судың тұрақты пішіні болмайды, ол құйылған ыдыстың пішінін алады.

№3 Тәжірибе: Ағу, жұғу, кебу

  1. Суды беті тегіс жерге құйып көр: ол жан-жаққа ағады.
  2. Су толық жоғалып кетті ме, әлде дымқыл із қалды ма?
  3. Біраз уақыттан соң із неге жоғалады?
  4. Жуылған киім неге кебеді? Су қайда кетеді?

Қорытынды: су ағады, бетке жұғады, ал жылу әсерінен буға айналып ауаға араласады.

Сергіту сәті: Жұмбақтар

1) Мүлгіп тұрған бақ тыныш, ораныпты ақ күміс. (қар)

2) Көзге көрінгенмен, ұстасаң қолға ілінбес. (бу)

3) Жылт-жылт етеді, жылғадан өтеді. (су)

4) Аяғы жоқ, қолы жоқ, бірақ тыныш тұрмайды. Сақтамасаң – қорын тек, барша тірлік қурайды. (су)

Түсінгендерін тексеру

Сұрақтар арқылы жаңа тақырып бекітіледі:

  • Су қандай зат?
  • Судың түсі қандай?
  • Су қай жерлерде кездеседі?
  • Суды үй шаруасында қалай пайдаланасың?
  • Қайнаған су неге азаяды?

Қорытынды

Судың негізгі қасиеттері

  • Судың нақты пішіні болмайды.
  • Судың түсі болмайды: су түссіз.
  • Су мөлдір.
  • Су ағады.
  • Судың дәмі жоқ, иісі жоқ.

Нақыл сөздер

  • Суды босқа төкпе!
  • Сумен ойнама!
  • Бұлақ көрсең, көзін аш!
  • Судай таза бол!
  • Судан таза, сүттен ақ!

Үй тапсырмасы

Эссе

  • 1-қатар: «Жайық өзені» тақырыбына эссе жазу.
  • 2-қатар: «Су қалай ластанады?» тақырыбына эссе жазу.
  • 3-қатар: «Су — тіршілік көзі» тақырыбына эссе жазу.

Оқу

Оқулықтың 27-бетін оқу, мазмұндап әңгімелеу.

Бағалау: сабақтағы белсенділік пен тәжірибелердегі қорытынды жасауына қарай бағаланады.