Ана деген асыл жандар болаттай, Ана деген мөлдір жандар бұлақтай

Ардақтайық, аялайық ананы!

Бұл ашық тәрбие сағатының басты мақсаты — анаға деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, ананы құрметтеуге және сыйлай білуге баулу, адамгершілік пен ізгілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар қатысушылардың жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, өз ойын ашық жеткізуге үйрету, бір-бірінің пікірін құрметтеуге бейімдеу және тұлғаның рухани өсуіне жағдай жасау көзделеді.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Ана туралы даналық сөздер
  • Мақал-мәтелдер

Сабақтың түрі

Кездесу сабағы.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Қатысушылар шаттық шеңберіне шақырылады. Аналар өз есімдерін таныстырып, есімдерінің бас әрпінен басталатын бір тілек айтады. Оқушылар «Мен анамды… теңеймін!» деп өз теңеулерін ортаға салады.

Топқа бөліну

Көктем гүлдері арқылы үш топқа бірігеді: бәйшешек, қызғалдақ, раушан.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қош келдіңіздер! Отбасыларыңызға құт-береке, бірлік, дендеріңізге саулық тілейміз. Бүгінгі «Ардақтайық, аялайық ананы!» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Ананың орны туралы ой

Әр адам көзін ашып, дүниеге келген сәттен-ақ мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — Ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да — Ана. Әрқашан дұрыс жүр, таза бол, адал бол деп тілейтін де — Ана.

Ана — қорғанымыз, пана жанымыз, бәріміз үшін дара да дана тұлға. «Ана» дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан болмайды.

Әрбір ана отының өшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбидің жыламауын, соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді.

Қасиетті сөз

«Жәннат — ананың табанының астында» деген хадистің астарында теңіздей терең мағына бар.

Анаға берілген баға

Халқымыз: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Бұл — ананың өмірдегі және қоғамдағы рөлін айқын көрсететін нақыл. Шынында да, әйелдер қауымынсыз бұл әлемді елестету мүмкін емес. Құдайдан кейінгі құдірет иесі — ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз.

Бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеруге өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке де лайық.

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды,
Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.
Қуандым ба — өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба — өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды,
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем — бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба — тек өзіңнен жасқандым.

Адамды дүниеге әкеліп, өмір сыйлайтын құдіретті жан — ана. Сондықтан да біз бәріміз ана алдында бас июге тиіспіз. Сен дүниеге келдің, сені өмірге әкелген бір жан бар. Ол — анаң. Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенің ең жақының, ең адал сырласың, ең бірінші ұстазың болған да — анаң.

Алғыс

Біз мәңгілік қадірлі аналарымызға борыштармыз. Сіздерге балалық жүрегімізден мың да бір алғыс!

Оқушылар шығармашылығы және талқылау

Ана сөзін аузына алмайтын жан кемде-кем. Ананың қоғам өміріндегі орны — айрықша. Ендеше, осы асыл аналарымызға арналған оқушылар өлеңдеріне кезек берейік.

Бейнежазба

«Анаң — сенің пейішің» бейнежазбасын тамашалаған соң, әр топ түйінді ойын айтады.

Ана деген асыл жандар — болаттай,
Ана деген мөлдір жандар — бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды талатпай.

Мен өзіңмен қайда жүрсең біргемін,
Күн нұрындай жадырайды бір күлгенің.
Асыл сөзің жүрегімде жүреді,
Қандай бақыт — ортамызда жүргенің.

Келесі бөлім: «Сен білесің бе?»

Топтарға сұрақтар қойылып, жауаптар талқыланады.

I топ

  1. 1.Балдан тәтті не? — Бала.
  2. 2.Тәрбие мен білім ордасы? — Мектеп.
  3. 3.Үйдегі алтын қазық кім? — Ана.
  4. 4.Бес асылды атаңдар. — Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.
  5. 5.Екі адамның бір-біріне адалдығы? — Достық.

II топ

  1. 1.18 жасқа толмаған адам? — Бала.
  2. 2.Қара шаңырақ иесі кім? — Кенже ұл.
  3. 3.Үш арсызды атаңдар. — Ұйқы, тамақ, күлкі.
  4. 4.Әкеден балаға берілетін зат? — Мұра.
  5. 5.Үйде кім, елде кім қадірлі? — Үйде қарт, бала қадірлі; елде хан, әкім, ұстаз қадірлі.

III топ

  1. 1.Үш мұрат. — Жол мұраты: жету; қыз мұраты: кету; сауда мұраты: ұту.
  2. 2.Үш даусыз. — Мінез, кәрілік, ажал.
  3. 3.Жеті ата. — Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.
  4. 4.Бес дұшпан. — Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.
  5. 5.Үш байлық. — Денсаулық, ақ жаулық, он саулық.

Монтайтас жалпы орта мектебі

Сынып жетекшісі: Л. Кенжебекова

Толық нұсқасын жүктеу