Балалар қалай ойлайсыңдар
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сабақтың тақырыбы
Менің достарым
Сабақтың мақсаты
- Баланың өзін-өзі тануына ықпал ету; достарын бағалауға, құрметтеуге үйрету.
- Досының сөзін аяғына дейін тыңдауға және кез келген сәтте көмектесе білуге тәрбиелеу.
- Ойындар арқылы есте сақтау, ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамыту.
Көрнекіліктер
Суреттер, шарлар, гүлдер, жұмсақ ойыншықтар, сурет жапсырылған кірпіштер, ит бетпердесі, кеспе әріптер, айна, түрлі-түсті бояулар, дидактикалық және логикалық ойындар.
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап, түрлі ойындар, тосын сәт, психологиялық жаттығулар, «сиқырлы хат», жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тақпақтар, сергіту сәті, сахналау.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру: «Шаттық шеңбері»
Балалар:
Армысың, шұғылалы нұрлы күн!
Армысың, мейірімді жер-ана!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Бәріміз күндей жарқырайық!
Бәріміз тату-тәтті болайық!
Тәрбиеші бүгінгі сабақтың тақырыбын таныстырады: «Менің достарым». «Дос», «достық» ұғымдары адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен жанашырлық екенін түсіндіреді. Нағыз достар бір-бірін ренжітпей, керісінше сыйлап, құрметтеп, кешіре біледі. Достық тек адамдар арасында ғана емес, елдер арасында да болады.
2) Тосын сәт: Дымбілмес қонаққа келеді
Осы кезде топқа есікті қағып Дымбілмес кіріп келеді.
Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, бізге қонақ келіпті. Бұл кім екен?
Балалар: Дымбілмес.
Тәрбиеші: Дымбілмес, сен неге есікті қатты қақтың? Сені біреу ренжітті ме?
Дымбілмес: Менімен ешкім сөйлеспейді, ойнамайды. Ешкім менімен дос болмайды… (жылайды)
Тәрбиеші: Қалай ойлайсыңдар, неге ешкім Дымбілмеспен дос болмайды?
Балалар: Ол ұрады, мазақ етеді, жаман сөздер айтады.
Тәрбиеші: Дұрыс. Жаман қылық үшін достар алыстайды. Ал сен жаңа келгенде амандасқан жоқсың ғой.
Дымбілмес: Мен амандасуды білмеймін. Маған оны ешкім үйретпеді.
Тәрбиеші: Достық амандасудан басталады. Қане, Дымбілместі үйретейік.
3) Ойын: «Сәлемдесу»
Балалар 2–3 жұп болып, бір-біріне қарап әр елдің, әр халықтың амандасу үлгілерін көрсетеді.
Рахым: Ассалаумағалейкүм.
Ердәулет: Әлекүмассалам.
Зарина: Здравствуйте.
Назира: Здравствуйте.
Ерасыл: Жүрек тұсына қолын қойып, иіледі.
Тәрбиеші балаларды мадақтап, танысу үлгісін көрсетеді:
Тәрбиеші: Менің атым Арина. Сәлем!
Бала: Сәлем! Менің атым Гүлназ.
Дымбілмес: Қандай керемет! Мен сендерден танысуды да, дос болуды да үйрендім. Рахмет!
4) Сергіту сәті: «Шаңырақ»
Көтеріліп шаңырақ,
Уықтары шаншылар.
Керегелер керіліп,
Өрімдей боп өрілер.
Бәріміз жүрсек айналып,
Киіз үй боп көрінер.
5) Жұмбақтар арқылы «сиқырлы сөзді» табу
Үстелде сурет жапсырылған кірпіштер жатыр. Әр кірпіштің ішінде әріп жасырылған. Жұмбақты дұрыс шешкен сайын бір әріп ашылады.
Жұмбақ: Сол аяқпен – оң аяқ, кезек оны тебеді. Ол тынымсыз домалап, зыр жүгіре береді.
Жауабы: Доп → Д
Жұмбақ: Әжем көрпе тігеді, бетіне өрнек салады.
Жауабы: Ою → О
Жұмбақ: Сырт-сырт етеді, уақыт өтеді.
Жауабы: Сағат → С
Жұмбақ: Ақ көйлекті көк желек, орманда орны бір бөлек.
Жауабы: Тал → Т
Жұмбақ: Кесе, шыны, пияла — онсыз шай құямыз ба? Қасықсыз тамақ ішпейміз — оның бәрін не дейміз?
Жауабы: Ыдыстар → Ы
Жұмбақ: Іші жұмсақ, сырты қатты, еті қызыл, сөлі тәтті.
Жауабы: Қарбыз → Қ
Ашылған әріптерден шыққан «сиқырлы сөз»:
Д О С Т Ы Қ
Сұрақ
Достық дегеніміз не?
Сұрақ
Сенің досың кім?
Сұрақ
Сен кіммен дос болғың келеді?
6) Сахналау: «Адал дос»
Өткен сабақта тыңдалған «Адал дос» әңгімесін балалар сахналайды. Көрініс соңында тәрбиеші нағыз достықтың үлгісін қорытындылайды.
7) «Сиқырлы хат»: тақпақтар мен мақал-мәтелдер
Сиқырлы хат
Хат ішінде достыққа қатысты сұрақтар және жылы сөздер бар.
1-сұрақ: Достық туралы тақпақтар
Зарина
Дос дегенің — өмірдегі тірегің,
Дос дегенің — кеудедегі жүрегің.
Егер досың адал ниет жан болса,
Орындалар армандаған тілегің!
Ерасыл
Балдырған баламыз,
Досты көп табамыз.
Қашан да, қайда да,
Сенімді боламыз.
Алибек
Балдырған балалар,
Досты бағалар.
Есіңде сақта:
адал бол, шыншыл бол,
өтірік айтпа, сөзіңнен қайтпа.
2-сұрақ: Достық туралы мақал-мәтелдер
Назира
Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды.
Рахым
Жақсы дос — жанға серік, жаман дос — малға серік.
Ердәулет
Жолдасы бардың олжасы бар.
Салтанат
Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын.
8) Ойын: «Менің айтуым бойынша»
Ойын шарты: тәрбиеші бір баланы сипаттап айтады, ал балалар сол баланың кім екенін табады. Осылайша 2–3 баланың сипаттамасы беріледі.
9) «Айнаға қарашы» және шарға көңіл күйді бейнелеу
Балалар айнаға қарап:
- көңілсіз адамды көрсетеді;
- күліп, көңілді кейіпке енеді;
- ойланып отырған бейнені келтіреді.
Кейін балалар алдарындағы шарға өз көңіл күйін салады: сабақ ұнаса — көңілді, ұнамаса — көңілсіз адамның бейнесін.
Нұсқаулық
Шарды сол қолмен ұстап, оң қолмен маркер арқылы қатты баспай, ұқыпты сурет салыңдар. Тәрбиеші әр баланың қасына барып бағыт береді.
Соңында балалар салған бейнелері туралы айтады: «күліп тұр», «көңілді», «ашулы» және т.б.
10) Тілектер шеңбері және сыйлық
Балалар шарларын жоғары көтеріп, күн шуағының айналасына тұрып, бір-біріне тілек айтады:
Денің сау болсын!
Әрдайым күліп жүрейік!
Әрқашан күн сөнбесін!
Елімізде тыныштық болсын!
Досымыз көп болсын!
Сабақтан алған жақсы көңіл күймен балалар шарларын қонақтарға сыйлайды (ән әуенімен ата-аналарға, тәрбиешілерге ұсынады).
Қорытынды
Сабақ қорытындысы: «Өзің жақсы болсаң, досың да көп болады». «Жолдасы көптің олжасы көп» деген нақыл да осы ойды дәлелдейді. Ендеше, бәріміз дос болып, қуанышымызды бірге бөлісейік.
Балалар келген қонақтармен қоштасады.