Сау бол балақай

Сабақтың мақсаты

Бұл сабақтың мақсаты — балаларға уақытты бағдарлай білуді үйрету, күндіз бен түн туралы жалпы түсінік қалыптастыру. Табиғаттың тылсым құбылыстарын көз алдына елестете отырып, сезінуге баулу және қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.

Алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып бекіту, ойын арқылы қызығушылықтарын арттыру көзделеді.

Сабақтың басталуы: жылы амандасу

Тәрбиеші:

Балалар, орнымыздан тұрып, бір-бірімізге алақан жылуымызды берейік. Бір-бірімізге мейірлене қарап, жылы көңіл сыйлайық.

Сұрақ: Балалар, біз неге ұқсаймыз?

Жауап: Күнге ұқсаймыз.

Дұрыс айтасыңдар. Сендерді жарқырап шыққан күнге ұқсатып тұрмын.

Жақсы тілектер

  • 1-бала: Мен сендерге зор денсаулық тілеймін.
  • 2-бала: Мен сендерге шат күлкі тілеймін.
  • 3-бала: Ашық аспан тілеймін.
  • 4-бала: Анамыз бен әкеміз аман болсын.

Т.б. тілектер жалғасады.

Күтпеген жағдай: Шынашақ көмек сұрайды

Бір сәтте есік қағылып, Шынашақ балақай жылап кіріп келеді.

Шынашақ: Мен уақытты білмеген соң адасып қалдым. Маған көмектесіңдерші.

Біз бүгінгі сабағымызды уақытты бағдарлауға арнаймыз. Шынашаққа көмектесіп, күндіз бен түнді ажыратуды бірге үйренейік.

Күн тәртібі: күндіз не істейміз?

Сұрақ-жауап

Сұрақ: Балалар, таңертең ұйқыдан тұрған соң не істейміз?

(Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Суреттермен жұмыс

Суреттерге қарап, балалардың не істеп жатқанын атаймыз:

  1. 1 Жаттығу жасап жатыр.
  2. 2 Жуынып жатыр.
  3. 3 Ас ішіп жатыр.
  4. 4 Сабақ оқып жатыр.
  5. 5 Серуендеп жүр.
  6. 6 Ойнап жүр.

Ал түн болғанда ше?

Сұрақ: Айнала қараңғы болса, біз не істейміз?

(Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Қорытынды: түн болғанда ұйықтаймыз.

Практикалық жұмыс: күндіз және түнде

Балалар, алдарыңда конверт бар. Конвертті ашып, ішіндегі суреттерді екі топқа бөліп орналастырамыз:

  • Күндіз жасалатын жұмыстар
  • Түнде жасалатын жұмыстар

(Балалардың жұмысы орындалады. Дайын жұмыстар талқыланады.)

Тапсырма: Менің бір қолымда күннің бейнесі, екінші қолымда түннің бейнесі бар. Оларды қалай орналастырар едіңдер?

(Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Сергіту сәті

Өлең

Таң әлі атқан жоқ,

Маңай бәрі қараңғы.

Әтеш ерте оянып,

Жан-жағына қарады.

Шынықтырып денесін,

Қанаттарын қағады.

«Ку-ка-ри-ку!» — тұр-тұрлап,

Оятады баланы.

Қозғалысқа нұсқау

Өлең жолдарына сай қимыл-қозғалыс жасап, бой сергітеміз.

Бекіту: «Күн мен түн» ойыны

Бүгін біз немен таныстық? (Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Ойын шарты

  • «Күн» дегенде — жеңіл, шапшаң қимыл жасаймыз.
  • «Түн» дегенде — баяу қимыл жасаймыз.

Бүгінгі сабаққа бәрің белсенді қатыстыңдар. Жарайсыңдар!

Қорытынды: Шынашақтың алғысы

Шынашақ: Балалар, сендерге рақмет! Мен енді уақытты бағдарлап, күндіз бен түнді ажырата алатын болдым. Енді қайтайын, атам мен әжем мені іздеп қалған шығар. Сау болыңдар!

Балалар Шынашақпен қоштасып, сабақтан алған әсерлерін бөліседі: «Сау бол, балақай!»