Денсаулық тобының ұраны
Денсаулық — зор байлық
Мақсаты: жас жеткіншектердің санасына ішімдік, темекі, есірткінің адам өміріне зиянын түсіндіру, олардан аулақ болудың жолдарын мысалдар арқылы дәлелдеп көрсету.
Барысы: ұйымдастыру, психологиялық дайындық, топтық жұмыс және пікір алмасу.
Психологиялық дайындық
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым —
Арайлап атқан күнге!
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Адамның денсаулығы — қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығын нығайтудың жолдарын ойластырып, күнделікті өмірінде соны ұстануы керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыздың «Дені саудың — жаны сау» деп айтуы да бекер емес.
Отанымыздың келешегі мен көркеюі, балалар, сендердің қолдарыңда. Сондықтан сендердің таңдауларың — салауатты өмір салтын сақтау. Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі. Салауаттылық — саулық кепілі, ал саулық — байлық негізі.
Есірткі мен нашақорлық — адамды жұтатын аждаһа екенін бір сәт те естен шығармайық. Өміріміз — өз қолымызда. Бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты.
Қараңғы үйге кіріп, шам жақсаң — үй жарық болады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрінсе — көз бірден соған түседі. Ендеше, өмірімізді нұрландыратын, жан-жағымызға сәуле шашатын ең басты байлық қандай?
Оқушылар: Денсаулық.
Жұмбақтар: тазалық — денсаулықтың бастауы
Жұмбақ 1
Дымқылдап күнде сен,
Қолыңды сүйкесең,
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың.
Жауабы: сабын
Жұмбақ 2
Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сүртеді қолын да,
Сүртеді жонын да.
Жауабы: сүлгі
Жұмбақ 3
Аузы жоқ, көзі жоқ,
Тілі жоқ, сөзі жоқ.
Бірақ та тісі жоқ,
Басыңмен ісі бар.
Жауабы: тарақ
Жұмбақтардың шешуі — тазалыққа арналған заттар. Тазалық бар жерде — денсаулық бар. Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы: «Денсаулық — зор байлық».
Топтық жұмыс: таныстыру және ұран
І топ
«Шымыр»
Ұраны: «Шынықсаң — шымыр боларсың!»
ІІ топ
«Денсаулық»
Ұраны: «Денсаулық — зор байлық!»
ІІІ топ
«Сымбат»
Ұраны: «Сымбатты болу — өз қолыңда!»
Әр топ өз ұстанымын қорғайды: топ басшысы негізгі ойды жеткізеді, топ мүшелері қолдау көрсетеді.
Оқушылар пікірі
Бейбарыс
Денсаулық — зор байлық. Денсаулық болса, бәрі де болады. Дені сау адамның көңілі шат, өмірі бақытты.
Дильяра
Жан — адамның ішкі дүниесі, ішкі жаратылысы. Сондықтан дені саудың — жаны да сау.
Тапсырма: әр топ денсаулық туралы ой бөлісіп, ортақ тұжырым жасайды. Уақыт аяқталған соң, әр топтан бір оқушы шығып қорғайды.
Топтардың қорытынды ойлары
І топ — «Шымыр»
Денсаулық — ол шыныққан
Барлық дене мүшесі.
Денсаулық — ол тыныққан
Жүйке тамыр жүйесі.
Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
ІІ топ — «Денсаулық»
Қара айнаға, көресің
Өзіңді — адам денесін.
Қол-аяғың, басың бар,
Бұған кеуде қосылар —
Құрылысың бұл сыртқы.
Көрінбейді жүрегің,
Өкпе, миың, бүйрегің —
Құрылысың бұл ішкі.
ІІІ топ — «Сымбат»
Сымбат — мүсін дегенің,
Бітім-көркі денеңнің.
Сымбат — жүру әдемі:
Дене қалпын тік ұстап,
Көтеріп сәл кеудені,
Иық жазып дұрыстап.
Түзу отыр, қисаймай,
Бүкіреймей, жантаймай.
Күш сап бас пен арқаға,
Жатып алма партаға.