Ыбырай Алтынсарин Қазақ хрестоматиясы. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару
Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы
Бұл жоспар 9-сынып оқушыларына арналған қазақ әдебиеті сабағында Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде таныстыруға бағытталған.
а) Білімдік мақсат
Ақын шығармалары туралы мәлімет бере отырып, білімді жүйелеу, жинақтау және шығармашылық тапсырмалар арқылы Шортанбайды жан-жақты таныту.
ә) Тәрбиелік мақсат
Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, асыл қасиеттерге тәрбиелеу.
б) Дамытушылық мақсат
Мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыру, ой-өрісін, ойлау қабілетін және шығармашылық ізденісін дамыту.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Оқу құралдарын тексеру, сыныптың тазалығына назар аудару.
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.
Үй тапсырмасын пысықтау
Үйге берілген тапсырма сұралады. Өткен тақырып бойынша бірнеше сұрақ қойылып, оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Жаңа сабақты түсіндіру
Ресейдің ел билеу жүйесін өз кезеңінде қатты сынаған ақындардың бірі — Шортанбай Қанайұлы. Ол 1818 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданындағы Қаратау–Қарназ өңірінде дүниеге келген.
XIX ғасырдың орта шенінде Шортанбай Сарыарқаға келіп, Қарқаралы дуанына қарасты Арғын руынан тараған Қаракесек Кеней ішінде өмірінің соңғы жылдарын өткізеді. Алғашында Жамантай төренің, кейін Жанғұтты бидің қолында болып, сол жақта қайтыс болған.
Тарихи кезеңнің сипаты
- XIX ғасырдың екінші жартысында феодализм іргесі ыдырай бастады.
- 1861 жылғы крепостнойлық құқықты жою туралы заңның ықпалы Сарыарқаға да жетті.
- 1868 жылы «Жаңа низам» заңы қабылданып, қазақ елін басқару жүйесіне өзгеріс енді.
«Жаңа низамнан» кейін бұрынғы хан-төрелердің үстемдігі әлсіреп, қазақтың өз ішінен шыққан саудагерлер мен байлардың ықпалы күшейе түсті. Сарыарқада сауда-саттық кең жайылып, мал-мүлік базарға түсті, жәрмеңкелер жанданды. Нарықтық қатынастардың белгісі ретінде ақша құны алдыңғы орынға шықты — капитализм элементтері қазақ даласына да ене бастады.
Феодалдық дәуірдің салтын көріп өскен Шортанбай сияқты ақындар хандық заманның өтіп бара жатқанын сезіп, жаңадан орнығып келе жатқан капиталистік қарым-қатынасты жатсынды. Ақынның «Бір насихат айтайын» өлеңіндегі ой осы көңіл күйді айқын көрсетеді:
Әуелі қорлар зор болды,
Сондағы зорлар қор болды.
Қайыры жоқ бай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Ақын қазақ ауылының тұрмысына дендеп енген сауда-саттыққа секем алып, көпшіліктің жанталаса саудаға араласқанын көріп қамығады.
Кітаппен жұмыс
Шортанбай Қанайұлының өлеңдері мәнерлеп, нақышына келтіріп оқылады.
Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша бірнеше сұрақ қойылады. Түсінбеген сұрақтарға түсініктеме беріліп, жауаптары толықтырылады.
Білімді бағалау
Оқушылардың жауаптарына және сабаққа белсенді қатысуына қарай білім деңгейі бағаланады.
Үй тапсырмасы
- Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармаларын оқып келу.
- Мәтіннің толық нұсқасымен танысу.