Адалдық пен әділдік

Сабақ тақырыбы: Адалдық пен әділдік

Бұл сабақ «Өзін-өзі тану» пәні аясында оқушылардың бойындағы адалдық пен әділдік құндылықтарын терең түсіндіріп, оларды күнделікті өмірде қолдануға бағыттайды.

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Әдіс-тәсілдер

Түсіндірмелі-иллюстративті, практикалық

Жабдықтар

Интерактивті тақта, слайдтар, оқулықтар

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, информатика

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Оқушыларға адам бойындағы адалдық пен әділдік сезімдерінің мәнін ұғындырып, оларды мінез-құлық пен қарым-қатынас мәдениетіне айналдыру.

Білімділік

  • Адалдық пен әділдіктің адамгершіліктің жоғары этикалық нормалары екенін дәлелдей білу.
  • Татулық пен достықтың өмірдегі маңызын түсіндіру.

Дамытушылық

  • Ар-намыс тазалығы мен сезім шынайылығын мақал-мәтелдер арқылы талқылау.
  • Өзіндік ой-пікір білдіру арқылы шығармашылыққа баулу.
  • Өзара адал қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

  • Өмірдегі әділдік пен адалдықтың орнын түсінуге бағытталған ой-өрісті кеңейту.
  • Көркем шығармада және күнделікті ортада достық қатынасты бағалай білуге үйрету.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

2 минут

Мұғалім оқушылардың көңіл күйіне назар аударып, амандасады және сыныпты «шаттық шеңберіне» шақырады. Сабақтың мақсаты мен міндеттері таныстырылады.

«Шаттық шеңбері» — Д. Әлімжановтың «Адалдық» өлеңі

Адалдық — өміріңе керек нәрсе,

Ол да гүлдеп нұрланар көңіл бөлсе.

Халыққа өз пайдасын тигізе алмай,

Адам боп, өзін-өзі меңгермесе.

II. Жаңа білімді меңгерту

10 минут

Мұғалім тақтаға «адалдық» және «әділдік» сөздерін іліп, олардың мәнін ашуға бағытталған әңгімелесу ұйымдастырады. Оқушылар өз тұжырымдарын айтып, құндылықтардың өмірдегі рөлін талқылайды. «Әділдік» тақырыбы бойынша әр оқушы қысқаша ойларын жазып шығады.

Әңгімелесу сұрақтары

  • Адал дос дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Әділ болуға ұмтылу адамға не үшін қажет?
  • Адал болу кез келген адамның қолынан келе ме? Неліктен?

Бейнематериал

Тақырыпты бекіту үшін қысқа видеоролик көрсетіледі. (3 минут)

III. Оқулықпен жұмыс

7 минут

«Адал бала» (корей ертегісі) мәтіні оқылып, мазмұны талданады. Оқушылар кейіпкер әрекетін бағалап, адалдық ұғымын нақты өмірлік жағдайлармен байланыстырады.

Ой бөлісейік

  • Бала неліктен алтын және күміс балталардан бас тартты?
  • Егер оларды бірден алса, қандай жағдай болуы мүмкін еді?
  • Баланың ісін адал деп айтуға бола ма? Неліктен?

Тренинг

Оқушылар шеңберге тұрады. Мұғалім дұрыс әрекеттерді айтқанда оқушылар қолдарын үш рет шапалақтайды, ал дұрыс емес әрекеттерді айтқанда бір рет шапалақтайды. (3 минут)

IV. Дәйексөзбен жұмыс

4 минут

«Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді.»

«Алдау — зұлымдық, алдану — ақымақтық.»

«Әділ сөйлеп, адал жүр.»

V. Жағдаяттарды талдау

5 минут

1-жағдаят

Ажар мен Алмагүл сабақтан қайтып келе жатып, жарнамадан жаңа фильмнің басталғанын көреді. Ажар: «Қалтамда әжем “самса алып жерсің” деп берген ақша бар. Кеттік, кино көрейік», — дейді. Алмагүл: «Үйден сұранып шыққан жоқпыз, іздеп қалады ғой», — деп іркіліп қалады. Ажар: «Ештеңе етпес, “мектепте болдық” деп айта саламыз», — деп көндіруге тырысады.

Сұрақ:

Ажардың ұсынысына сен қалай жауап берер едің?

2-жағдаят

Бір оқушының ең жақын досы мектепте басқа балаға жақын болып, кешке серуенге бірге шығуға шақырады. Ол: «Анам сенің менімен жүргеніңді білсе, қарсы болмайды», — дейді. Досының ата-анасы ұрыспауы үшін оқушы бірнеше рет телефон арқылы оларға өтірік айтып көмектескен. Бұрын бұған аса мән бермесе, қазір өзін пайдаланып жүргенін сезеді әрі күнде өтірік айтқысы келмейді. Бірақ досынан айырылғысы да келмейді.

Сұрақ:

Бұл жағдайдағы балаға сен қандай кеңес берер едің?

Рефлексия

2 минут
  • Сабақтан нені түсіндік?
  • Несі ұнады?
  • Қандай әсер алдыңдар?

«Жүректен жүрекке» қорытынды кезеңі

2 минут

Негізгі ой

Адалдық — адам мінезіндегі ең бағалы қасиеттердің бірі. Ол — таза ниетке негізделген, ар-ұжданға қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы.

Ұлы Абай адал еңбек туралы: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», — деп айтқан.

Адамгершілік қасиеттер ұжымдық ортада алған тәрбиемен, біліммен және адал еңбектенумен қалыптасып, жеке тұлғаның моральдық бейнесін айқындайды.

Тапсырма

Оқушылар шеңбер құрып, бір-біріне жүрекжарды тілектерін айтады. Кейін тілектерін тақтаға жазып, сыныптың ортақ құндылықтар картасын қалыптастырады.