Шыңғыс қандай бала
Өзін-өзі тану • 8-сынып • Сабақ жоспары
Елім деп соғар жүрегім
Құндылық
Сүйіспеншілік
Қасиеттер
- Мейірімділік
- Жақсы көру
- Құрметтеу
Ресурстар
- Стикерлер
- Плакаттар
- Түрлі түсті қаламдар
- Қазақстан картасы
Сабақтың мақсаты
«Отан», «ел» ұғымдарының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру; оқушыларды отанына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Міндеттері
- Отанға, туған жерге деген махаббаттың мәнін түсіндіру.
- Отанның жарқын болашағына деген сенімді қалыптастыру.
- Еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Топқа бөлу
- Қазақстан
- Бірлік
- Достық
- Тыныштық
Тәртіп ережесі (5Т)
- Тәртіп
- Талап
- Тыныштық
- Тазалық
- Татулық
2) Тыныштық сәті (релаксация)
Бәріміз денемізді бос ұстап, еркін отырайық. Тынышталып, көзімізді жұмамыз. Мен кең байтақ, тәуелсіз Қазақстан жерінде тұрамын. Менің жүрегім елім деп соғады. Мен — патриотпын! Мен елімді, жерімді, ұлтымды сүйемін! Мен отанымды, отбасымды сүйемін! Мен тілімді, дінімді сүйемін! Мен Қазақстан Республикасының Туын, Гимнін, Елтаңбасын құрметтеймін. Мен үшін аса қымбат осы құндылықтарға деген махаббатымды мақтанышпен айта аламын және оны іспен дәлелдей аламын. Мен өзімді шын патриот санаймын. Мен патриотпын.
Осы махаббат пен тыныштық күйін жүрегімізге орнықтырайық. Енді ақырын көзімізді ашамыз. Рақмет.
Ескерту: «Мой нұр» әуені жаймен ойнап тұрады. Толық тыныштықта баланың жүрек соғу ырғағы мен тыныс алуы реттеліп, денесі жеңілденеді; ойы жинақталып, ішкі «Менін» түсінуге көмектеседі.
3) Үй тапсырмасын тексеру
«Елім деп соғар жүрегім!» тақырыбында жазылған шығармаларды тыңдау және талқылау.
4) Дәйексөз
«Алтын анам, Отаным! Сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ.»
Мұғалім оқушыларды нақыл сөзбен таныстырып, оның мағынасын қалай түсінетіндерін сұрайды.
5) Оқиғаларды әңгімелеу және сұхбат
Талқылау сұрақтары
- Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті қалай білдіресіңдер?
- Елің мен жерің үшін жасалған әрекеттерді азаматтық ерлікке жатқызуға бола ма?
Бүгінгі «Елім деп соғар жүрегім…» сабағында біз Отанды, елімізді, туған жерімізді сүйе білудің маңызын ұғындық. «Туған жер», «ел», «Отан» — баға жетпес құндылықтар. Әрқайсымыз ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерді — ежелгі қоныс, ата мекенді — қадірлеп, қастерлеп, бағалай білуге тиіспіз. Себебі туған жер — қасиетті, құдіретті.
Мәтінмен жұмыс: «Елге деген махаббат»
- Елге, жерге деген махаббатты немен түсіндірер едіңдер?
- Өздерің елге деген махаббаттарыңды қалай білдіресіңдер?
Мұғалімнің түйіні
Туған жер, атамекен — әр адамның тағдыры. Одан алғаныңды жүрегіңе құя білу маңызды. Туған жерді сүю — өз еліңе байланып қалу ғана емес: жер шарының қай түкпірінде жүрсең де туған жер мен Отан — біреу. Өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтыра алмайды.
6) Шығармашылық іс-әрекет (топтық жұмыс)
«Қазақстан» тобы
Қазақстан картасын құрастырып, тілек жазып, постерді қорғайды.
«Бірлік» тобы
«Егер әкім болсаңдар, елдің гүлденуі үшін не істер едіңдер?» тақырыбында постер жасап қорғайды.
«Достық» тобы
Елдегі әділетсіздікті азайту, елді дамыту туралы ұсыныстарын постер арқылы ұсынады.
«Сиқырлы кәмпит» ойыны (жағдаяттар)
1) Шыңғыс пен Нұрбол
Шыңғыс әркез азаматтық белсенділік танытып, көмектесуге дайын жүреді. Ал оның бұл әрекеті жолдасы Нұрболға ұнамайды.
- Шыңғыс қандай бала?
- Нұрболға қандай кеңес берер едіңдер?
2) Олжастың немқұрайдылығы
Олжас сыныптағы барлық жағдайға жайбарақат, немқұрайды қарайды. Айналасында не болып жатқанына мән бермей, көрсе де көрмегендей, үндемей тұра береді.
- Олжастың немқұрайдылығының себебі неде деп ойлайсыңдар?
- Олжастың бойында қандай құндылықтар мен жақсы қасиеттер болғанын қалар едіңдер?
3) «Біреу жасайды» деген үміт
Сынып үшін маңызды іс жасау керек болды. Бірақ балалар бірден кіріспеді: әркім «біреу істейді» деп күтті. Нәтижесінде жұмыс орындалмай қалды, бәрі бір-біріне ренжіді, соңында белгісіз біреуді кінәлады.
- Осы жағдаяттан қандай қорытынды шығаруға болады?
«Дария» жаттығуы
Үлкен дарияны құрау үшін тамшы пішіндеріне патриот адамның қандай қасиеттері болуы керек екенін жазыңдар. Әр оқушы өз «тамшысын» тақтадағы ақ қағазға кезекпен іледі.
Тамшылар бірігіп үлкен дарияға айналғандай, әр адам өз елінің гүлденуіне үлес қосса, қоғамда бейбітшілік нығайып, адамдар бақытты өмір сүреді.
7) Үй тапсырмасы
«Елім менің — Қазақстан» тақырыбында өлең жолдарын құрастыру.
8) Топпен ән айту
«Атамекен»
Сөзі: Қ. Мырзалиев • Әні: Е. Хасанғалиев
9) Сабақтың соңғы тыныштық сәті
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін бос ұстап, басын тік, көзін жұмып отырады. Мұғалім жай дауыспен:
«Бүгінгі сабағымызды еске түсірейік. Жақсыны естіп, жақсыны айтып, бәріміздің көңіл күйіміз көтерілді. Ісіміз де, сөзіміз де, ойымыздай болатынына сенемін. Сабақта көрініс тапқан жақсы қасиеттер жүрегімізде сақталып, іс жүзінде жүзеге ассын. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Осы тыныштықта сәл отыра тұрайық… Енді жайлап көздеріңді ашуға болады.»
Әдістемелік ескерту: жаттығу барысында мұғалім оқушылардың дене қалпына, тыныс алуына және бұлшық еттерін бос ұстай білуіне назар аударуы тиіс. Сабақ осы қорытындымен аяқталады.