Оқушыларды бутерброд түрлерімен таныстыру
Сабақтың тақырыбы: Бутербродтар
Бұл сабақта бутербродтардың маңызы, түрлері және оларды дайындаудың негізгі жолдары қарастырылады. Оқушылар бутербродты қандай азық-түліктерден жасауға болатынын, оны дастарқанға қалай ұсыну керектігін және тағам дайындаудағы тазалық пен ұқыптылықтың рөлін түсінеді.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Нан тағамдарының құнарлылығы мен дайындалу ерекшеліктері туралы түсінік беру. Оқушыларды бутерброд түрлерімен таныстыру.
Дамытушылық
Технология сабақтарынан алған білімді күнделікті дағдылармен байланыстырып, шеберлік, іскерлік және ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
Тазалыққа, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа, сабырлылыққа және эстетикалық талғамға тәрбиелеу; әсемдіктің қадірін түсінуге баулу.
Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер
Сабақтың форматы
- Сайыс сабақ
- Топтық жұмыс
- Жаңа тақырыпты меңгерту
Көрнекіліктер
- Плакаттар мен суреттер
- Бутерброд түрлерінің үлгілері
- Қауіпсіздік ережелері (ҚЕ) бойынша плакаттар
- Шай дастарқанына арналған ыдыс-аяқ
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру. Оқушылар бүгін бутербродтардың түрлерімен және дайындалу жолдарымен танысады, сондай-ақ оларды дастарқанға қалай ұсынуға болатынын үйренеді.
Көңіл күйді анықтау тапсырмасы
Оқушылар өз көңіл күйіне сәйкес түсті шеңберді көтереді:
- Сары — жайбарақаттық
- Қызыл — белсенділік
- Көк — бәрібір
- Қара — нашар
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Менің сүйікті тағамым» ойыны арқылы сұрақтарға жауап беру. Интерактивті тақтадан оқушы өзіне ұнаған тағамды таңдап, оның артындағы сұраққа жауап береді.
III. Жаңа сабақ
Тақырыпқа кіріспе: «Бутерброд деген не? Оны қандай азық-түлік түрлерінен дайындауға болады? Қандай түрлерін білесіңдер?» деген сұрақтар арқылы талқылау ұйымдастырылады.
Нанның қадірі
Адамдар нанды барлық жерде және әр уақытта қастерлеген. Дастарқандағы нан — ауқаттылықтың, жетістіктің және бейбіт өмір тұрақтылығының белгісі. Нанның бір түйірін де ысырап етпеу — үлкен өнегелік мәнге ие.
Нан және тоқаш өнімдері — маңызды тағамдар. Олардың құрамында ақуыз, көмірсу, дәрумендер және минералды заттар болады.
Ө. Тұрманжановтың өлең жолдары
Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
Бутербродтар туралы қысқаша
Бутербродтар салқын тағамдарға жатады. Олар мәзірді түрлендіріп, дастарқанды көркемдеп, тәбетті ашады. Бутербродты таңғы, түскі және кешкі асқа жылдам дайындауға болады.
Оларды жеке тағам ретінде де, сорпаның қасына да, шаймен немесе кофемен де ұсынуға ыңғайлы. Сондай-ақ ыстық тағамсыз дастарқанға басытқы ретінде, жеңіл той-томалақта, серуенде немесе жолға алып шығуға болады.
Қоспасына қарай түрлері
- Еттен жасалған
- Балықтан жасалған
- Сүт өнімдерінен жасалған
- Көкөністен жасалған
- Жемістен жасалған
Азық-түлік үйлесімі: еттен жасалған бутербродтар
1-нұсқа
Май, шұжық, піскен ет, піскен тіл.
2-нұсқа
Піскен ет, қияр, қызанақ, көк шөп (қышамен араластырмай).
Келесі сабақтарда бутерброд жасаудың технологиялық реттілігі, қауіпсіздік ережелері және дастарқанға көркем ұсыну тәсілдері тәжірибелік жұмыс арқылы бекітіледі.