Айқындауыш мүше

Сабақтың тақырыбы

Сөйлемнің айқындауыш мүшелері

Сабақтың мақсаты

Сөйлемнің айқындауыш мүшелері туралы лингвистикалық тұрғыдан жаңа мәлімет беру және олардың сөйлемде белгілі бір тыныс белгілері арқылы ажыратылатынын түсіндіру.

Сабақтың типі мен түрі

Типі
Жаңа білімді меңгерту
Түрі
Интеграциялық сабақ
Пәнаралық байланыс
Орыс тілі, әдебиет

Әдіс-тәсілдер мен ресурстар

  • Түсіндіру, ішінара зерттеу, байқау
  • Репродуктивті, эвристикалық әдістер
  • Деңгейлеп оқыту
  • Көрнекілік: кесте, слайд, таратпалар, бағалау парақшалары, деңгейлік тапсырмалар

Пайдаланылған қосымша әдебиеттер

  • Ибрагимов Қ. Қазақ тілі.
  • Бектұров Ш. К. Қазақ тілі.
  • Әдістемелік нұсқаулық.
  • Қазақ тілі мен әдебиеті журналы, №5, 2013.

Сабақтың міндеттері

1) Білімділік

Айқындауыш мүшелер туралы ғылыми-теориялық түсінік беру; түрлерін, тыныс белгілерін меңгерту; алған білімді тәжірибемен ұштастыру.

2) Дамытушылық

Сыни және логикалық ойлауды жетілдіру, өз пікірін дәлелдеуге дағдыландыру, байланыстыра сөйлеу дағдысын дамыту; есте сақтау қабілеті мен көркем жазу сауаттылығын арттыру.

3) Тәрбиелік

Жаттығулардың тәрбиелік мәнін ашу, ұжымдағы ауызбіршілікті нығайту, ізгі қарым-қатынас негізінде тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Оқушылармен амандасу.
  • Кезекші арқылы сынып оқушыларын түгендеу.
  • Оқушы назарын сабаққа бағыттау.

2) Өткен тақырыпты пысықтау

«Олжалы бестік» ойыны: 5 сөз дайындалады; әр сөздің артына сұрақ жасырылады, ал бір сөздің артына тек «5» бағасы қойылады.

Мықты болсаң, тауып көр:

Сөйлем мүшесі деген не? Сөйлем мүшелерін ата.

Жүйрік болсаң, шауып көр:

Пысықтауыш деген не? Мысал келтір.

Алғыр болсаң, алып көр:

Анықтауыш қандай мүше?

Тапқыр болсаң, тауып көр:

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері дегенді қалай түсінесің?

Ойлы болсаң, озып көр:

Толықтауыш деген не? Оның түрлерін ата.

Зерек болсаң, айтып көр:

М. Мақатаевтың бір өлеңін жатқа айтсаң, «5» аласың.

3) Сабақтың мақсатын қою

  • Күн ретін және сабақ тақырыбын тақтаға жазу.
  • Сабақтың күтілетін нәтижесін оқушылармен бірге нақтылау.

4) Жаңа сабақты түсіндіру

Проблемалық сұрақтар (тақтамен жұмыс):

  • Берілген сөйлемде белгілі бір сөйлем мүшесінің мағынасын тереңірек ашып тұрған сөздер бар ма?
  • Олар қай сөздің мағынасын нақтылап, түсіндіріп тұр?

Төреқұл өзінің ежелгі жұртында, Ұзынбұлақтың басында, отыр екен.

Жаназаға, Бөжейдің жаназасына, шақырылмаған Зере мен Ұлжан өлердей күйіп, өзгеше шерлі болып қалған еді.

Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл Орта жүзді асыл саз, әсем үнімен ұйытқан Біржан сал.

Тұжырым

Сөйлемде белгілі бір мүшені заттық мағына жағынан басқа сөзбен түсіндіріп, нақтылап көрсететін сөз немесе сөздер тобын айқындауыш мүше деп атаймыз.

Айқындауыш мүше мағынасына қарай екіге бөлінеді: оңашаланған және қосарлы.

Айқындауыш пен анықтауыштың айырмасы

  • Анықтауыш анықтайтын сөзінің алдында тұрып, оның сын-сапасын білдіреді.

  • Айқындауыш айқындайтын сөзінен кейін келіп, оның лексикалық мағынасын толықтырып, нақтылайды.

Айқындауыш мүшенің түрлері

Оңашаланған айқындауыш

Өзінен бұрын тұрған сөзді айқындап, дәлелдеп, түсіндіріп тұратын бір немесе бірнеше сөздер тобы. Өзі айқындайтын мүшесімен қызметтес, тұлғалас болып келеді.

Омардың үлкен ұлының, Асанның, елге жасаған жақсылығы өте көп.

Қосарлы айқындауыш

Айқындайтын мүшесіне қосалқы атау болады. Кейбір түрлері қос сөздер сияқты дефис арқылы бөлінеді.

Әнші Күләш, Біржан сал, Ақан сері, инженер Ахмет, Әмина ханым, Серік мырза, панфиловшы-ұландар.

Айқындауыш мүшенің тыныс белгілері

Ереже Мысал
1 Оңашаланған айқындауыштың екі жағынан үтір қойылады. Долы далада, қатуланған суық жүзді өгей далада, бұлар тағы да ұзақ жортты.
2 Оңашаланған айқындауыштың екі жағынан немесе өзі анықтайтын мүшесімен арасына сызықша қойылады. 1928 жылы Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогика институты ашылды.
3 Айқындауыштар тізбегінде үтір бар болса, айқындауыштың екі жағынан сызықша қойылуы мүмкін. Өзі әнші, өзі сұлу Байтасқа екеуі де – бірі кәрі, бірі жас бала – қызғана да, тамашалай қараған еді. (М. Ә.)
4 Кейбір қосарлы айқындауыштар айқындайтын сөзінен дефис арқылы бөлінеді. Жер-ана, тұжырым-пікір, әнші-сазгер.

Қолдану тапсырмасы

Айқындауыш мүшеге өздерің мысал келтіріп көріңдер.

Айқындауыш мүше орыс тілінде

Анықтама (RU)

Уточняющими называют члены предложения, которые уточняют предшествующий член предложения и выполняют одинаковую с ним синтаксическую функцию. Уточняющий член конкретизирует или поясняет вещественное значение (в том числе значения места и времени).

Мы гуляли довольно долго, до самого вечера.

Тыныс белгілері (RU)

  • Уточняющие слова на письме выделяются запятыми.
  • При нескольких уточняющих однородных словах возможна постановка тире.
  • Иногда перед уточняющими членами используются слова: особенно, то есть, чаще всего, как будто.

Түсінгенін тексеру

I деңгей: оқулықпен жұмыс

  • 77-жаттығу (берілгені бойынша ауызша орындау).
  • 78-жаттығу: берілген қосарлы айқындауыштарды қатыстырып сөйлем құрау, синтаксистік талдау жасау.

Жеке оқушымен жұмыс (таратпа №1)

  1. Сөйлем айтылу мақсатына қарай нешеге бөлінеді? Әрқайсысына мысал келтір.
  2. Толықтауыш қандай мүше? Жасалу жолдарын баянда.
  3. Қарамен жазылған сөзге морфологиялық талдау жаса: Бағанадан бері жас жиын қайта-қайта алтыбақанға Керімбаланы мінгізіп, әнін тыңдап тұр еді. (М. Ә.)

Жеке оқушымен жұмыс (таратпа №2)

  1. Сөйлем мүшелері құрамына қарай неше түрге бөлінеді? Мысал келтір.
  2. Пысықтауыш және оның мағыналық түрлері.
  3. Қарамен жазылған сөзге морфологиялық талдау жаса: Екпіндеген бетімен, жолында тұрған Құрмашқа қарамастан, келе Көксеректі бүйір жағынан келіп арс етіп, қауып түсті. (М. Ә.)

II деңгей: мағынаны тану

Семантикалық картамен жұмыс: қажетті тыныс белгілерін қойып, дұрыс бағанға «+» белгісін қойыңдар.

Мысалдар:

  • Бірақ біздер жиырмасыншы ғасырдың азаматтары, көп ретте асылымызды байқамай өтер едік... (О. Бөкей)
  • Әйелді аттандырған бойы түрегеп тұрған Жалпақ балуан гүрс етіп құлап түсті. (Ғ. М.)
  • Ауыл әлі жайлауда, мына Ұзынбұлақтың басындағы Шұрықта отырған кезіміз.
  • Біраздан кейін үйге Мақсұттың тағы бір-екі жолдасы – Жұмағұл мен Ақтай – кірді. (М. Ә.)
  • Жер шіркін, Жер-ананың қадірін кім біледі?
  • Слова или несколько слов, которые служат для конкретизации или пояснения значений впередистоящих слов.

III деңгей: қолдану

а) Тыныс белгісін қойып, айқындауыш арқылы толықтыр

  • Біз, ауыл балалары, қыс болса ол кісінің отынын жарып беруге, жаз болса бұзауын айдап келуге таласып жүреміз. (Ғ. М.)
  • Абай бұл сырдың шет жағасын досына, Ерболға ғана, сездірді.
  • Құнанбайдың қасындағылар – Байсал, Қаратай, Сүйіндіктер – осы сөзге тоқтасты.
  • Мағаш пен Кәкітай бұл күндерде орысша кітаптарды, әсіресе жеңіл тілмен жазылған романдарды, көп оқитын. (М. Ә.)

Берілген сөйлемдерге сөйлем мүшелері бойынша талдау жаса.

ә) Орыс тіліндегі сөйлемдерді айқындауыш мүшесімен бірге қазақ тіліне аудар

  • В первых числах июня, в праздник, Даша встала рано. (А. Н. Толстой)
  • Он всеми силами души всегда желал одного — быть вполне хорошим. (Л. Толстой)
  • Поезд мчал его на юг, к морю, увозя от сырой, дождливой осени. (Н. Островский)

Білімді бекіту

IV деңгей: тест жұмысы

  1. Өзінен бұрын тұрған сөзді айқындап, дәлелдеп, түсіндіріп тұратын бір немесе бірнеше сөзді қандай мүше дейміз?

    A) Айқындауыш мүше    D) Қосарлы айқындауыш    B) Оңашаланған айқындауыш    E) Жалпылауыш мүше    C) Бірыңғай мүше

  2. Айқындауыштың неше түрі бар?

    A) 3    B) 2    C) 4    D) 5    E) 6

  3. Оңашаланған айқындауыш қандай сөйлем мүшесін айқындап тұр?

    Сіз маған өз халқыңызды, қазақ халқын, сүюді үйреттіңіз.

    A) Бастауыш    B) Анықтауыш    C) Толықтауыш    D) Баяндауыш    E) Пысықтауыш

  4. Қайсысының арасына дефис қойылады?

    A) Ақан сері    B) әнші Әлия    C) пәтер-мұражай    D) Нүркен мұғалім    E) Әлкен ақсақал

  5. Айқындауыш мүшенің белгісіне жатпайтынын табыңыз.

    A) Бір сөзді заттық мағына жағынан айқындайды.
    B) Айқындауыштың екі жағынан үтір қойылады.
    C) Айқындауыш мүше сөйлемде сызықшамен ажыратылады.
    D) Сөйлем мүшелерін айқындайды.
    E) Сөйлем мүшесі бола алмайды.

  6. Тыныс белгісі қате қойылған сөйлемді табыңыз.

    A) Бізге, жастарға үлкендер зор сенім артады.
    B) Төменде, таудың етегінде, сылдырап бұлақ ағып жатыр.
    C) Ұстазым ертең, ұстаздар күніне, газет шығаруды тапсырды.
    D) Әкем кешке Ахмет ұстаға жолығуға кетті.
    E) Жанат достарына – Манат, Сәуле, Болатқа – хабарласуды жөн көрді.

Бағалау, үй тапсырмасы, рефлексия

Білімді бағалау

Оқушыны оқу жетістігімен қатар психологиялық тұрғыдан да бағалау (ой өркендету, қиялын дамыту, есте сақтау қабілеті).

Оқушының аты-жөні Ой өркендету Қиялын дамыту Есте сақтау

Үй тапсырмасы

79-жаттығу (орындау жолына нұсқау беру).

Ұсыныс

Жаттығудағы айқындауыш мүшелерді тауып, түрін (оңашаланған/қосарлы) ажыратып, тыныс белгілерін түсіндір.

Рефлексия

  • Бүгінгі сабақ өздеріңе ұнады ма?
  • Сабақтан алған әсерлеріңді және көңіл күйіңді көңіл күйді білдіретін суреттер арқылы көрсетіңдер.