Тақтада дәйексөзді жазып қою

ОҚО, Кентау қаласы • Б. Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебі

«Өзін-өзі тану» пәні • магистр-оқытушы: Устемирова Батия Бектемірқызы

Тақырып
Ұқыпты бала – әдепті бала
Құндылық
Дұрыс әрекет
Қасиеттер
Ұқыптылық, ұстаздарды сыйлау, денсаулық пен тазалық, тілалғыш болу

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың ішкі жан дүниесінде жалқаулықты қадағалай білуге баулу, ұқыптылық, тазалық және шыдамдылықты құндылық ретінде түсіндіру.

Міндеттері

  • Білімділік: жалқаулықты бақылау, тілалғыш болу туралы түсінік беру.
  • Дамытушылық: ұстазды сыйлау және ұқыптылық қасиеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: денсаулықты сақтай отырып, тазалыққа тәрбиелеу.

Ресурстар

Ноутбук Электронды оқулық Смайликтер Стикерлер Үлестірме парақтар Үн таспасы / караоке

Сабақ барысы

1

Ұйымдастыру кезеңі • Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыздар. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмып, елестетіп көріңіз:

Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын, таза әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді шайып, жүрегіңіздің көзін ашады.

Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды, біртіндеп күшейеді. Ойша нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, игі істер істейді және баршаға көмектеседі.

Енді нұр аяқтарыңызға тарайды. Аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.

Нұр аузыңызға тарасын: тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздеріңізге де жетсін: көзіңіз тек жақсыға қарап, әр нәрседен жақсылықты көреді.

Басыңыз түгелдей нұрға бөленсін: санаңызға тек ізгі, сәулелі ойлар келеді. Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден тарап, жан-жағыңызға сәуле шашады.

Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз: олардың да жүрегі нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр жолдаңыз.

Ойша қайталаңыз:

«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын…»

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде бір сәт отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем жүрегіңізде. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады.

2

Үй тапсырмасын тексеру

Е. Өтетілеуовтің «Ұқыптылық» әңгімесін оқып келу.

  • Асыланның ұқыптылығын неден байқауға болады?
  • Жомарт неліктен қорыққа бармай қалды?
  • «Ұқыптының уақыты мол» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өз уақыттарыңды қалай пайдаланасыңдар?

Қосымша: табиғат аясындағы үн таспасы.

3

Дәйексөз

«Ұқыптының уақыты мол»

М. Әлімбаев

  • Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
  • Ұқыпты болу бәріңнің қолыңнан келе ме?
  • Ұқыпты оқушы қандай қасиеттерге ие?
  • Өз ісіңе қалай ұқыпты болуға болады?
  • Жұмыс кестесін құруға және алдын ала жоспарлауға бола ма?

Ескерту: дәйексөз тақтаға жазылып қойылады.

4

Әңгімелесу, сұхбат • «Мұғалім сыйы»

М. Жаманбалинов • «Бір аптада»

Бір аптаның күндері өтті,

Дүйсенбіде гүлдер ектім.

Сейсенбіде жуа тердім,

Сәрсенбіде су әкелдім.

Бейсенбіде бақша баптап,

Жұма күні тақпақ жаттап,

Сенбіде мен кино бардым,

Жексенбіде бір демалдым.

  • Бір аптада бұдан да көп шаруа бітіруге бола ма?
  • Аптаның күндеріне кесте құрған дұрыс па?
  • «Талаптан да ақыл мен өнер үйрен» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Еңбекқорлық пен жалқаулықтың айырмашылығы қандай?
5

Шығармашылық іс-әрекет • Топтық жұмыс

Оқушылар суреттер арқылы 3 топқа бөлінеді. Тапсырмалар үлестірме парақтарда беріледі.

1-топ

«Мен ұқыпты баламын» тақырыбында сурет салыңдар және сурет туралы әңгімелеп беріңдер.

2-топ

Әдептілік ережелерін өздерің құрастырыңдар.

3-топ

«Ұқыпты қыз» ертегісін аяқтаңдар.

6

Топпен ән айту

Сөзі: С. Молдасанұлы Әні: Ф. Лұқпанова «Бала тілегі»

Бал-балалық, балдырған шақ — сан арман,

Барлық бала армандауға жаралған.

Кел, достарым, әндетіңдер, билеңдер,

Гүлденсін деп атамекен — қара орман.

Болашақтың иесіміз бәріміз,

Туған жердің түрлендірер нәріміз.

Алтын бесік — ұлан-байтақ елімде,

Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.

Қалықтаған көгершіні көгінде,

Мұңаймасын ешбір бала елімде.

Ата берген батаменен көркейсін,

Ұлы Отаным — тілегім сол менің де.

Ескерту: әннің сөзі караоке арқылы көрсетіледі.

7

Кері байланыс

Сабақтан алған әсерлеріңізді бөлісіңіздер. Стикерлерге пікір жазып, тақтадағы арнайы парақшаға жапсырыңыздар.

8

Үй тапсырмасы

  • М. Гумеров «Дәме» — оқып, әңгімелеу (84-бет).
  • «Қарапайым ереже» — Б. Ысқақов (85-бет).

Ескерту: тапсырмалар тақтаға жазылады.

9

Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Дұрыс әрекет, дұрыс әрекет, дұрыс әрекет — бар жерде,
Дұрыс әрекет бар — бүкіл әлемде.