Құстың иесі
Мақсат
Оқушыларға 1 мамыр — Достық пен ынтымақ мерекесінің маңызын түсіндіру; оларды достыққа, татулыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу және Отанды сүюге баулу.
Тәрбие сағатының барысы
Мұғалімнің құттықтауы
Құрметті ұстаздар! Жүздерімізге шуақ, бойымызға қуат әкелген 1 мамыр — Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігі күні құтты болсын!
Ән
«Әрқашан күн сөнбесін»
Ауылым туған, гүл тергем сенен алғашқы,
Көгілдір аспан, көкжиек, орман — шарбақты.
Көзіме алғаш кезіккен қайда бозторғай,
Көңілім қайда жамылған жолақ шарқатты?
Сыңғырлы Жайық, сыбдырлы тоғай, гүлді қыр,
Өздерің болып санама бала тұнды жыр.
Көгімнен құлап, көңілімді жатты жылытып,
Көзімнен ойнап, күміске бояп күлкі-нұр.
Би
Испан биі «Гүлім»
Өлең
Бірінші мамыр — достықтың ұлы мейрамы,
Тоғысар сенде жандардың ізгі ойлары.
Татулық пен бірлікке — ынтымақ, адамзат,
Өзіңді сәнмен қошемет етіп тойлайды!
Негізгі ой: Бірлік пен татулық — ел тұғыры
Айым
Қазақстан бүгінде көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Ел бірлігі мен татулығы — жаңа Қазақстанның басты міндеті.
Нұрайым
Назданып бүгін өмір нұрлы күні,
Қыр беттің қызғалдаққа тұнды гүлі.
Мамыр боп айбары асып асқақтайды,
Еңбек, Бақыт, Береке, Бірлік күні.
Айым
Қаһарман, қас батырға дабылы сай,
Арманға жетелейтін ағыны бай.
Мен сені қуанышпен қарсы аламын,
Ажарың ақ-шуақты мамырым-ай.
Диана
Ынтымақ, бірлік, достық, татулық —
Бабалардан қалған дәстүр айтулы.
Түгелденіп төртеуіміз төрде тұр,
Тәуелсіздік туы мәңгі тұғырлы.
Азат
Күте тұғын асыға әр күніміз,
Арналатын ең тәтті ән-жырымыз.
Мерекелі, мерейлі айдың басы —
Құтты болсын Бірінші мамырымыз!
Гүлім
Ел дамуына бағыт беретін маңызды құжат — Президенттің Жолдауы. Әр жолында ертеңге сенім мен нұрлы мақсат бар. Жаңа Қазақстанның көркеюіне бәріміз бірігіп үлес қосайық.
Шапағат
Қазақстанды мекендейтін 130-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жүзі бөлек болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір — ортақ мақсатымыз бейбітшілік пен береке. Бұл достықтың негізінде қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығы жатыр.
Ержан
Тілі басқа, тілегі бір — біргеміз,
Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.
Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп,
Татулықтан бұзылмасын іргеміз.
Нұрхат
Бүгінде республикамыздың мектептерінде 9 тілде (қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, украин, татар, неміс және ағылшын) білім беріледі. Сонымен қатар 15 тіл ана тілі ретінде оқытылады, ал 22 ұлттық-мәдени бірлестіктің жексенбілік мектептері жұмыс істейді.
Отан туралы жыр
Ұлжан
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Айзат
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» — деп сыбырлаған.
Жаным менің, кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол да оның шырылдаған.
Аслан
Бұл күні қырқаларға гүл тұнады,
Бар әлем бір-ақ сәтте құлпырады.
Әлемге дос құшағын жая келген,
Армысың, бар халқымның ынтымағы!
Армысың, қазағымның ынтымағы!
Абзал
Әйнегі — күн, шатыры — аспан,
Кең дала, төсі толқыған ән.
Көлдері көкке күмістер шашқан,
Қазақстан — Республикам менің!
Асылзат
Ынтымағы жарасқан береке күн,
Білдіреді болашақ ел ертеңін.
Татулық пен достығың арта берсін,
Құтты болсын бүгінгі мереке күн!
Аңыз: «Отан — ұя салған жер»
Жүргізуші
Бірлік пен тірлік, бейбітшілік пен достық салтанат құрғанда ғана болашағымыз баянды болады. Қазақта: «Бірлік болмай — тірлік болмайды» деген ұлағатты сөз бар. Ендеше, еліміздегі татулықты күшейтіп, Қазақстанның нығаюы мен өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.
Нұрай (аңыз баяндайды)
Бір адам бармақтай құсты ұстап алып, торға қамайды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей: «Отан! Отан! Отан…» деп шырылдай береді.
Құс иесі: «Мұның да Отаны болды ма? Егер Отаны бар болса, қайда екен?» — деп ойлап, торды ашып құсты босатады. Құс ұшып шығып, бар болғаны он қадам жердегі тастақты тақырдың арасындағы жалғыз түп тікенге барып қонады. Сөйтсе, сол бұтада ұясы бар екен.
Сонда адам: «Демек, құстың Отаны — ұя салған жері екен ғой», — деп түйеді. Шынында да, құстар да мекендеген жеріне бауыр басады.
Түйін
Туған жердей жат ел болмайды. Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс өскен бағы болмаса, қонбайтыны ақиқат.
Қорытынды
Рахат
Қазақ жері — достықтың гүлстаны,
Дархан өлкем — мерейлі ырыс бағы.
Күресте де, еңбекте де, мерекеде,
Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.
Достық биі
Ұлыстарымыз тамыр болған ежелден,
Кімдер қашсын қазақтай ер елден.
Достығымыз ғасырларға жарасқан,
Туған елім, шарықтай бер кемелден!
Осымен «Қазақстан — біздің сүйікті, ортақ Отанымыз» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Келгендеріңізге көп рақмет!