Гүлдің суреті
№ 13 жалпы білім беретін бастауыш мектеп мемлекеттік мекемесі
Сауат ашу сабағы: «Г» дыбысы мен әрпі
Бұл сабақ жоспары оқушыларды «Г» дыбысы мен әрпімен таныстыруға, оны дұрыс айтуға, оқуға және жазуға үйретуге бағытталған.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: «Г» дыбысы мен әрпін таныту, сөздегі орнын анықтау, берілген сөздерді оқуға және жазуға үйрету.
- Дамытушылық: сөйлеу мәнерін, байланыстыра сөйлеу дағдыларын, сөздік қорын, жұмбақ шешу мен сөз құрау арқылы тіл байлығын дамыту.
- Тәрбиелік: ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа баулу, таза әрі сауатты жазуға тәрбиелеу.
Сабақтың сипаттамасы
- Сабақтың түрі
- Аралас сабақ
- Әдісі
- Түсіндіру, сұрақ-жауап
- Көрнекілігі
- Интерактивті тақта, суреттер, кеспе әріптер
Негізгі екпін
- «Г» — дауыссыз, ұяң дыбыс.
- Сөздің басында және ортасында кездеседі.
- Дыбысты есту → әріпті тану → буындап оқу → жазу дағдысы.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Психологиялық дайындық (өлең жолдары арқылы):
Сыныбымыз тап-таза, Бор да дайын тақтада. Денемізді жинақтап, Отырайық партаға.
II. Өткен сабақты қайталау
Мұғалім: Балалар, біз сауат ашудан нені үйрендік?
Оқушылар: Оқуды, жазуды.
Мұғалім: Дыбыс дегеніміз не?
Оқушы: Дыбысты естиміз, бірақ көрмейміз.
Мұғалім: Әріп дегеніміз не?
Оқушы: Әріпті жазамыз, көреміз, оқимыз.
Мұғалім: Дыбыстар нешеге бөлінеді?
Оқушы: Екіге бөлінеді: дауысты және дауыссыз.
Мұғалім: Әріптерден не құралады?
Оқушы: Сөз.
Мұғалім: Сөзден не құралады?
Оқушы: Сөйлем.
Мұғалім: Сөйлем қандай әріптен басталады?
Оқушы: Бас әріптен.
Мұғалім: Сөйлемдерден не құралады?
Оқушы: Мәтін.
Алдыңғы дыбыс: «Ү»
- Өткен сабақта «Ү» дыбысымен таныстық.
- «Ү» — дауысты, жіңішке дыбыс.
- «Үкі», «үйрек» суреттері бойынша дыбыстық талдау жүргізіледі.
Ә. Табылдиев — «Кім кінәлі?» (диалог)
— Кім сызды мына партаны? — деп ұстаз бізден сұрады. Үсенбек айтты: — Мен емес. Үміт айтты: — Мен емес. Күміс айтты: — Мен емес. Бұған жалғыз кінәлі — Елемес үнсіз тұр әлі.
Жұмыс түрлері: мәнерлеп оқу, жатқа айту, рөлге бөліп оқу.
III. Жаңа сабақ: «Г» дыбысы мен әрпі
Жұмбақ арқылы тақырып ашу
Аналарға сыйлайтын, Аралар бал жинайтын. Бұл немене, балалар, Үзуге адам қимайтын.
Жауабы: гүл.
Сұрақ: «Гүл» сөзінде қандай дыбыс анық естіледі?
Жауап: «Г» дыбысы.
Дыбыстың сипаты
- «Г» — дауыссыз дыбыс.
- «Г» — ұяң дыбыс.
- Сөздің басында және ортасында кездеседі.
Мағыналық байланыс
ГҮЛ — мерекеде, тойда, қуанышта, туған күнде бір-бірімізге сыйлайтын әдемі өсімдік.
Сөздік жұмыс: «Г» дыбысы бар сөздер
Оқулықпен жұмыс барысында төмендегі сөздер оқылып, мағынасы түсіндіріледі:
Егін
Егіс алқабы, бидай егілетін жер.
Егеу
Үйге қажетті, қолданылатын құрал.
Егіз
Бір мезгілде туған екі бала.
Сегіз
Жетіден кейін келетін сан.
Кереге
Киіз үйдің бөлігі (шаңырақ, уық, кереге).
Бетеге
Шөптесін өсімдік. Мақал: «Бетегеден биік, жусаннан аласа».
Шеге
Ағашты біріктіру үшін қолданылатын құрал.
Неге
Сұрақ мәнді сөз.
Шеңгел
Тікенекті өсімдік.
Мезгіл
Уақыт. Жылдың төрт мезгілі бар.
Мәнерлеп оқу: Н. Баймұхамедов — «Ақ көгершін»
Ақ көгершін, көгершін, Қолғанат құс сен едің. Бар, кезіп қайт ел үшін, Кең дүниенің көлемін. Әділеттің құсы деп, Көз алмастан жолыңнан, Бақыт құсы болсын деп, Ұшырамын қолымнан.
Оқушылар өлеңді тізбектеп оқиды.
IV. Сергіту сәті
Шаршағанда ырғалып, Гүлге ұқсап дем алам. Қолымызды қозғалтып, Гүлдей болып жайқалам.
Дәптермен жұмыс
- «Г» әрпін ауада жазу, тақтада көрсету.
- Бас әріп пен кіші әріпті дұрыс жазу үлгісін орындау.
- Жазу тазалығы мен әріптің көлбеулігін сақтау.
V. Шығармашылық тапсырма
«Гүл», «көгершін» сөздерін текшеге түсіріп, бояу арқылы безендіру.
VI. Жаңа сабақты бекіту
Дидактикалық ойын: «Кім шапшаң?»
Шарты: ішінде «Г/г» дыбысы бар сөздерді тез ойлап тауып, оларды буынға бөлу.
VII. Қорытындылау және бағалау
Қорытынды сұрақтар: Бүгін қандай дыбыспен таныстық? «Г» дыбысы сөздің қай жерлерінде кездеседі?
«Ақ көгершін» өлеңін жатқа айту арқылы есте сақтау дағдысы бекітіледі.
VIII. Мадақтау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталады.