Жаныңдағы жақын адамдарды сезіне білу, оларды аялай білу

Мақсаты

Жаныңда жүрген жақын адамдарды — отбасы мүшелерін, құрбы-құрдастарды, достарды — қадірлеуге, сыйлауға және құрметтеуге үйрету.

Міндеттері

  • Адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағатының мән-мағынасын түсіндіру.
  • Жақын адамдарға деген сүйіспеншілікті дамыту.
  • Жақын жандарды сыйлап, қадірлей білуге тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері

Мұғалім оқушылармен бірге үлкен шеңберге жиналып, үнтаспаға қосылып «Достарым» әнін орындайды.

«Достарым»

Сөзі: М. Асан • Әні: Е. Жақыпханов

Балалықтың бүлдіршін жырын жазайықшы,
Анамызға шат күлкі тыңдатайықшы.
Күй ойнасын кеудеде көктемдей сезім,
Қол ұстасып кел, достар, сырласайықшы.

Қайырмасы

Достарым, достарым,
Әсем әнге бастадым.
Көңіл қарлығаштарым,
Достарым менің.

Арманым, арманым,
Әсем жырды арнадым.
Жарқын жүзді жандарым,
Менің достарым.

Әңгімелесу

«Ойланайық, пікірлесейік» бөліміндегі сұрақтар оқушыларға өз ойларын ашық айтуға, жақын жандарға деген қарым-қатынасын саралауға көмектеседі.

Түсінік сұрақтары

  • «Аялау», «қадіріне жету», «қадірін білу» сөздерін қалай түсінесің?
  • Айналаңдағы адамдардың жақсылығын, мейірімін байқап, бағалайсың ба? Қалай?

Өзін-өзі талдау

  • Жақсы көретін адамың немқұрайдылық танытқанда не сезіндің?
  • «Маған мейірім-шапағатын аямайтын адамдар үшін мен не істедім?» деп өзіңе сұрақ қойып көрдің бе?
  • Адамдар саған «рақмет» айта ма? Ал өзің ше?

Жаңа ақпарат

Әңгімелесу барысында қорытынды жасалғаннан кейін, оқушылар оқулықтағы жаңа ақпаратқа назар аударады. Бұл кезеңде бала тек ақпаратты қабылдап қана қоймай, өз ойының дұрыстығын логикалық тұрғыдан түсінеді және өз жауабын тереңірек қарастыруға мүмкіндік алады.

Негізгі ойлар

  • Жақын адамдарға жүрек жылуын жеткізе білу.
  • Отбасы, құрбы-құрдас, достар арасындағы сыйластық пен құрмет.
  • Адамдардың бір-біріне мейірім-шапағаты.
  • Жаныңдағы адамдарды сезіну және аялай білу.
  • Қарым-қатынасты ізгі ниетке құрғанда ауызбіршілік сақталып, жүректер үйлесім табады.

Мәтінмен жұмыс

«Оқып үйренейік» бөліміндегі мәтін мен сұрақтар талқылау жүргізуге бағытталған. Мұғалім оқушыларға негізгі ойды түйіндеп, талдап, қорытынды жасау дағдыларын дамыту үшін мәтінді кесте, тізім, сызба түрінде безендіруді ұсына алады.

«Ана махаббаты»

Р. Акдемір

  1. Ана неліктен балаларының көңіл күйін бұзғысы келмеді?
  2. Балалары саяхатқа жиналған кезде ана қандай күйде болды деп ойлайсың?
  3. Балалар саяхаттан неліктен бас тартты?
  4. Балалардың өз шешімдерін құпия ұстау себебін қалай түсіндірер едің?

Жағдаятты талдау

Бұл бөлім оқушыларды адамдарға түсіністікпен қарауға, өздерін өзгелердің орнына қоя білуге үйретеді. Жақындарына құрмет пен жанашырлық сезімін оятып қана қоймай, оны нығайтуға жағдай жасайды.

Жағдаяттар

  1. Саят өз ата-анасын басқа балалардың ата-аналарымен жиі салыстырады. Кейде оған өз ата-анасы өзгелердікіндей емес сияқты көрініп, реніш білдіре бастайды.

    Талқылау:

    Саяттың әрекеті дұрыс па? Саятқа қандай кеңес берер едің?

  2. Меруерттің көңілі ештеңеге толмайды. Тіпті ата-анасының және жақындарының мейірімі мен қамқорлығын сезінбейді. Бұл мінезі үшін өзі де қиналмайды.

    Талқылау:

    Немқұрайдылықтың себебі неде? Меруерттің бойында қандай қасиеттер жетіспейді?

  3. Ербол үйіндегі әжесі мен атасының мазасыздығына, құлағының нашар еститініне ашуланады. Қарттардың табиғи әлсіздігін түсінсе де, өз ашуын тежей алмай қалады.

    Талқылау:

    Ербол неліктен қарт адамдарды түсінбей жүр? Оған қандай кеңес бересің?

  4. Сыныптасыңның анасы қатты ауырып қалды. Ал сендер қала сыртына саяхатқа билет алып қойғансыңдар.

    Талқылау:

    Не істер едің? Саяхаттан бас тартасың ба? Досыңа қандай көмек ұсынасың?

Дәйексөз

«Өзінің айналасындағы жора-жолдастарының, бауырларының жан дүниесіне үңіліп қарамаған адам өмірде үлкен қиыншылықтарға кезігеді және айналасына зиянын тигізеді».
Альфред Адлер

Тапсырма

Құндылықтардың күнделікті өмірдегі маңызын түсініп, қолдана білу үшін:

Сұрақ:

Өзіңнің жақындарыңды қалай қуантар едің? Тізбектеп жаз.

Оқулық: 24-бет, 2-тапсырма

Түйіндеме

«Ата-ана жүрегінің лүпілін сезе біл; олардың жанарынан көңіл қошы мен тыныштықты, бақыт пен қуаныш сәулесін, беймазасыздығы мен әбігерленуін, қиналысы мен кейістігін көре біл. Ата-ананың көзінен оның жан дүниесін көре білуге жастайыңнан үйрен».
В. А. Сухомлинский

Жүректен жүрекке

Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, үнтаспаға қосылып Луиза Хэйдің «Ризамын» әнін орындайды.

«Ризамын» (Ризашылық әні)

Сөзі мен әні: Луиза Хэй

Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге.

Ризамыз, ризамыз, ризамыз бүгінге,
Ризамыз, ризамыз, ризамыз қазірге.

Сабақтың аяқталуы

Сабақ соңында оқушылар өз қолдарымен жасаған жүрекшелерін сүйікті мұғалімдеріне, ата-аналарына, құрбы-құрдастарына және достарына сыйлайды.