Ортаға екі бала шығындар

Автор: Ермекова Алма Темірболатовна

Ұлттық ойындар — ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Оларды жай ермек емес, халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған асыл қазынасы әрі жүйелі тәрбие құралы ретінде қарастырған жөн.

Ұлттық ойындар — асыл қазына

Мақсаты

Балаларды ұлттық ойындар арқылы қабілетті, шапшаң, қажырлы, қайратты және еңбекқор етіп тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Шапшаңдыққа баулу.
  • Ойын үстінде өзін-өзі жаттықтыру дағдысын қалыптастыру.
  • Жеке тұлғаны тәрбиелеуде ұлттық ойындарды тиімді қолдану.

Құндылықтар

Адамгершілік, адалдық, тәртіп, мейірім, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерін дамыту.

Алғы сөз

Ойын — баланың білім-білік дағдыларын қалыптастыратын маңызды тәрбие құралы. Мектеп оқушылары болашақтың иесі болғандықтан, дүниежүзілік мәдениетті тани алатын, өз төл мәдениетін білетін әрі сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын тұлға болып қалыптасуы қажет.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін жасөспірім бойына сіңіру, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге көзқарасын дұрыс қалыптастыру — тәрбиенің негізгі бағыты.

Бастауыш сыныпта адамгершілік тәрбиесі оқу-тәрбие үдерісінде әртүрлі іс-әрекет арқылы жүзеге асады. Ойынның алуан түрін ұйымдастыру арқылы балалар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық танытуды үйренеді. Сонымен қатар, қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғаттану, бейнелеу өнері сабақтары да өлі және тірі табиғатқа сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегін құрметтеу сияқты қасиеттерді бекітеді.

Қазақ ауыз әдебиетінде, әсіресе балалар фольклорында, балалар ойыны ерекше орын алады. Ойын — баланың рухани жетілуі мен табиғи өсуіне қажетті алғышарт; ол зейінділік пен тапқырлықты, көру-есту-сезу қабілеттерін дамытады.

К. Чуковский ойынның бала денесінің дамуы мен ой-өрісінің өркендеуіне тікелей әсер ететінін атап көрсеткен.

Күтілетін нәтиже

Ұлттық ойындар арқылы тұлға қалыптасады: балалар шыңдалады, өз мүмкіндігін танып, өмірге жаңа көзқараспен қарайды.

Ойындар сипаттамасы

Төменде кең тараған балалар ұлттық ойындарының тәрбиелік мәні мен қысқаша ережелері берілген.

Тақия тастамақ

Тәрбиелік мәні

Зейін, шапшаңдық, байқампаздық.

Барысы

Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп, біреудің артына білдіртпей тақия тастайды. Тақия тасталғанын сезіп қойған бала жүргізушіні қуып жетуге тырысады, ал жүргізуші оның орнына отыра қалуы керек. Жете алмаған бала айыбын өтейді (өнер көрсетеді).

Көтермесек

Тәрбиелік мәні

Шапшаңдық, жылдамдық, күш.

Барысы

Екі бала ортаға шығады. Арқаларын тіреп тұрып, қолдарын шынтақтастырады. Белгі берілгенде кім қарсыласын жерден бұрын көтерсе — сол жеңеді. Жеңген ойыншы келесі баламен сайысады, соңғы жеңімпаз анықталғанша жалғасады.

Тоғызқұмалақ

Тәрбиелік мәні

Қырағылық, ой ұшқырлығы, есеп.

Қысқаша ереже

Ойынның арнайы тақтасы мен құмалақтары болады: екі жақта тоғыз ұяшықтан. Әр ұяшыққа 9 құмалақтан салынады. Жүріс барысында соңғы тоқтаған ұяшықтағы құмалақтар белгілі тәртіппен қазанға жиналады. Қазанына көп құмалақ жинаған ойыншы жеңеді.

Айгөлек

Тәрбиелік мәні

Шапшаңдық, батылдық, топтық әрекет.

Барысы

Балалар екі топқа бөлініп, 20–30 қадам арақашықтықта қол ұстасып қарсы тұрады. Бірінші топ хормен сұрайды: «Ақ терек пен көк терек, бізден сізге кім керек?». Екінші топ сол ырғақпен жауап беріп, бір баланың атын атайды. Аты аталған бала жүгіріп барып, қарсы топтың қол ұстасқан «тізбегін» үзіп өтуі тиіс. Үзсе — бір баланы алып қайтады, үзе алмаса — қарсы топта қалады. Соңында ойыншысы көп топ жеңеді.

Аңшылар

Тәрбиелік мәні

Күш, ептілік, лақтыру техникасы.

Барысы

Оқушылар «аңшылар» және «қасқырлар» болып бөлінеді. Диаметрі 4–6 м шеңбер сызылады, қасқырлар шеңбер ішінде тұрады. Белгі бойынша аңшылар сырттан доп лақтырып «атқылайды». Әр тиген доп үшін аңшыларға ұпай жазылады, ал қасқырлар допты қағып алса, қарсыластың ұпайы шегеріледі. Ұпай саналып, кейін топтар орын ауыстырады.

Хан алшы

Тәрбиелік мәні

Тапқырлық, дәлдік, ойлау.

Барысы

5–10 балаға дейін ойнай береді. Асық көп болуы керек. Ішінен бір үлкендеу асықты қызылға бояп, «хан» деп белгілейді. Санамақпен бастаушы таңдалып, асықтарды шашады. Ханның түсуіне қарай ойыншы жақын жатқан асықтарды бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы дәл тигізіп, ұтқан асықтарды өзіне алады.

Ақсүйек

Тәрбиелік мәні

Төзімділік, шыдамдылық, қырағылық.

Барысы

Ұлдар мен қыздар ашық алаңда екі топқа бөлінеді. Әбден кепкен сүйек пайдаланылады. Бір ойыншы белгіленген шеңбер ішінде тұрып, өзгелер теріс қарағанда сүйекті алысқа лақтырады. Барлығы сүйекті іздейді. Тапқан ойыншы «Ақсүйек!» деп айқайлап, белгіленген жерге қарай жүгіреді. Қарсы топ оны ұстап алуға тырысады; ұстаса, сүйек өз тобына беріледі. Ең көп ұпай жинаған топ жеңеді.

Орныңды тап

Тәрбиелік мәні

Тез қимылдау, сақтық, бағдарлау.

Барысы

Оқушылар санамақпен жұптасып, үлкен шеңбер құрып тұрады (аралары 2–3 адым). Артық қалған бір ойыншы қашады, екіншісі қуады. Қашқан ойыншы кез келген жұптың алдына тұра қалса, сол жұптың артында тұрғаны қаша жөнеледі. Осылайша ойын жалғасады.

Тұтқынға алу

Тәрбиелік мәні

Алғырлық, шапшаңдық, командалық күш.

Барысы

Екі топ бір-біріне қарама-қарсы сызықтың екі жағына тұрады. Мақсат — қарсыласты қолынан тартып, өз жағына сызықтан өткізіп алу. Қай топ көбірек ойыншыны өткізсе, сол жеңеді. Үзілісте ойнауға ыңғайлы, көп уақыт алмайды.

Кім түртті?

Тәрбиелік мәні

Төзімділік, шыдамдылық, қырағылық.

Барысы

Ортаға бір ойыншы шығады: сол алақанының сыртын оң жақ шекесіне тіреп, оң қолымен сол жақ шынтағын ұстап, сапқа теріс қарап тұрады. Қалғандары кезекпен келіп оның алақанына түртеді. Ортадағы ойыншы кім түрткенін дәл тапса, сонымен орын ауыстырады.

Түйілген орамал

Тәрбиелік мәні

Төзімділік, қырағылық, ептілік.

Барысы

Орамалды түйіп, доп сияқты етіп дайындайды. Бір бала ортада, қалғандары оны қоршай тұрады. Сырттағы бір ойыншының қолында түйілген орамал болады. Белгі бойынша ортадағы ойыншы орамалды тартып алуға тырысады, ал қалғандары оны бір-біріне лақтырып, орамалды бермей қашқақтайды.

Теңге ілу

Тәрбиелік мәні

Шапшаңдық, ептілік, жүгіру дағдысы.

Барысы

Сөре мен мәре сызығының ортасына теңге орнына күміс, тас, асық сияқты заттар шашылады. Белгі бойынша ойыншылар мәреге қарай жүгіріп, жолда тоқтамай жүріп заттарды іліп әкетеді. Кім көп жинап, мәреге бірінші жетсе — сол жеңеді.

Соқыр теке

Тәрбиелік мәні

Жылдамдық, шапшаңдық, есту арқылы бағдарлау.

Барысы

Диаметрі 10–15 м шеңбер сызылады. Көзі байланған ойыншы шеңбер ішінде қозғалып жүріп, бір ойыншыны ұстауға тырысады. Ұстаса, оның кім екенін айтуы керек. Дұрыс таныса — орын ауыстырады, тани алмаса — ойынды жалғастыра береді.

Жаяу тартыс

Тәрбиелік мәні

Күш, төзімділік, жеңіске ұмтылыс.

Барысы

Екі ойыншы арқанды мойындарына іліп, қолтықтарының астымен өткізіп ұстайды. Екеуі еңбектеп, алдын ала белгіленген межеге дейін бір-бірін тартып жеткізуге тырысады.

Омпы

Тәрбиелік мәні

Ептілік, сақтық, дәлдік.

Барысы

Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызу «омпы» деп аталады. 2–10 бала ойнай береді. 10–20 адым арақашықтықта екі көмбе сызылады. Әр ойыншы көмбенің ортасына (көнге) екі асықтан тігеді.

Атбақыл

Тәрбиелік мәні

Жылдамдық, шапшаңдық, ептілік.

Барысы

Екі бала ойнайды. Біреуі сақаны иіреді, екіншісі сақаны атады. Егер тигізсе, атқан бала қарсыласын сақасы жатқан жерге дейін көтеріп апарады. Ойыншылар кезекпен атып, алға жылжи береді.

Сақина салу

Тәрбиелік мәні

Зейін, бақылау, орта мәдениеті.

Барысы

Той-мерекелерде жиі ойналады. Ойыншылар алақандарын беттестіріп, қолдарын алға соза отырады. Ортаға сақинасы бар ойыншы шығып, білдіртпей біреудің алақанына сақина салады. Соңында: «Сақина кімде?» деп сұрап, тапқызады.

Белбеу тастау

Тәрбиелік мәні

Шапшаңдық, байқампаздық, жылдам қимыл.

Барысы

Ойыншылар шеңбер бойымен жақын отырып, бір ойыншы сырттан белбеумен айнала жүреді де, біреудің артына білдірмей тастайды. Сырттағы ойыншы қайта айналып келіп белбеуді алып, белбеу түскен ойыншыны «Орныңды тап!» деп шеңбер бойымен қуады. Егер белбеу түскен ойыншы дер кезінде байқаса, белбеуді алып, жүргізушіні өз орнына дейін қуады. Кейін рөлдер ауысады.

Аларман

Тәрбиелік мәні

Жылдамдық, шапшаңдық, күш, ұйымшылдық.

Барысы

Ойыншылар бірінің белінен бірі ұстап, тізбек құрып тұрады. «Аларман» тізбектің соңғы ойыншысын ұстауға тырысады; тізбектің басындағы ойыншы анын қозғалысын қайталап, тізбекті қорғайды. Аларман соңғы ойыншыны ұстаса, ол тізбектің басына тұрады да, ұсталған ойыншы аларман болады.

Кезекшілер

Тәрбиелік мәні

Ептілік, жылдамдық, денені еркін игеру.

Барысы

Екі ойыншының көзі байланып, бір-біріне қарама-қарсы 1 метр қашықтықта тұрғызылады, қолдары жоғары көтеріледі. Қалғандары олардың арасынан өтіп кетуге тырысады. Ұсталған ойыншы кезекшімен орын ауыстырады. Кім үш рет сәтті өтіп кетсе — жеңімпаз.

Ұшты — ұшты

Тәрбиелік мәні

Сақтық, тез қимыл, зейін.

Барысы

Жүргізуші ұша алатын затты атап, «Ұшты — ұшты!» деп қолын көтергенде, ойыншылар да қайталап қол көтереді немесе орындарынан тұрады. Жаңылдыру үшін жүргізуші кейде ұша алмайтын заттарды да айтады (мысалы, «тырна ұшты» — «тырма ұшты»). Қателескен ойыншы шартқа бағынады.

Итеріспек

Тәрбиелік мәні

Күш, шыдамдылық, тепе-теңдік.

Барысы

Диаметрі 3–4 м шеңбер сызылады. Екі ойыншы ортаға шығып, бір аяқпен тұрып итерісе бастайды. Кім екінші аяғын жерге түсірсе немесе аяғын ауыстырса — жеңіледі.

Оқтау тартыс

Тәрбиелік мәні

Шапшаңдық, күш, төзім.

Барысы

Екі бала ортаға шығып, жерге сызылған сызықтың екі жағына тұрады. Екеуі оқтаудың екі ұшын ұстап тартысады. Қайсысы сызықтан өтсе — сол жеңіледі; қарсыласын өз жағына қарай тартып алған ойыншы жеңеді.

Арқан тарту

Тәрбиелік мәні

Күш, ұйымшылдық, төзімділік.

Барысы

Ашық алаңда шекара мен орта сызық белгіленеді. Ойынға арқан қажет. Белгі бойынша екі жақ арқанды тартады. Қай жақ қарсыласын шекарадан асыра тартса — сол жеңеді.

Білектесу

Тәрбиелік мәні

Қол күші, шыдамдылық, жігер.

Барысы

Екі ойыншы үстелдің екі жағына отырады. Оң қолдарының шынтағын үстелге тіреп, алақандарын айқастыра мықтап ұстайды. Төреші белгі бергенде шынтақты орнынан қозғамай, қарсыласының қолын шалқасынан түсіруге тырысады. Қолы жантайған ойыншы жеңіледі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • М. Әлімбаев. Балдаурен, шіркін балалық. Алматы.
  • Б. Төтенаев. Қазақтың ұлттық ойындары.
  • Ш. Ыбраев. Соқыр теке. Жасырынбақ (балалар ойыны).
  • Молдагаринов А. Ұлттық ойындар.