Арқама сөмке асына, Мектепке барам асыға

Мұғалімнің алғы сөзі

Сәлеметсіңдер ме, бүгінгі үлкен тойға жиналған қауым! Бүгінгі бас қосуымыздың себебі ерекше: кеше ғана оң мен солын толық танып үлгермеген ойын балалары бүгін мектеп табалдырығын аттап, Тілашар мерекесін тойламақ.

Бақытты балдырғандар, ардақты ата-аналар, құрметті меймандар — тілашар тойы құтты болсын! Мектеп есігін алғаш ашқан шәкірттерім, қадамдарың сәтті болсын!

Көз салып қараңызшы тойымызға, ортақ болып бүгінгі өскен ойымызға. Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, Тілашар атты мерекелік кешімізге!

Нұрлы үмітін арқалаған, жан сәулесін баршаға тарататын бүлдіршіндерімізге шын пейілмен құрметімізді білдіріп, оқушыларды ортаға шақырайық.

Бүлдіршіндер таныстырылымы

Жасұлан

Сабырлы, жайсаң мінезді. Адалдықты сүйеді. Сыныбымызда бәрі сыйлайтын шәкірт.

Жомартқызы Айсәуле

Игі істің қасында жүретін, жайқалған гүлдей нәзік. Айсәулені жауқазын гүлге теңейміз.

Арай

Қыздар ішіндегі дарасы. Өткір, ер мінезіне бәріміз таңғаламыз.

Қайратқызы Арай

Мың бұрала билеп, талантымен қуантады. Өнерімен көпшілікті тәнті етеді.

Мейрамбек

Бойында үлкен намыс бар, әрқашан алға ұмтылады. Сегіз қырлы, бір сырлы намысшыл жігіт.

Тоғжан

Алғыр, жан-жақты, салмақты қыз. Әрдайым өзін ұқыпты ұстайды.

Тәрбие сағатының ашылуы

«Батаңды бер, қазағым, мен мектепке барамын» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз.

Кішкентай бүлдіршіндеріміздің осы бір ай ішіндегі жетістіктері де аз емес. Олар әріп танып, оқуды, жазуды меңгеріп келеді. Бірақ бұл — тек бастамасы.

Айналайын, балалар, алдарыңда мектеп — ана бар. Өздеріңнен өседі өнерлілер де, даналар да.

Өтті қызық көп күндер, алты жасқа жеттіңдер. 1-сыныпқа келдіңдер — бір белестен өттіңдер. Өсті бойларың, өсті ақыл-ойларың. Қуанышқа ортақпын, құтты болсын тойларың!

Оқушылардың арнауы

1-оқушы — Жасұлан

Елдің атын жазамын, жердің атын жазамын, туған тілге тазамын.

Батаңды бер, қазағым... Мен мектепке барамын. (бата алу)

Қуантуға елімді, қуантуға жерімді, қуантуға жүректі, қуантуға түлекті — мектепке мен барамын.

2-оқушы — Арай

Армысың, мектеп — ар бесік, айқара ашқан есігің. Тәрбие, білім — бар нәсіп, өзіңде өрлеп өсемін.

3-оқушы — Тоғжан

Алтыға толдым биыл мен, оқушы болып киінем. Арқама сөмке асынып, мектепке барам асыға.

4-оқушы — Қайратқызы Арай

Тану үшін бабаңды, тану үшін анаңды, тану үшін ғаламды — мектеп керек адамға.

Ән: «Мектебім»

Ортақ өлең жолдары

Жасұлан: Біз мектепке барамыз, қолға қалам аламыз. Кітапты да оқимыз, суретті де саламыз. Үлкендердей тап-таза, жазамыз бормен тақтаға. Үлгілі бала боламыз, жүретіндей мақтана.

Мейрамбек: Мектебің — мынау, класың — осында он жыл тұрасың. Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың.

5-оқушы — Азанбек Арай: Әліппені ұстап мен, мақтанбаймын мен текке. Дайын дәптер, қаламым — жақсы оқушы боламын.

6-оқушы — Айсәуле: Барлық бала таң қалып, әліппені ашады. Сөз құраған әр әріп білім нұрын шашады.

Арай: Мектепке енді барамыз, үлгілі оқушы боламыз. Жақсы оқып сабақты, кілең бестік аламыз.

Тоғжан: Ойыншықты жинаймыз, бөбектерге сыйлаймыз. Үлкен болып өссек те, даярлықты қимаймыз.

Көрініс: «Жетпіс пен жеті» — біз не үйрендік?

Балалар, біз мектепалды даярлық сыныбында қандай пәндерді өттік? (балалар пән атауларын атайды)

1) Сауат ашу

  • Алфавитте: 42 әріп
  • Дыбыс: 2-ге бөлінеді
  • Дауысты дыбыс: 15
  • Дауыссыз дыбыс: 25
  • Белгі: 2
  • Сөздер мен сөйлемдер құрастыру.

2) Математика

Санап үйрену, салыстыру, есеп шығару, логикалық тапсырмалар орындау.

3) Тіл дамыту

  • Біздің еліміз қалай аталады?
  • Біз қандай мемлекетпіз?
  • Елбасымыз кім?
  • Елордамыз қай қала?
  • Рәміздерді ата!

Міне, балалар, жаңа оқу жылы басталып, білім ордасы — мектеп табалдырығын аттағандарыңа және алғашқы қоңырау соғылғалы бір ай уақыт өткеніне де куә болып отырмыз. Еліміздің ертеңі — сендерсіңдер! Елдің тізгінін мықтап ұстап, сапалы білім алып, өнегелі азамат болып өсе беріңдер.

Отан туралы ой

Балалар, Отан деген не? Оны қалай түсінесіңдер?

Жасұлан

Отан деген — атамекен. Отан деген — туған ел. Отан деген — анам екен, Отан деген — туған жер.

Мейрамбек

Отан — әкем, Отан — атам. Осы сөзім қате ме екен? Қате болса, неге біздер дейміз оны атамекен?

Айсәуле

Отан — әжем, Отан — анам, құшақ жайған қатар маған. «Туған ел» деп, «туған жер» деп — ол бекерге аталмаған.

Тоғжан

Атам, әжем, әкем, анам — төртеуі де Отан маған. Төртеуі де «ботам» дейді, ер азамат атан дейді. Мақтанамын Отаныммен, Отаныма ботамын мен.

Ән: «Отан» (хор)

Дұрыс, балалар. Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны — Қазақстан. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Ана тілімізді құрметтеу — әрқайсымыздың парызымыз.

Ана тілі — асыл қазына

Арай

Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.

Мейрамбек

Ана тілім ардақты — ақ сүтіндей ананың. Өсірген ой-білімді, сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің мәнін терең білуді.

Тоғжан

Ардақты тіліңді ал — одан білімді. Өз тілің үйретер өнерді, ғылымды. Тіліңсіз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.

Ән: «Ана тілін сүйемін»

Көріністер, жаңылтпаштар және жұмбақтар

Көрініс: «Балаға көңіл бөлу»

(Жасұлан, Айсәуле, Тоғжан)

Жаңылтпаштар

  1. Шеше, неше кесе сынды кеше?
  2. Қызым, жүзім же — жүзін үзіп же.

Жұмбақтар

  1. Алмада бар, жүзімде жоқ; анарда бар, шиеде жоқ. Қандай әріп? (А)
  2. Тауда бар, бауда жоқ; таста бар, құмда жоқ. (жауабы көрерменге)

Ән: «Сыңғырла, қоңырау»

Ұстазға алғыс, өнерге талпыныс

Даярлық топта оқытқан апайымызға не дейміз?

Жасұлан

Мен тілеймін ұстазыма өмір-думан, бақ әкелсін мереке. Азамат боп шығамын мен — сенетіндей ел ертең.

Қайратқызы Арай

Өнер сайысында бас бәйгені аламын деп талпынамын. Барлығына мен елдің әнші болам — әйгілі.

Ән: (орындау)

Қорытынды сөз

Міне, қадірменді қонақтар, бүлдіршіндер және ата-аналар, бүгінгі 1-сынып оқушыларының тілашар тойы өз мәресіне жетті. Балалар, ата-аналарыңа, ұстаздарыңа, достарыңа сыйлы болыңдар! Тек қана биік белестерден көріне беріңдер.

Назарларыңызға рахмет. Ендігі сөз кезегін қонақтарға береміз.