Тазалап жүр тісіңді

Дені сау ұрпақ – тәуелсіз елдің болашағы

Мақсаты

  • Тазалықты насихаттау арқылы денсаулықтың қадірін түсіндіру.
  • Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Өз денсаулығын күте білуге, салауатты өмір салтына және әдептілікке баулу.

Көрнекілік

  • Қанатты сөздер
  • Орман көрінісі
  • Суреттер

Техникалық құралдар

  • Магнитофон
  • Үнтаспа

Кіріспе сөз

«Тазалық – денсаулық негізі, саулық – байлық негізі» дейді халық даналығы. Мемлекет болашағы — азаматтарының денсаулығы мен оларды қоршаған табиғи ортаның тазалығына тікелей байланысты. Қазіргі кезде денсаулыққа салғырт қараудың салдарынан түрлі аурулардың көбейіп отырғаны жасырын емес. Сондықтан денсаулық үшін күрес — әр адамның міндеті.

Бүгінгі іс-шарамыздың түйіні де осы ойға саяды: жас ұрпаққа тазалықтың мәнін түсіндіріп, дұрыс әдеттерді бойға сіңіру.

Сахналық көрініс: «Ормандағы емхана»

Ән орман мен бұлақ бейнеленген әсем көріністе орындалады. Сахнада дәрігерлік көмек көрсетілетін орын белгіленген. Сол жерде қалың көрпеге оранып, түс мезгілінде қасқыр ұйықтап жатады.

Қонақтарға сәлем

1-оқушы: Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар! Әрдайым қуанышқа кенеліңіздер. Рұқсат болса, ертеңгілігімізді бастайық. Бәріңіз тамашалап көріңіздер.

Кірпі мен Қасқыр

Кірпі: Қасқыр аға, таң әлдеқашан атты, неге тапжылмай ұйықтап жатырсыз? Көрмей-білмей, ізденбей өмір сүрудің сәні не? Әлде сырқаттанып қалдыңыз ба?

Қасқыр: Мен Қасекең деген батырмын. Ұйқым қанбаған соң, жайбарақат жатырмын. Нендей шаруаң бар — айта бер!

Кірпі: Еңбекпен жан баққан, сонымен жай тапқан Кірпі деген мен болам. Таңмен таласа тұрып, денемді шынықтырып, сосын беті-қолымды жуып, жұмысқа кірісіп, төңіректі шоламын. Жұрт жақсы көретін, тілалғыш боламын.

Қасқыр: Мен кез келген жерден тамақ тауып, тойғанымша төгіп-шашып жеймін. Ыдыс-аяқ жуу деген не? Жуынудың не екенін білмеймін. Қарным ашса, қол жумай-ақ сені де жеймін!

(Кірпі қашып кетеді.)

Орман тұрғындарының ойы

Аю: Тәтті бал десе ашылады тәбетім. Қолым қасық, керек болса ожау етем. Аш болмаймын ешқашан, балық етін тағам етем. Таза болып жүруді өміріме серік етем.

Көбелек: Ақ көбелек, көк көбелек, көлбеңдеймін, ұшамын. Гүл нәрімен сусындаймын, жасыл желек құшамын. Табиғаттың құлпыруына өзімше үлес қосамын.

Тиін: Біз тиінбіз, әр бүршіктен нәр жиып, ойынды да ойнаймыз. Сөйтіп жүріп, ертеңгі күнді ұмытпай, қысқы қорды жинаймыз. Қамба толды жаңғаққа — оңай емес жан бағу. Тазалық туралы да үйренеміз: әрекет-қимыл — денсаулықтың кепілі.

Қоян: Қолды жуып, ертемен сәбізді тағам етемін. Сондықтан да жүйрікпін: қашқанда қуып жетемін. Тазалық — денсаулықтың кепілі, оны есті батыр біледі.

Қасқырдың сабағы

(Ортаға белі бүгілген қасқыр шығады.)

Қасқыр: Аша алмай аузымды, қарысып жағым қалған ба? Тыңдамаған ешкімді — қиын екен жалғанда. Қақсайды тісім, ауырады ішім. Себебін айтып, көмектесер жан бар ма?

Қоян: Қасқыр, саған не болды? Неге жылайсың?

Қасқыр: Енді не істеймін? Тісімнің ауырғаны басылар емес…

Аю: Айболит атаны шақырайық. Ол бәрін емдейді.

(Қоян мен тиін Айболитті алып келеді. Айболит қасқырдың тісін емдейді.)

Айболит: Бәрін былғап жей берсең, қиын болар өзіңе. Өзіңе жау болмасаң, құлақ ас бұл сөзіме. Тамақты мөлшермен іш, тіс ауруы жоламас. Ең бастысы — тістеріңді күнде жуып, таза жүріңдер.

Қасқыр: Тазалықты сақтамағаным үшін кешірім сұраймын.

Аңдар: Ормандағы аң-құстар тазалықты сақтайды. Айтқан тілді алатын елгезектерді жақтайды.

Тазалық ережелері: күнделікті дағды

Сұрақ-жауап

Жүргізуші: Балалар, қасқырдың тісі неге ауырды?

Балалардың жауабы: Тазалық сақтамағандықтан, дұрыс тамақтанбағандықтан, тісін жумай жүргендіктен.

Жүргізуші: Дұрыс. Тіс ауруының алдын алу үшін тіс щеткасын қолданып, күніне екі рет тістеріңді тазалаңдар. Тамақтан соң ауыз шаюды әдетке айналдырыңдар.

Денсаулықты нығайтатын шарттар

  • Дене еңбегі және белсенді қимыл-қозғалыс
  • Дұрыс әрі құнарлы тамақтану
  • Уақытты тиімді пайдалану
  • Шынығу және дұрыс демалу
  • Таза жүру, ұқыптылық

Тазалықтың бейнесі

Тазалық: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен — Тазалықпын. Кір-қожалақ балаға қол жеткізбес арманмын. Ойы да таза, бойы да таза баланың жанынан табыламын.

Тазалық: Ауру-сырқаудан аулақ болып, жадырап жүргілерің келсе, айтқаныма құлақ асыңдар да, менімен дос болыңдар.

«Кір бала» және таңдаудың салдары

Осы кезде үсті-басы алқам-салқам, бет-ауызы айғыз-айғыз кір-қожалақ бала келеді.

Кір бала: Түсінбеймін сендерге: бес рет жуып беттеріңді, жұқартып алмайсыңдар ма еттеріңді? Мен ешқашан қалмаймын қастарыңнан. Дос болсаңдар менімен, сипап жүрем бастарыңнан.

(Кір бала үсті-басын қасып, Тазалыққа жақындай түседі.)

Тазалық: Әй, кір бала! Байқап сөйле. Мұндағылар — тазалық жанашыры. Сендейлерге арамызда орын жоқ.

Кір бала: Солай ма? Сендер менен оңай құтылғыларың келеді-ә? Кейінгі кезде менің де қатарым көбейді. Еріншек пен жалқау, олақ пен салақ — бәрі дос болғысы келеді.

Кір бала: Қол жууға уақыт жоқ, сондықтан тамақты да асығып, төгіп жеймін.

(Кір бала бөлмедегілермен қол беріп амандасады. Тазалық балалардың қолын таза сүлгімен сүртіп, лас адаммен тек бас изеп амандасқан дұрыс екенін түсіндіреді.)

Кір бала: Ыдыс-аяқ жуылмаса, жиһаз шаңы сүртілмесе, еден мен аула тазаланбаса — мен сол жерден табыламын: шаң басқан бұрышта, шыбын-шіркей, өрмекшімен бірге.

Тазалық: Біздің балалар тазалық пен ұқыптылықты жақсы көреді. Олар күн сайын таңертең шынығып, тістерін тазартуды әдетке айналдырған.

Тақпақтар: тазалыққа үндеу

1-оқушы: Жақсы бала құлақ сап…

2-оқушы: Жақсы бала — ол анық, айтқаныңды ұғады. Төсегінен тұра сап, тап-таза боп жуынып, таза ауаға шығады. Алады ол таранып.

3-оқушы: Жаман бала құрысып…

4-оқушы: Аяқ-қолыңды кір қылма, өз-өзіңмен тырысып. Тырнағыңды алып жүр, тазалап жүр тісіңді. Салдыр-салақ болмағын, саусағыңды сормағын.

5-оқушы: Дос бол сабын, су мен сен. Жиі-жиі жуын сен: таңертең де, кешке де, күндіз-түсте де. Жуын тамақ алдында, жуын ұйықтар кезінде, жуын тұрған мезгілде.

6-оқушы: Сабындаған кезінде ашытады көзіңді, тап-таза етер өзіңді. Тазалықтың досы — сабын деген осы.

7-оқушы: Сылдырайды мөлдір су, мөлдір суға қолың жу. Тазалықтың досы — су деген осы.

8-оқушы: Ақ матадай гүлі бар, қызыл-жасыл түрі бар. Жұмсақтығы мамықтай, сүртінесің жалықпай. Тазалықтың досы — сүлгі деген осы.

9-оқушы: Жалқаулықты тастаймыз, жаттығуды бастаймыз. Қиынсынып қашпаймыз, шынығамыз жастай біз.

Хормен: Жаттығулар таңертең күнде жасап жүреміз. Ер жеткенде біз ертең шымыр болып өсеміз.

Сергіту, ойын және пайдалы әдет

Таңғы жаттығудың пайдасы

Төсектен тұрып, жуынғаннан кейін міндетті түрде бой жазу жаттығуларын орындаған дұрыс. Таңертеңгі қимыл-қозғалыс күні бойы сергек жүруге көмектеседі. Сабақ үстіндегі сергіту сәттері де денені сергітіп, сабаққа ынтаны арттырады.

Сергіту сәті (қимылмен)

Керіледі мысық, бізге көзін қысып.

Жүгіреді жылдам, көрінсе оған тышқан.

Гүлдей болып өсеміз, күндей болып күлеміз.

Құстар болып ұшамыз, көбелектей қонамыз.

Ойын: «Алма»

Үзіліс кезінде қимыл-қозғалыс ойындары партада ұзақ отырудан шаршайтын бұлшық еттерді сергітеді.

Шарты

  1. Қол ұстасып, шеңбер бойымен музыкамен бірге жүгіресіңдер.
  2. Музыка кенет тоқтағанда: «Алма, алма, құрт жеген, жел тұрғанда құлайды» деген сөзден кейін бәрің жүрелеп отыра қаласыңдар.
  3. Қолды бір-біріңнен босатуға болмайды.
  4. Отырып үлгермеген, артық қадам жасаған немесе құлап қалған оқушы ойыннан шығады.
  5. Ең соңғы үш бала жеңімпаз атанады.

Жұмбақтар: тазалық құралдарын еске түсірейік

Жүргізуші кір балаға ұсыныс айтады: жаман әдетті тастап, тазалықты сақтауға көмектесетін қажетті заттарды жұмбақ арқылы еске түсіру.

Жылпылдап, қолда тұрмайды,
Ақ көбік болып зырлайды.
Кір-қоқысқа жаны қас,
Түк қалдырмай қырнайды.

Жауабы: Сабын

Қант та емес, ұн да емес,
Ұқсастық бар ептеген.
Тістің бәрін аппақ қып,
Тигізеді септігін.

Жауабы: Тіс ұнтағы

Арқалығы сүйектен,
Жапсырылған қылы бар.
Тістен көрсе кірлерді,
Тұра алмайтын жыны бар.

Жауабы: Тіс щеткасы

Жылы толқын сағалауы,
Шойыннан жағалауы.
Үйдегі шағын теңіз —
Дұрыс болар бағалауы.

Жауабы: Ванна

Қалта түбінде орным бар,
Мақсатым айқын — орындар.
Көз бен мұрын суын сүртем,
Мұның не екенін табыңдар?

Жауабы: Қалта орамал

Қатар-қатар тісім бар,
Шашыңменен ісім бар.

Жауабы: Тарақ

Жуынып болғанда
Жүреді қолыңда.

Жауабы: Орамал

Шешім

Кір бала: Тазалық, мен сенің достарыңнан көп нәрсе ұқтым. Енді сенімен дос болғым келеді.

Тазалық: Дос болғың келсе, ұмытпа: басты байлық — денсаулық. Сақта жолын, дұрыс әдетті сен тауып.

Қорытынды: денсаулық — қоғам байлығы

Денсаулық туралы ой

1-оқушы: Денсаулық — ол шыныққан барлық дене мүшесі. Денсаулық — ол тыныққан жүйке-тамыр жүйесі.

2-оқушы: Денсаулық — ол күлуің, көңіл-күйің жадырай. Денсаулық — ол жүруің, ешбір жерің ауырмай.

3-оқушы: Басты байлық — денсаулық, бабаң айтқан даналық. Сақта жолын сен тауып осы шақтан — балалық.

Жүргізушінің үндеуі

Кейбір салақтың қылығын қайталамаңдар. Тазалық пен денсаулық — өмірдің тірегі. Жақсы азамат болып өсу — әр ата-ана тілегі.

Адам денсаулығы — қоғам байлығы. Тәуелсіз Отанымыздың келешегі, көркеюі сендердің қолдарыңда. Сондықтан тазалықты сақтап, денсаулықты күту және салауатты өмір салтын ұстану — еліміздің болашағына қосқан үлес.

Ән

«Ел қорғауға әзірміз»