Құстардың көктемгі тіршілігі

Дүниетану (3-сынып)

Сабақ тақырыбы: Құстардың көктемгі тіршілігі. Бұл сабақта жыл құстары туралы түсінігімізді кеңейтіп, құстардың табиғатқа тигізетін пайдасын қарастырамыз.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға жыл құстары туралы түсінік беру және құстардың жалпы пайдасын таныстыру.
  • Көктем мезгілінде құстар тіршілігінде болатын өзгерістерді түсіндіру.
  • Отанын, жерін, орманын, көлін, табиғатын сүюге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен әдістер

Көрнекілігі:

құстардың суреттері, «Орманға саяхат» плакаты, құстар жайлы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, сөзжұмбақ, үнтаспа.

Әдісі:

түсіндіру, әңгімелеу, жұмбақ шешу, мақал-мәтелдерді қолдану.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық: оқушылар бір-біріне жылы лебіз, жақсы тілек айтады.

2) Үй жұмысын тексеру

Тақырып: үй құстарының көктемгі тіршілігі.

  • Қандай үй құстарын білесіңдер?
  • Адамдар үй құстарын не үшін бағады?
  • Үй құстарының пайдасы неде?

3) Жаңа сабақ

Әңгімелеу:

Табиғат деген не? Табиғат — бізді қоршаған орта: тау, күн, ауа, жер, су, адам, өсімдіктер мен жануарлар. Табиғаттың бір бөлігі — құстар. Бүгінгі сабақта құстар туралы айтамыз.

Құстар негізгі екі топқа бөлінеді: үй құстары және жабайы құстар.

Сөзжұмбақ және жұмбақтар

Тақтадағы жұмбақтарды шешіп, жасырын сөзді табайық.

  1. 1. Көктемде құстар келгенде ең алдымен келетін құс қандай?
  2. 2. Құстың ең ірісі, өзі ұшпайды.
  3. 3. Өзі сақ, өзі ұсақ. Шықылықтап тұрмайды. Құйрығы ұзын, өзі ала.
  4. 4. Бұл су құсы, аспанда бұрыш жасап тізбектеп ұшады.
  5. 5. Көлдің көркі, сәні екен, ұшқанда сазды ән екен. Ақындар оны мақтаған, адамдар қорғап сақтаған.
  6. 6. Түсі қара мақпалдай, төсі ақ сыр жаққандай. Ұшса оқтай зулайды, көктемде жұлдыз аққандай.

Нәтиже

Тігінен шыққан сөз: ҚҰСТАР. Демек, бүгін құстар туралы білімімізді кеңейтеміз.

4) Көктемдегі өзгерістер

Қазір жылдың қай мезгілі? Көктем. Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады?

Сәуір келді, тіршілікке жан кірді.
Кең дала жасарып, жаңғырды.
Бар өңір құлпыра бастады,
Төсіне құйып ап жаңбырды.

Жыл құстары келді деп, балдырғандар мәз болды.
Қос қанаты желпілдеп, көлге үйрек-қаз қонды.

Ұшып келген ең алғаш, қараторғай қырағы.
Ұяларға қонақтап, дейді: «Менің тұрағым».

5) Мәлімет: құстардың пайдасы

Жер бетінде құстардың 8600-ге жуық түрі бар, ал Қазақстанда 500-ге жуық түрі кездеседі. Табиғатты қорғап, күткенде ғана бұл байлық көбейеді.

Қорғау шаралары

Сирек әрі саны азайған құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, оларды көбейтуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Құстарды қорғау үшін қорықтар құрылады. Қазақстанда 5 қорық бар, бізге жақыны — Қорғалжын қорығы. Онда құстардың шамамен 100 түрі кездеседі.

Табиғаттың сәні

Құстар табиғатқа көрік береді. Олардың сазды әуені айналаны құлпыртып, адамның көңіл күйіне әсер етеді. (Сабақта құстардың дауысы үнтаспадан тыңдатылады.)

Зиянкестермен күрес

Құстар ағаштағы және жердегі зиянды жәндіктерді жеп, табиғи тепе-теңдікті сақтайды. Мысалы, жапалақ ай сайын шамамен 150-дей тышқан жейді, ал қараторғай 22 тоннаға дейін шегірткені азық етеді.

Халық даналығы

«Көкек келді — көктем келді» дейді. Көкек туралы не айта аламыз?

Жаршысымын көктемнің — көкек дейді мені жұрт.
Өз атын айтар құс менмін.
Көктемді күтсең — мені күт.

Көкек өз ұрпағына ұқыпсыз болғанымен, пайдалы құстардың бірі. Ол күніне 39 шегіртке, 43 жұлдызқұрт, 50 шытырлақ қоңыз, 4 өрмекші және құмырсқа жұмыртқаларын қорек етеді.

Сергіту сәті

Қане, қанат жазайық,
Қарлығаш боп ұшайық.
Ұшып-ұшып алайық,
Орнымызға қонайық.