Көтеріп бір аяғын, Қаздарым тұр аулада

Құдіретті Жер-Ана: сүйіспеншілікке бастайтын сабақ

Бұл сабақ 7-сынып оқушыларына арналған. Негізгі құндылық — сүйіспеншілік. Дамытылатын қасиеттер: аянбай қызмет ету, татулық, азаматтық жауапкершілік.

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың жер туралы түсінігін кеңейту және Жерді сүйіспеншілік құндылығы ретінде қабылдауын тереңдету.

Сабақтың міндеттері

  • Жердің адам өміріндегі мәнін және оның адамға әсерін түсіндіру.
  • Жерді құндылық ретінде түсініп, жүрекпен сезінуге жетелеу.
  • Жерді сүюге, қадірлеп-қастерлеуге және қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

«Өзін-өзі тану» сабағында сіздермен қайта жүздесу — үлкен қуаныш. Бүгін бір-бірімізге күлімсіреп сәлемдесіп, ортадағы жемістерден бөлісіп, орнымызға жайғасып, сабағымызды бастайық.

2) Тыныштық сәті: жағымды жағдай қалыптастыру

Табиғаттың ең көркем мекенінде тұрғаныңызды елестетіңіз. Жалаң аяқ жұмсақ, жасыл шөптің үстімен жүрсіз. Шөп аяғыңызды нәзік сипағандай сезіледі. Күн шуағы жер бетін жылытып тұр. Гүлдің, шөптің, балдың хош иісі сезіледі. Өзеннің сыңғырын, құстардың көңілді үнін естисіз.

Тыныштықта бір сәт өзімізді тыңдайық, табиғат-анамызды тыңдайық. Алақандарыңызды күнге қарай жайып, жылы сәулені сезініңіз. Енді көзімізді ақырын ашып, қолымызды жан-жаққа жайып, өмір, денсаулық, қуаныш сыйлаған табиғат-анаға алғыс айтайық.

Талқылау

«Балалар, қандай әсер алдыңдар? Қандай сезім туды?» — ой бөлісу.

3) «5Т» ережесі

Сыныптағы өзара құрмет пен тыңдай білу мәдениетін сақтау үшін «5Т» ережесін еске түсіру және бекіту.

4) Үй тапсырмасын тексеру

Табиғат пен туған жер туралы жаттаған өлең шумақтарын айту және мазмұндау.

5) Жағымды ой-пікір (дәйексөз)

«Адамның су мен жер туралы ойлағаны — өзі туралы ойлағаны».

Ш. Айтматов

Дәйексөз арқылы оқушылар Жер-Ана мен адам өмірінің ажырамас байланысын түсінеді: жерді қадірлеу, қорғау — әр адамның азаматтық міндеті.

6) Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)

«Жер-Ана — жомарт ана: тер төккенге» — халық нақылы. Қазақ халқы табиғат тылсымын танып, оның ыстығына күйіп, суығына төзіп, табиғатқа қатысты өсиет, мақал-мәтел, тыйым сөздерді ұрпаққа аманат еткен.

1-топ: мақал-мәтелдер

  • Сулы жер — нулы жер.
  • Бұлақ көрсең, көзін аш.
  • Су жүрген жер — береке, ел жүрген жер — мереке.
  • Қыстағы қар, жаздағы жаңбыр — жерге жауған нұр.
  • Аққу құссыз — көл жетім, айтылмаған сөз — жетім.
  • Бұлбұлға бау жақсы, кекілікке тау жақсы.
  • Ауа — өмір тынысы.
  • Судың да сұрауы бар.
  • Жер — қазына, су — гауһар.

Қорытынды: табиғат туралы мақал-мәтелдер — халық даналығының айғағы.

2-топ: тыйым сөздер

  • Суға түкірме.
  • Суды лайлама.
  • Су ішетін құдыққа түкірме.
  • Бұлақты былғама.
  • Көкті жұлма.
  • Орманды өртеме.
  • Жалғыз ағашты кеспе.
  • Құмырсқаның илеуін бұзба.
  • Өрмекшіні өлтірме.
  • Аққуды атпа.

Талқылау: тыйым сөздердің мәні — табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыру.

3-топ: жұмбақтар

Қар еріп, қыр көгерді, қыс қиқуы көбейді. Жерге дән сеуіп, қорадан жас төл өрді.

Жауабы: көктем

Дала тегіс сарғайды, шаруа қысқа қамданды. Күн қысқара бастады, тауға тұңғыш қар жауды.

Жауабы: күз

Күн ысып, су жылынып, егін басын тұр иіп. Жеміс тердік бақшадан, жеңімізді түрініп.

Жауабы: жаз

Сұлық жатыр ақ дала, сирек жортқан аң ғана. Көтеріп бір аяғын, қаздарым тұр аулада.

Жауабы: қыс

Көктемде көгереді, жазда ырысқа бөленеді. Күзде пісіп марқаяды, қыста бірден қартаяды.

Жауабы: жер

Қызығып әр адам, ұстап ап даладан. Жүніңді жұлып ап, бесікке қадаған. Бұл қай құс?

Жауабы: үкі

Қашаудай мықты тұмсығым, бәсеке тігем, бұл шыным. Құрт-қоңыз, шыбын аулап жарысам, орман дәрігері болып табылам.

Жауабы: тоқылдақ

Түсі қара мақпалдай, төсі ақ сыр жаққандай. Ұшса оқтай зулайды, көктен жұлдыз аққандай.

Жауабы: қарлығаш

Биікке салған ағаш үй — сол ғой оның мекені. Жаздай сайран салып ап, қыста алыс кетеді.

Жауабы: қараторғай

7) Мәтінмен жұмыс және қорытынды тапсырма

Оқулықтағы А. Өтегеновтің «Сан түрлі әлем» атты толғанысын оқып, Жер туралы түсінікті кеңейту. Дәптердегі тапсырмаларды орындау.

Жұмысты аяқтау

  • Оқушылардың үздік шығармаларынан шағын көрме ұйымдастыру.
  • Сабақ соңында «Жерді қорғау — өзіңді қорғау» ой-түйінін бекіту.