Қысқы спорт түрлері
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Оқушылардың қысқы спорт түрлері туралы білімін пайдалана отырып, шаңғы тебуге дайындық бойынша теориялық мәліметтермен және қауіпсіздік техникасы ережелерімен таныстыру.
Дамытушылық
Шаңғымен сапқа тұру, бұрылу, сырғанау дағдыларын қалыптастыру, құрал-жабдықтарды күтіп ұстауға үйрету.
Тәрбиелік
Қысқы спорт түрлеріне қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Кезекшінің баяндауы.
- Музыка ырғағымен бой жазу жаттығуларын орындау.
II. Қызығушылықты ояту
«Ой шақыру»: қысқы спорт түрлері туралы бейнебаян көрсету.
«Ассоциация» үшін тірек сөздер:
III. Мағынаны тану
1) Үй тапсырмасын тексеру (жұптық жұмыс)
- 1 Шаңғышылар туралы мәлімет.
- 2 Өлеңдер мен жұмбақтар.
- 3 «Үндемес» ойыны: қысқы спорт түрлерінің қимыл-қозғалысын көрсетіп орындау.
- 4 «Суретшілер»: қысқы спорт құрал-жабдықтарының суретін салу.
- 5 Қысқы спорт түрлері туралы қысқаша мәліметтер.
2) Жұмбақ
Табаныма байладым,
Қос таяқпен айдадым.
Жауабы: шаңғы
3) Дәптермен жұмыс
Күннің жадын және тақырыпты жазу.
4) Мұғалімнің түсіндірмесі
Шаңғы тебудің пайдасы, шаңғышының киімі, қауіпсіздік техникасы, саптағы жаттығулар, шаңғы жабдықтары және оны күтіп ұстау туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
А) Шаңғы спорты туралы
Шаңғы спорты — қысқы спорт түрлерінің негізгі бағыттарының бірі. Оған шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы және биатлон кіреді. Бұл спорт түрлері қысқы Азия ойындары мен Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген.
Жаттығулар мен жарыстардың ашық аспан астында, таза ауада өтуі денсаулыққа өте пайдалы: шыдамдылықты, күш пен шапшаңдықты, батылдықты, ептілікті, табандылықты және бақылағыштықты дамытады, өкпенің сыйымдылығын арттырады. Шаңғы тебу кезінде дененің барлық бұлшық еттері жұмыс істеп, жан-жақты шынығуға ықпал етеді.
Шаңғы спортынан алғашқы ресми жарыс 1767 жылы Норвегияда өткен.
Ә) Шаңғы және киім таңдауы
Шаңғы — қар үстінде қозғалу үшін қолданылатын құрал. Әдетте ұзындығы 150–220 см болатын екі ұзын ағаш немесе пластик тақтайдан тұрады. Шаңғы арнайы бекіткіш арқылы аяққа, шаңғы бәтеңкесімен бірге бекітіледі.
Киім жеңіл, ыңғайлы, әрі жел өткізбейтін жылы болуы керек. Ең қолайлы аяқ киім — табаны қатты, былғарыдан тігілген шаңғы бәтеңкесі.
Б) Өз бойыңа лайық шаңғы мен таяқ таңдау
- Шаңғыны жаныңа тігінен ұстап, бір қолыңды жоғары созғанда, алақаның шаңғының ұшына еркін жетуі тиіс.
- Шаңғы таяғының ұзындығы жаныңда түзу тұрған қолдың деңгейіне сәйкес болуы керек.
В) Шаңғының сырғанау бөлігін сақтау және майлау
Шаңғының ортасындағы иін жүру кезінде аяққа серпімділік береді. Оны сақтап қалу үшін шаңғы табандарын беттестіріп, бас жағы мен аяқ жағын жіппен байлап, ортасына керіп ашып тұратындай ағаш сына қыстырып қою ұсынылады.
Майлау ережелері
- Шаңғы табаны құрғақ әрі таза болуы тиіс.
- Арнаулы майды табанға біркелкі етіп жағу керек (ауа райына сай май түрі таңдалады).
Г) Шаңғы тебудің қарапайым тәсілі
Шаңғы тебу адамды шапшаңдық пен төзімділікке баулып қана қоймай, жақсы демалуға да көмектеседі. Бұл спорт түрі жасқа қарамай, көпшілікке қолжетімді.
Үйренуді қарапайым жүрістен бастаған дұрыс. Ең қарапайым тәсіл — екі аяқпен алма-кезек адымдап, алға қарай сырғанау. Сол аяқпен адымдағанда оң қол алға, оң аяқпен адымдағанда сол қол алға сермеледі. Адымдау барысында таяқ жерге бір рет тіреледі.
Ғ) Қауіпсіздік ережелері
- 1) Киім жылы болуы керек: жылы іш киім, тоқыма қолғап, бөрік міндетті. Желді күні кеудеше киген дұрыс.
- 2) Аяқ киім кең әрі жылы болуы тиіс: қалың шұлық пен ұлтарақ салғанда аяқты қыспасын.
- 3) Аязда үсік белгілері байқалса, сол жерді қармен қызарғанша ысқылап, алғашқы көмек көрсетіледі.
- 4) Бекіткіштің және аяқ киімнің дұрыс киілуін үнемі бақылау қажет.
- 5) Қалың қарда, мұзда және бұталар арасында абайлап жүру керек.
- 6) Таудан төмен сырғанау тек мұғалімнің рұқсатымен, кезекпен және арақашықтық сақтай отырып орындалады. Тауға көтерілу белгіленген жерлерде ғана мүмкін. Түсіп келе жатқан адамдардың жолын кесіп өтуге тыйым салынады.
5) Топтық жұмыс (флипчарт арқылы)
I. «Сәйкестендіру»
Суретке қарап, сәйкес келетін ұғымдарды анықтап, сызықпен қосу.
II. «Суретті сөзжұмбақ»
Сурет бойынша торкөздерді толтыру.
III. «Кім тапқыр?»
Жасырынған сөздерді тауып жазу.
IV. «Кім зейінді?»
Суретке мұқият қарап, спортшыларды ретімен атап шығу.
6) Ой толғаныс: тест
1. Табанына байлап, қолға қос таяқ ұстап жүру — қандай спорт түрі?
- а) шаңғы
- ә) коньки
- б) велосипед
2. Шаңғы спортының отаны қай ел болып есептеледі?
- а) Испания
- ә) Норвегия
- б) Англия
3. Шаңғышы қандай арнаулы киім киюі керек?
- а) қалың әрі суық өткізбейтін
- ә) жеңіл әрі жел өткізетін
- б) ыңғайлы әрі жел өткізбейтін
4. Өз бойыңа лайық шаңғыны қалай таңдайсың?
- а) шаңғының ұзындығы — жоғары көтерген қолдың алақаны деңгейінде, таяқ — жаныңа созған қолға тірелетіндей деңгейде
- ә) шаңғының ұзындығы — жоғары көтерген қолдың алақаны деңгейінде, таяқ — мықын деңгейінде
- б) шаңғының ұзындығы — иық деңгейінде, таяқ — жоғары көтерген қолдың алақаны деңгейінде
5. Шаңғы ортасының көтеріңкі қалпын сақтап қалу үшін оны қалай жинастырып қою керек?
- а) табандарын беттестіріп, бас жағы мен аяқ жағын жіппен байлау
- ә) табандарын беттестіріп, бас жағы, ортасы мен аяқ жағын жіппен байлау
- б) табандарын беттестіріп, бас жағы мен аяқ жағын жіппен байлап, ортасына керіп ашып тұратындай ағаш сына қыстыру
6. Шаңғы жақсы сырғанау үшін табанына не жағу керек?
- а) крем
- ә) арнаулы май
- б) сұйық май
7) Үй тапсырмасы
Қысқы спорт түрлеріне қатысты ребус немесе сөзжұмбақ құрастырып келу.
8) Бағалау
Белсенді қатысқан оқушыларды атап өту, мадақтау және жинаған ұпайлары бойынша бағалау.