Жеті атамыз - жеті жұрт

Мақсаты

Оқушылардың бойында ата-анаға деген сүйіспеншілікті арттыру, үлкенді құрметтеуге, ойлануға тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Мұғалімнің сөзі

Қазақта: «Ана — сая болар бағың болса, Әке — асқар тауың» дейді.

Бір күн бар жылатар күн, жұбатар күн,
Бір күн бар мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
«Әке» деген сөзімді ұмытар кім?!

Ана — жарық сыйлаған жан екенсің,
Ана — шуақ шашатын таң екенсің.
«Ана — өмір, ана — бақыт, ана — жүрек»,
Деп соққан жүрегімнің әні екенсің.

Әке мен ананың орны адам өмірінде ерекше емес пе?!

Құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі сыныбымызда ата-ана мен бала арасындағы махаббаттың бір айшығы ретінде ұйымдастырылып отырған «Қызым — қызғалдағым, ұлым — ізгі арманым» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Негізгі ой

Отбасы — қоғамның ең кіші бөлшегі. Отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Ата-ананың берген тәлім-тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды.

Құндылық

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, келешекке сенімі — баланың ата-анасын ардақ тұтып, перзенттік парызын бір сәт те ұмытпауында. Бұл — жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, адамгершілігінің белгісі.

Ата-ананың үміті мен арманы — баласы. Сондықтан ананың ақ сүтін, әкенің адал еңбегін ақтау, яғни болашағымызды сақтау мақсатында бұл іс-шара ұйымдастырылып отыр.

Шараның барысы

1-жүргізуші

Халқымның әні қандай, жыры қандай,
Шешеннің нәрі тамған тілі балдай.
Шымырлар ән бойыңа тарайтұғын,
Ал биі нәзік жанды балқытқандай!

Би орындалады.

2-жүргізуші

Иә, «Ата-ананың парызын өтеу — сенің парызың» деген сөздер кішігірім жақсылықтарға бастау болады деп сенемін.

Әйел затының сұлулығы мен әдептілігі, ер азаматтың қажыр-қайраты, намыс-жігері — бәрі де бала бойына берілетін асыл қасиеттер. Ендеше, бүгінгі тәрбие сағатымыз сайыс түрінде өтеді.

Бес отбасы таныстырылады.

Сайыс бөлімдері

  1. 1-бөлім

    «Кел, танысайық»

  2. 2-бөлім

    «Сен білесің бе?»

  3. 3-бөлім

    «Көрермендер көзайымы»

  4. 4-бөлім

    «Жеті жұмбақ — жеті жұмақ»

  5. 5-бөлім

    «Сегіз қырлы, бір сырлы»

Енді осы сайысқа әділ баға беретін қазылар алқасын сайлап алайық.

Әділқазылар алқасы таныстырылады.

1-бөлім: «Кел, танысайық»

1-жүргізуші

Десек те уақытпен жарыспайды,
Қияға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүрекпен тебіреніп,
Өнерлі ата-аналар қалықтайды.

Осылайша 1-бөліміміз — «Кел, танысайық» кезеңіне кезек берейік.

Әр топ өздерін таныстырады.

Ұлылардан қалған ұлы сөздер

2-жүргізуші

Қыз емес, қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқымның сақтай білген ізгі салтын.

Ендеше, даналыққа толы сөздерге құлақ түрейік.

  • 1-оқушы

    Мұхаммед пайғамбар: «Әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла және тағы да анаңды сыйла!»

  • 2-оқушы

    Кемал Кеніш: «Үйіміздің шуақты нұры — аяулы ана болса, ақылшы тірегі — әке».

  • 3-оқушы

    Дулат Бабатайұлы: «Ата-ана ақылы — қазылған қара кенмен тең».

  • 4-оқушы

    Махмұд Қашқари: «Атасынан ақыл алса — тентек ұл да жөнделер».

  • 5-оқушы

    Виктор Гюго: «Нәзіктіктің жиынтығы — ананың алақаны; ол сәби үшін жылы ұя».

  • 6-оқушы

    Қадыр Мырза Әлі: «Қазақ әйелі — бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең ізгі жан иесі».

  • 7-оқушы

    Ғабит Мүсірепов: «Ана — бар тілегін перзентінің жолына, бақытына арнаған әлемдегі ең мейірбан жан».

  • 8-оқушы

    Ғабиден Мұстафин: «Балаға сіңірген ата-ананың еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды. Ол — өле-өлгенше суынбайтын, сарқылмайтын махаббат».

2-бөлім: «Сен білесің бе?»

1-жүргізуші

Айтамыз жақсы тілек отбасыңа,
Тілейміз денсаулықты бас-басыңа.
Сүйсінсін сарапшылар сынға салып,
Біліміне сай шәкірт саспасын да.

Келесі бөліміміз «Сен білесің бе?» деп аталады: оқушылар әріп таңдап, сол әріптен басталатын сөздермен сұрақтарға жауап береді.

2-жүргізуші

Қабыл алшы өнерлерін баланың,
Тілектері орындалсын ананың.
Кең даламда шарықтасын әуені,
Әнші жұлдыз жас өнерпаз Дананың!

Ән: «Жан гүлім».

«Білгенім — бір тоғыз…» (өнерпаз аналар кезеңі)

1-жүргізуші

Аналар келді ортаға жайлап қана,
Өзінің нақышымен жайлап қана.
Көктеңіздей шалқып жатқан болмаса,
Бұлақтай көзі ашылған қайнап қана.

Бұл бөлімде ұяшық таңдау арқылы берілген сұрақтарға жауап беріледі.

  1. 1) Ұлағатты ырым-тыйымдардың мәні неде?

    Бала тәрбиесінде ырым-тыйымдарға көп көңіл бөлесіз бе?

  2. 2) Мақалдың мәнін ашыңыз:

    «Ана — балаға жастық, әке — көрпе».

  3. 3) Салт-дәстүр:

    Бала өмірге келгеннен бастап азамат болғанға дейінгі салт-жоралғыларды атаңыз.

  4. 4) Тарихи тұлғалар:

    Бүкіл халықтың анасына айналған, аты аңызға айналған аналарды атаңыз.

  5. 5) Таным:

    «Бала тегіне тартады» дегенді қалай түсінесіз?

2-жүргізуші

Әуезі ән, жаны раушан күй жүрегі,
Шел басқан сезімді де идіреді.
Билесе Жанерке қыз мың бұралып,
Жер тербеліп, аспанымда Күн күледі.

Би орындалады.

Сөз маржаны: жеті санының киесі

1-жүргізуші

Табиғат құдіретіңе таңғаламын,
Бас иіп қасиетіңе жар саламын.
«Жеті жұмбақ — жеті жұмақ» өзіңменен,
Құпияңды ашқан сайын тамсанамын.

9-оқушы

Қазақ халқы табиғаттың тылсым сырына сәйкес 3, 5, 7, 9 сандарын киелі санаған. Көшпенділер ұғымында күннің көзі жеті сәуледен тұрады деген мағлұмат бар.

Жеті қат көк, жеті қабат жер асты.
Жеті Жарғы — заңымыз, бар жеті қазынамыз.
Жеті атамыз — жеті жұрт. Ағайынды жеті жұт.
Жеті түрлі шұғыла, жерде жеті керемет.
Жеті шелпек, жеті септік.
Көк аспанда жеті түс — мұны бәрің біліп өс.
Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл!

Жеті санына қатысты мағына мен ұғымның мол екенін байқадық.

4-бөлім: «Жеті жұмбақ — жеті жұмақ»

2-жүргізуші

Бұл бөлімге топ мүшелері — ана мен бала — толық қатысады. Әр топ ұяшық таңдап, берілген сұраққа жауап береді.

Жеті жоқ

Жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллада бауыр жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ.

Жеті ғалам

Күншығыс, күнбатыс, оңтүстік, солтүстік, аспан (жоғарғы ғалам), жер (орта ғалам), жер асты (төменгі ғалам).

Жеті жұт

Құрғақшылық, ашаршылық, өрт, су, оба, соғыс, зілзала.

Жеті қат көк

Жер, Меркурий, Марс, Плутон, Сатурн, Шолпан, Юпитер.

Жеті ашық

Қыз Жібек — Төлеген, Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Қалқаман — Мамыр, Фархад — Шырын, Еңлік — Кебек, Ләйлі — Мәжнүн, Жүсіп — Зылиха.

Оқшы атадағы жеті әулие

Оқшы ата, Есабыз ата, Ғайып ата, Асан ата, Қыш ата, Досбол датқа, Бала би.

Жеті қазына

Ер жігіт, сұлу әйел, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік ат, құмай тазы.

Жеті амал

Күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, тоқсанның кіруі, айдың толуы.

Жеті септік

Атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес.

Жеті күн

Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.

Өсиет пен арнау

1-жүргізуші

«Болады жігіт аты затына сай…» — деген сөздер бүгінгі жігіттерге өсиет болсын.

10-оқушы

Жақсы бол жігіт болсаң ел көргендей,
Досыңа қысылғанда дем бергендей.
Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз,
Тұйғынға қапастағы жем бергендей.

Жігіт бол, жігіт болсаң бұлғақтамай,
Орынсыз сөз сөйлеме жын қаққандай.
Еліңе жақсы істі жаса әуелі,
Халыққа көңіл бөліп тындатқандай.

Болсын әркез өнерің көпке үлгі,
Көңілің нұр, әрқашан жаның ізгі.
Асыл мұра — әр сөзің тасқа жазған,
Жігіттер жасампаз боп жаса мәңгі!

2-жүргізуші

Бұл өлең жігіттерге жалаулы жігер мен найзалы намыс берсін!

5-бөлім: «Сегіз қырлы, бір сырлы»

Әр топ өз өнерін көрсетеді.

1-жүргізуші

Бәйгеден келсе жүйрік жарар еді,
Сүзілтіп жал-құйрығын тарар еді.
Көгімнен күн сәулесі шуақ шашып,
Көкейде ән боп өшпей қалар еді.

Ән: «Шақырады көктем».

Қорытынды

2-жүргізуші

Бүгінгі ұл-қыздарыңыздың өздеріңізді құрметтейтінін айқындаған тәрбие сағатымыз да мәресіне жетті. Ендеше сөзді әділқазылар алқасына берейік.

Жүректен шыққан жыр

Келе ғой, ботақаным, өзіме деп,
Анам кеп сипағанда шашымды жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол кездегі,
Әкемнің маңдайымнан өпкен кезі-ай.

Тұрғандай ана сөзі тербеп мені,
Өмірім өнеріммен өрнектелді.
Тілейді әр ізіме ақ жол менің,
Әрқашан әке үні жебеп мені.

Жеңіс пен жеңілістен тұратын,
Өмір — күрес, жеткізе ме мұратың.
Жеңбедім, жеңілдім деп ренжімегін,
Қатысу да — бір жеңіс, жан болсаң сен ұғатын!

Ана деген мәпелейді баланы,
Ақ бесікте тербетеді ғаламды.
Әр сөзі күн нұрындай жылы тиер,
Ұлықтайық, замандастар, ананы!

Хор

Ұрпақтарға бақыт жолын аңсаған,
Тілейтұғын сыртта жүріп бақ саған.
Тіршіліктің тынысы мен ажары,
Әкем, шешем — теңдесі жоқ жақсы адам!

Мұғалімнің тілегі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар! Сіздердің отбасыларыңызға сыныбымның атынан тек жақсылық тілеймін. Қыздарыңыз қызғалдақтай құлпыра берсін, ұлдарыңыз ізгі армандарыңызды орындай берсін деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатын тәмамдаймын. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін!