Тәрелкедегі жармаға қысқы ағаштың суретін саусақпен салу

Ашық оқу қызметінің технологиялық картасы

Топ және тәрбиеші

Тобы
«Жұлдызша» ІІ кіші тобы
Тәрбиеші
Нуредилова Н. К.

Бағыт және тақырып

Білім беру салалары
Шығармашылық, Таным, Коммуникация
Бөлімі
Сурет салу
Тақырыбы
Қысқы ағаштар

Мақсаты

  • Балалардың қыс мезгілі туралы білімін кеңейту.
  • Табиғат құбылыстарының сұлулығын сезінуге баулу.
  • Табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеу.
  • Ағаштың бейнесін тіс пастасын пайдаланып дұрыс бейнелеуді үйрету.
  • Ойлауын, сөйлеуін және саусақ бұлшықеттерін дамыту.

Көрнекі құралдар

  • Қыс мезгіліне арналған иллюстрациялар
  • Қысқы ағаштардың суреттері
  • Қысқы ағаш салу үлгісі
  • Дидактикалық ойындарға көрнекіліктер
  • Тіс пастасы, жарма
  • Жапырақтар (жасыл, сары), ұлпақарлар

Оқу қызметінің кезеңдері

Төменде ашық оқу қызметінің барысы кезең-кезеңімен берілген: тәрбиешінің әрекеті, балалардың жауаптары мен орындау қадамдары.

1) Мотивациялық-қозғаушы

Жұмбақ

Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Кейде ұлып, кейде ысқырып,
Ұйтқып боран соғады.
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады?

Әңгімелесу сұрақтары

  • Бұл қай кезде болады?
  • Қыстың қандай ерекшеліктері бар?
  • Қыста қалай киінеміз?
  • Қыста қандай ойындар ойнаймыз?
  • Қыс мезгілі сендерге ұнай ма?

Ойын және мнемо-кесте

Дидактикалық ойын: «Артығын тап»

Мнемо-кесте арқылы қыс туралы тақпақ жаттау:

Балалар шықты далаға,
Ойнап-күліп жүр енді.
Шанамен сырғанайды,
Аққаланы соғады.

2) Іздену-ұйымдастырушы

Бақылау және түсіндіру

Балалар далаға назар аударады: айнала аппақ тонға оранғандай. Ағаштар ағарып кеткен. Бұл — қыс мезгілінде қар жауып, айналаны қалың жабатындықтан.

Қыста ағаштар тіршілігін тоқтатпайды. Серуен кезінде бұтақтарды сындыруға болмайды; керісінше, ағаш түбіне қар үйіндісін үйіп, қорғауға көмектесеміз.

Сюжеттік байланыс

Тәрбиешіге қоңырау түседі: саяхатшы Дара Африкада жүр, ал ол жақта қысқы ағаштарды көрмеген. Балалар Дараға көмектесу үшін қысқы ағаштардың суретін салып, фотосын жіберуге келіседі.

Саусаққа жаттығу

«Қар жауып жатыр» жаттығуы арқылы саусақтарды жұмысқа дайындау.

Шығармашылық жұмыс

Қысқы ағаштың бейнесін тіс пастасын пайдаланып саусақпен салу. Тәрбиеші орындалу жолын көрсетеді, балалар бұтақтарды бейнелейді.

Дайын жұмыстар мақталып, суретке түсіріліп, Дараға жіберіледі.

Сергіту және ойын

  • Сергіту сәті: «Қыс қызығы» (Али мен Айя әні).
  • Дидактикалық ойын: «Қысқы ағашты тап» — төрт жыл мезгіліндегі ағаштардың ішінен қысқысын таңдау.
  • Тәрелкедегі жармаға қысқы ағашты саусақпен салу, жұмыстарды талқылау.

3) Рефлексивті-түзетушілік

Дидактикалық ойын: «Тиістісін тап»

Балалардың алдында жасыл және сары жапырақтар, сондай-ақ ұлпақарлар болады. Міндеті — қысқы ағашқа сәйкес келетінін таңдап, ұлпақарларды ағашқа жапсыру.

Балалардың әрекеті

Балалар қысқы ағашқа тиістісін табады және ұлпақарларды ағашқа жапсырады.

Күтілетін нәтижелер

Біледі

Жыл мезгілінің ерекшеліктеріне қарай қысқы ағаштың қандай болатынын ажыратады.

Игерді

Бейнені қағаз бетіне дұрыс түсіру дағдысын меңгереді.

Түсінеді

Табиғаттың әсемдігін бағалап, қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың маңызын түсінеді.