Музыка пәнінде оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру
Кіріспе: музыкалық мәдениет — рухани тәрбиенің өзегі
Музыка — адамзаттың рухани азығы, жан серігі, ұшқыр қиялы мен нәзік сезімін тәрбиелейтін құндылық. «Домбыра сөйлейді, қобыз жеткізеді, сыбызғы білдіреді» деген тіркестердің қазақ мәдениетінде орнығуы да тегін емес.
Жасөспірім бойында талғампаздық пен эмоциялық мәдениетті қалыптастыруда, мәдениетті тұлға болып өсуінде, музыка әлемін терең түсінуінде мектептегі музыка тәрбиесінің орны айрықша. Мағжан Жұмабаевтың «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек» деген ойы бүгінгі оқыту үдерісіне де тікелей қатысты: сабаққа жаңа көзқарас қажет.
Педагогикалық ұстаным
В. Сухомлинский өнерді «өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деп бағалап, тәрбие үдерісінде өнерге ерекше мән беруді қысқа да нұсқа атап көрсеткен.
Бүгінгі күннің әуендерін классикалық музыкамен және ұлттық саз өнерімен ұштастыра отырып, тақырыпты шығармашылықпен аша білу — музыка мұғалімінен кәсіби шеберлікті талап етеді. Оқуға ынтасы бар да, ынтасы төмен де, тәртіпті де, тәртіпсіз де оқушыны музыка әлеміне қызықтырып, рухани бейнесін қалыптастыру — ұстаздың басты міндеті.
Н. Ә. Назарбаев
«Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында».
Ы. Алтынсарин
«Мұғалім — мектептің жүрегі».
Ақпарат қарқынды дамыған заманда оқушының білімге деген құштарлығын арттыруда оқыту технологияларының рөлі ерекше. Инновациялық әдістерді қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін дамыту, ізденісін күшейту, құзыреттілігін қалыптастыру — қазіргі білім беру жүйесінің негізгі мақсаты.
Музыка пәнінде сабақтарды жаңаша ұйымдастыру мұғалімнің рөлі мен жауапкершілігін арттырады. Теориялық, ғылыми-педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, ақпараттық технологиялар мен инновациялық әдістер арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу — маңызды міндет. Бұл тәсілдерді оқушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сай қолдану ғана нәтижелі болады.
Негізгі бөлім: сын тұрғысынан ойлау — менің іс-тәжірибемде
Мен осы бағытта сабақты жаңаша ұйымдастыру үшін сын тұрғысынан ойлау технологиясын жүйелі түрде қолданамын. Күнделікті тәжірибемде төмендегі әдіс-тәсілдер жиі пайдаланылады:
Қолданылатын әдістер
- Ассоциация
- Екі түрлі түсіндірме күнделік
- Концептуалды кесте
- Венн диаграммасы
- Кейіпкерге хат
- Семантикалық карта
- Кластерлеу
- ББҮ кестесі
- Уақытнамалық (хронологиялық) кесте
«Абай және оның әндері» сабағы
- 1 «Абай кім?» сұрағы бойынша ассоциация құру: оқушылар топпен жұмыс істеп, тез әрі толық жауап берді.
- 2 «Абай әндері» тақырыбында кластерлеу: жұптық жұмыста тақырып мазмұнын жүйеледі.
- 3 Уақытнамалық әдіс: Абай әндері туралы мәліметтерді нақтылап, жедел жауап алдым.
«Күй атасы — Құрманғазы» сабағы
- 1 Үй тапсырмасын бекіту үшін «Күй дегеніміз не?» сұрағымен ассоциация әдісін қолдандым.
- 2 ББҮ кестесі арқылы оқушылардың жаңа тақырып бойынша не білетінін және нені білгісі келетінін анықтадым.
- 3 Ән үйрену барысында И. Нүсіпбаевтың «Домбырасыз сән қайда» шығармасын орындатып, тақырыпқа кластер құрғыздым: оқушылар өлеңнің мағынасы мен мазмұнын ашты.
- 4 Құрманғазының «Ақсақ құлан» күйін тыңдап, шығу тарихымен танысқан соң концептуалды кесте толтырды: күйдің түрі, дыбысталуы, қасиеті мен қолданылуын меңгерді.
«Дара тұлға — Нұрғиса Тілендиев» сабағы
- 1 «Нұрғиса кім?» және «Нұрғисаның әндері» тақырыптарында ассоциация жасаттым.
- 2 Сабақты бекітуге «Екі түрлі түсіндірме күнделік» әдісін қолдандым: оқушылар жеке жұмыс арқылы өз пікірін дәлелдеп жазды.
- 3 Қорытындылау үшін шығармашылығына арналған хронологиялық кесте толтырылды.
«Қазақ халқының аспаптары» сабағы
- 1 Аспап атауларына қарай топқа бөліп, ассоциация әдісі арқылы білімдерін жүйеледім.
- 2 Венн диаграммасы арқылы халық музыкасы мен кәсіби музыканың айырмашылығын өз бетімен салыстырып толтырды.
Мақсат
Оқушы өз қабілетін байқап, өз бетімен ізденуге, шығармашылық ойлауға және топ алдында еркін сөйлеуге үйренеді.
«Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығы» сабағы
- 1 Әндері мен күйлеріне ассоциация жасап, уақытнамалық кесте және семантикалық картамен жұмыс жүргіздім.
- 2 Семантикалық картада кейбір оқушылар ән мен күй атауларын шатастырды: қателер түзетіліп, тақырып толық меңгерілді.
- 3 «Кейіпкерге хат» әдісі арқылы оқушылар Нұрғиса атасына деген ықыласын, құрметін әсерлі жеткізді.
«Қазақстандағы киномузыка өнері» сабағы
- 1 «Кино» сөзіне ассоциация жасап, концептуалды кесте толтырды.
- 2 Сабақты «Екі түрлі түсіндірме күнделік» әдісі арқылы бекіттім.
Қорытынды: күтілетін нәтиже
Сын тұрғысынан ойлау технологиясын жүйелі қолдану барысында менің педагогикалық жұмысымда бірқатар оң өзгерістер байқалды:
- 1 Сабақ жоспарының құрылымы жаңарып, мазмұны жүйеленді.
- 2 Оқушылар жұпта, топта және жеке жұмыс істеуді меңгерді.
- 3 Бірін-бірі бағалау мәдениеті қалыптаса бастады.
- 4 Ізденушілік қабілеті артты.
- 5 Сабаққа қызығушылығы күшейді.
- 6 Логикалық ойлау дағдылары дамыды.
- 7 Ойды жүйелі жеткізу, дәлелдеу дағдылары нығайды.
- 8 Білім сапасы жақсарды.
Түйін
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы — ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге мүмкіндік беретін тиімді әрі нәтижелі технология.