Астана қаласына саяхат. Астана қандай қала

Сабақтың тақырыбы

Астана — арман қала.

Саяхат сабағы Топтау Ой қозғау Әңгімелесу

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды Астана қаласының тарихымен, шежіресімен таныстырып, ізденіске және шығармашылыққа баулу.
  • Астана туралы деректер арқылы білімін дамыту.
  • Отанға сүйіспеншілігі зор, елжанды азамат тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Н. Ә. Назарбаев «Еуразия жүрегінде»
  • «Астана энциклопедиясы»
  • Қала суреттері, бүктемелер

І. Кіріспе сөз

Туған жер тарихын танып-білу — ұрпақ борышы

Тарихымызда маңызды орын алатын тақырыптардың бірі — туған жердің, қала мен ауылдың, ауданның тарихын зерттеу. Оның тарихи тұлғаларын, қоғам қайраткерлерін, ұлы адамдарын және кезеңдерін танып-білу — жас ұрпақтың қасиетті міндеті. Ал Отанды, жерді, елді сүюге баулу — мектеп пен ата-ананың ортақ парызы.

Туған жер тарихын білу үлкен ізденісті талап етеді. Сондықтан бүгін біз елордамыз — Астана қаласына танымдық саяхат жасаймыз.

ІІ. Астана шежіресі

Кәкімбек Салықовтың жырынан

«Әруақ қонған жас қала,
Алға баста, Астана!»

Ақын жырлағандай, Астана қазақтың жүрегімен тілдесіп, арман-үмітімен үндескен қалаға айналды. Елорда Сарыарқаның төсінде бой көтеріп, қысқа уақыт ішінде әлемге танылған жаңа шаһар сипатында қалыптасты.

Тарихтың терең ізі

Тарихи деректер қазіргі Астана аумағын адамдар өте ерте кезден мекендегенін көрсетеді. Археологтар Ақорда резиденциясы маңынан XI ғасырдағы Бозоқ қалашығының орнын тапқан.

Бірнеше ғасыр бойы бұл өңірде Қараөткел транзиттік және сауда-айырбас орталығы болды. Кейін ол Ақмола елді мекеніне айналды.

Қаланың атаулары мен мәртебесі

  1. 1 1832 жылы Ақмола приказы мен сыртқы округі ашылды.
  2. 2 1862 жылы округтік қала мәртебесіне ие болды.
  3. 3 1961 жылы атауы Целиноград болып өзгертілді.
  4. 4 1992 жылы тарихи Ақмола атауы қайта берілді.
  5. 5 1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстанның елордасы болып ресми жарияланды.
  6. 6 1998 жылғы 6 мамырда қала Астана деп аталды.

Қысқа мерзім ішінде бұрын облыс орталықтарының бірі болған Ақмола ерекше қарқынмен түлеп, әлемге танылып, Еуразия кеңістігіндегі заманауи сәулеті бар әсем қалалардың қатарына қосылды.

ІІІ. Астана қаласына саяхат

Саяхаттың мазмұны

  • Алматылық қонақтарды Астана қаласымен таныстыру.
  • Алматылықтар мен астаналықтардың кездесуі (сұхбат және әсер алмасу).
  • Елорда нысандары туралы қысқаша мәлімет, ой қорытындылау.

Сүйікті елордамыз — Астана күннен күнге көркейіп келеді. Ол Еуразияның географиялық кіндігінде орналасқан тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде қанатын кеңге жайды. Сәні мен салтанаты жарасқан қала сәулет өнерінің бірегей үлгілерін әлемге танытып отыр.

Ақорда Президент сарайы «Бәйтерек» Нұр-Астана мешіті Бейбітшілік пен келісім сарайы «Атамекен — Қазақстан»

«Бәйтерек» туралы ой

Нәсіпбек Айтұлы жырынан

«Асырған мерейіңді асқақтатып,
Елбасы — бойлап өскен Бәйтерегің!»

«Бәйтерек» монументі — елдің жаңа дәуірге ұмтылысын, тамыры терең тарих пен биік мақсаттың сабақтастығын бейнелейтін символдық нысан.

Есіл: атауының мәні

Есіл — республиканың солтүстік өңіріндегі бірнеше аймақты кесіп өтетін өзен. «Есіл» деп аталатын елді мекен де бар. Атаудың шығу тегі жөнінде зерттеушілер екі бағытты айтады:

  • бірі атауды «жасыл» түс ұғымымен байланыстырады;
  • екіншісі оны етістік түбірімен сабақтастырады.

Заманауи қала болмысы

Қала келбетін толықтыратын маңызды нысандар қатарында ҚазМұнайГаз ғимараты, «Астана салтанаты» тұрғын кешені, Нұр-Астана орталық мешіті және жаңа университеттің білім беру кешені бар.

Жаңа астананың келешегі Шығыс пен Батыс мәдениетінің тоғысуынан көрінеді: Еуропадан — прагматизмді, Шығыстан — рухани тереңдікті мұра етіп алып, өзіндік үйлесім табады.

Тарих пен тәуелсіздік нышандары

Саяхат барысында Отан қорғаушылар монументі, Кенесары Қасымұлының мүсіні, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Президент мәдени орталығы және «Атамекен — Қазақстан» этно-мемориалдық картасы секілді орындармен танысамыз.

«Астана — кіші інім», — деп,
Алматы берген батасын.

Тарихта 60-жылдары тың игерудің орталығы болған қала бүгінде тәуелсіз Қазақстанның киелі ордасына, ақиқатқа айналған арман қалаға айналды.

Халықаралық мойындау

  • 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.
  • 2008 жылы 5 сәуірде Мәскеуде өткен «Мегаполис: XXI ғасыр» халықаралық форумы аясында ТМД-ның үздік қаласы байқауында 9 аталым бойынша жеңіске жетті.

Қорытынды

Бүгінгі Астана мен келешек Астана — бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ұмтылыстарымыздың жарқын жеңісі екеніне көз жеткіздік. Енді ойымызды жүйелейік: Астана қандай қала?

Оқушылар өз пікірін айтып, әсерімен бөліседі. Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп рақмет. Сау болыңыздар!