Қош бол, бастауыш сыныбым

Сынып сағаты: «Қош бол, бастауыш сыныбым!»

Бұл сынып сағаты — бастауыш мектеппен қоштасып, жаңа белеске қадам басар 4-сынып оқушыларының жүрекжарды мерекесі. Бағдарламада ұстазға алғыс, ата-анаға құрмет, мектепке тағзым және балалық шақтың ең жарқын сәттерін еске алу көрініс табады.

Білімділік мақсаты

Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын ұғындыру, бастауышта алған білімнің берік негіз болып қаланатынына көз жеткізу.

Дамытушылық мақсаты

Алғаш қолына қалам ұстатқан ұстазбен қоштаса отырып, орта буында сабақ беретін мұғалімдермен таныстыру, әр баланың ерекшелігін танытып, сәт сапар тілеу.

Тәрбиелік мақсаты

Мектеп пен ұстазды құрметтеуге баулу, білімге құштарлықты арттыру, Отанның адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Қанатты сөздер

Кіріспе сөз (мұғалім)

Құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндер бүгінде білімнің негізін меңгеріп, қанаттары қатайған шәкіртке айналды.

«Қош бол, бастауыш сыныбым!» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!

Жүрек сөзі

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,

Мұндай күй болған шығар қаншаңызда.

Қол соғып, қошеметтеп шақырайық —

4-сыныптарды ортамызға!

Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады.

Жүргізуші сөзі

Алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала еді, ал бүгін — ес жиып, етек жапқан шәкірт. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап көрмелер, сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары олардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Балалық шақ — арман мен қиялдың мекені. Биік асуларға бастар ғажайып өмір дәл осы бал күлкілі күндерден басталады. Бүгін бүлдіршіндер бастауышпен қоштасып, тағы бір жылға есейгелі отыр.

Ендеше қызықты өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары мен ата-аналарының алдында өз өнерлерін көрсетуге дайын түлектерге сәттілік тілейік. Олай болса, жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!

Сәлемдесу (жүргізушілер)

1-жүргізуші

Армысың сен, алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр-алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын —

Мектебіме арналады бұл әнім!

2-жүргізуші

Бала шаққа болашақты жырлатып,

Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.

Күн нұрындай сәуле құйған көңілге —

Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!

3-жүргізуші

Армысыздар, әкелер-аналар!

Қыран құстай балапанын мәпелер.

Бүгін міне бастауышпен қоштасады —

Кешегі сәби, бүгінгі азамат-ерке!

Музыкалық нөмір

Ән: «Ұстазым»

Мектеп туралы тақпақтар

1-оқушы

Мектебім — сүйікті мектебім,

Бауырыңда түлеймін, көктеймін.

Сен — бұлақ, мен — қайың бүр ашқан,

Өзіңнен нәр алып көктедім.

2-оқушы

Мектебім — білім берер алтын ұям,

Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.

Төрт жыл бойы ата-анамдай баулыған,

Әрқашан қасиетті атың маған.

Жылдар өтсе дағы дүркіреп,

Әр күнің балалықтай бір жүрек бұл.

Өзіңе борыштармын өмір бойы —

Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

3-оқушы

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,

Алтын ұя, ақ босаға — киелі.

Қанат қаққан білім алып өзіңнен,

Күллі шәкірт саған басын иеді.

Би

Қазақ биі

4-оқушы

Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,

Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.

Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,

Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

5-оқушы

Мектеп — үйім, ұстазым менің — ата-анам,

Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.

Саяң ыстық, сен — мәуелі бәйтерек,

Тамырланып сан тарапқа тараған.

Музыкалық нөмір

Ән: «Мектебім»

Ұстазға тағзым

Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», — дегендей, бізге алғаш қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, әріп танытып, білім нәрімен сусындатқан мектептегі анамыз — ұстаз.

Ендеше өз ұстазымызға арнап өлең жолдарын ұсынайық.

1-оқушы

Ұстазым! Ұстазым, өзің едің асқақ әнім,

Басталған ақ батаңнан жас талабым.

Ұғындым ұлылықтың, даналықтың —

Ұстаздың ұлағатынан басталарын.

2-оқушы

Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,

Бар асылын бізге жиып, мол береді.

Қанатымен су себелеп асыл жан,

Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

3-оқушы

Тек үйреттің әділдікті, адалдықты,

Жирендік, ажыраттық жамандықты.

Жалғастырар ақ жолың сен салған —

Бар деп білгін, әрқашан балаң мықты.

Барлығы бірге

Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!

Музыкалық нөмір

Ән: «Ұстазға мың тағзым»

Төрт жылға шолу

Оқушылар сөзі

Иә, осыдан төрт жыл бұрын біз алты жасар сәби едік: сөмкемізді зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттадық.

Енді міне, сауатымызды ашып, білімнің негізін қалаған бастауышпен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.

Сағымдай өте шыққан төрт жыл ішінде ұстазымыз бізді сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат болуға баулыды.

Ендеше, бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа!

Слайд

Бастауыш сыныптағы қызықты сәттерден фотосуреттер көрсетіледі.

Фото орны

Сабақтағы сәттер

Фото орны

Тәрбие сағаты

Фото орны

Көрме / жоба

Фото орны

Спорттық жарыс

Тақпақ

Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз,

Әр бетін «Әліппенің» күле ашқанбыз.

Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,

Қайталап атымызды сұрасқанбыз.

Тақпақ

Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,

Ақылға келе алмадық ерте көніп.

Бойымыз бірте-бірте үйренісіп,

Мектептің ережесін үйрендік көп.

Тақпақ

Өмірдегі жолымды бір өзіңнен бастадым,

«А» әрпін алғаш сенен бастадым.

Ұстазым, естен кетпес мәңгілікке —

Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.

Би

Шығыс биі

Музыкалық нөмір

Ән: «Бастауыш — балбұлағым»

Ата-анаға алғыс

Біздің кемшілігімізді жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген жандар — ата-анамыз. Қатарымыздан кем қылмай, қамқор болып жүргендері үшін шын жүректен алғыс айтамыз.

Ендеше, аналарымызға жылы лебіздерімізді білдірейік.

1-оқушы

Дүниеге әкелген — ол да сенің анашың,

Ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анашың.

Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анашың,

Мәпелеген баласын — аман болсын анашым!

2-оқушы

Кеудемнен сезім селi ақтарылсын,

Болармын күні ертең-ақ мақтанышың.

Білім алып, тер төгем, еңбек етем,

Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

Музыкалық нөмір

Ән: «Анашым»

Ұстаз тілегі

Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,

Сенімдердің айналыңдар серпініне.

Ұстаздық ақ жүректен мен тілеймін —

Тек сәттілік, шәкірттерім, ертеңіңе!

Айналайын, жап-жарқын жүздеріңнен

Аластайтын жаныңды күз көңілден.

Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,

Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Құттықтау сөздер

Қонақтар мен ата-аналар тарапынан құттықтаулар айтылады.

Марапаттау

Оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталады.

Қорытынды

Осымен «Қош бол, бастауыш сыныбым!» атты мерекеміз аяқталды.

Әр балаға жаңа белесте табыс, білімге құштарлық және жарқын болашақ тілейміз.