Ақылсыз болмаңдар
«Есіңе мені алғайсың…» (әдеби-сазды кеш)
Білімділік
Оқушыларды поэзияда өзіндік із қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасымен таныстыру.
Дамытушылық
Мұқағали поэзиясының халыққа кең таралуының сырын таныту, сезіндіру; сөз құдіретін қабылдауды дамыту.
Тәрбиелік
Ақын шығармалары арқылы шындық пен сұлулықты қадірлеуге, адамгершілікке тәрбиелеу.
Кіріспе сөз
Жүргізуші:
Әлем — дархан, саялаңдар,
Бәріңе де орын бар.
Қорған емес, салтанатты,
Сәнді сарай соғыңдар.
Ей, адамдар, сендер тату,
Сендер тату болыңдар!
Осылай деп жырлап өткен ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келді. Мұқағалидың өмір мектебі Қарасазда басталып, өзі сүйген Алматыда аяқталды.
Көрініс: «Менің анкетам»
сахналық үзіндіДәрігер
№17 палатадағы Мұқағали жолдас, бері келіңіз. Анкета толтырамыз.
Дәрігер
Туған жеріңіз?
Ақын
Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Дәрігер
Туған жылыңыз?
Ақын
1931. Құрдасымын Шәмілдің.
Дәрігер
Шыққан тегіңіз?
Ақын
Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
Дәрігер
Біліміңіз?
Ақын
Орташа ғой. Алайда оны жоғарыға балаймын.
Дәрігер
Ана тіліңіз?
Ақын
Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де тағы бар.
Дәрігер
Қайда істейсіз?
Ақын
Мынау еңбек кітапшамнан тауып ал. Оқымаған, дипломсыз демесең, бір бойымнан бар мамандық табылар.
Дәрігер
Әскерге міндеттісіз бе?
Ақын
Міндеттімін. Біздің әлі жас кеуде. Жауынгердің ұлымын ғой, жанын қиған Мәскеуде.
Дәрігер
Шет елдерде болдыңыз ба?
Ақын
Болғам жоқ. Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап. Қалсам болды, өлсем болды жайыммен — осы отырған орнымда-ақ.
Дәрігер
Мекен-жайыңыз?
Ақын
Мекен-жайым — жер менің. Жерде жүрген ақын деген пендемін. Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған — мен өмірді жырлау үшін келгемін.
Дәрігер
Мұқағали жолдас, сіз әлі қаралып, дәрі ішуіңіз керек.
Ақын
Керегі жоқ, керегі жоқ, керегі жоқ бәрінің. Иненің де керегі жоқ, дәрінің де керегі жоқ.
Дәрігер
Сіз қаралып, емделіп шығасыз. Сіздей адам бізге қажет. Тыңдап көрейін, әлі-ақ жазылып кетесіз. (Тыңдап, дәрі жазып береді.)
Өлең мен ән — кеш өзегі
Жүргізуші: «Мені сөзге, жырға үйір еткен, халықты сүюге тәрбиелеген — әжем», — дейді ақын. Ендеше, Мұқағали кім?
(Слайд көрсетіледі.)
Өлең оқу
- «Халқым барда» — 6-сынып оқушысы Ахат Гауһар
- «Бәрібір сенің ұлыңмын» — Хайролла Амандық
- «Қайран, Қарасазым-ай» — Забихолла Бекжан
Сазды нөмір
Ф. Оңғарсынованың сөзімен айтқанда, Мұқағали поэзиясы — таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия. Ә. Тінәлиевтің «Фаризаға» әні орындалады.
Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Өлең оқу
- «Елім барда» — Аққалықова Әзиза
- «Үш бақытым» — Еркін Нұрсұлтан
- «Отан» — Елубай Ақжол
Ән
«Бақыт деген» өлеңі әнімен орындалады.
Тағылымды тақырыптар: Ана, әке, бала, мейірім
Ана туралы ой
Ана — өмір сыйлаушы, бала — өмір бағының бағбаны. Арулар — асыл жандар, ер азамат тағдырының иегерлері, тәрбиешілері. Оларға деген махаббат пен сүйіспеншілік — жырдың арқауы.
«Қуанышыңмен», «Арулар — асыл жандар» әндері орындалады.
Әкелік мейірім
Сәбиге деген мейірім, әкелік махаббат, баланың қайғы-мұңсыз өсуі үшін жасалар қам-қарекет — бәрі де келесі өлең мен әннен көрінеді.
«Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» өлеңі оқылып, «Әке» әні орындалады.
Ақын күнделігінен
«Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп — абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар: өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды… Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашанда адам қалпыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болыңдар! Әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені…»
Өлең оқу
«Мектебіме» — Камелова Арухан
Өлең оқу
«Арманда, ұлым» — Шернияз Мирас
Ән
«Сәби болғым келеді» әні орындалады.
Бейбітшілік үндеуі
«Болмасын соғыс, болмасын!» — Ақбисенова Перизат. «Көгершіндер» әні хормен орындалады.
Өнер туралы ой
Жүргізуші:
Ойлаңдар, достар! Өнерде жарыс болмайды!
Өресі жетпей, күндестік қылған оңбайды.
Өнерің жетіп, өсе алмай қалсаң — сол қайғы…
Күнде таласқан өнерің — өнер болмайды!
Өлең оқу
«Қызық өмір» — Сартай Шапағат
Бейнебаян
«Көнеміз» әні бейнебаянымен көрсетіледі.
Қоштасу әуені және ақын үні
Жүргізуші:
Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған.
«Аққулар ұйықтағанда» — Тапалова Күнсұлу.
Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.
«Жазылар естеліктер мен туралы» — Ақбисенова Жанаргүл. «Есіңе мені алғайсың» әні орындалады.
Тамыр мен тілге тағзым
Бабаларым, рахмет сендерге!
Балаларым болмасын деп көркөкірек,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде.
Бабаларым, рахмет сендерге!
Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,
Арулардың ашпай кеткен сырларын,
Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,
Қобызыңның шашағынан тыңдадым.
Менің мына қайта туған күнімде,
Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!
Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде,
Сөйле, Данте, менің ана тілімде.
«Сарыарқа» күйі орындалады.
Жүргізуші:
Лай су шаймайтын арым бар,
Дауылдан қорықпас жаным бар, —
деп жырлаған Мұқағали халқын сүйді, халық ақынды сүйді.