Зиянды әдеттер. Жүректен жүрекке

Сабақ туралы мәлімет

Мекеме

Семей қаласы, Шүлбі орта мектеп-кешені

Пән

Өзін-өзі тану

Мұғалім

Жұмықбаева Бекзат Жекебаевна

Сынып

6-сынып

Тақырып

«Денің сау болсын десең...»

Мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға денсаулықтың қымбат құндылық екенін, өмір сүру қажеттілігінің өзі баға жетпес байлық екенін түсіндіру. Денені шынықтыруға, шымыр да шапшаң болуға, ұқыпты әрі жинақы, талғампаз әрі қанағатшыл, таза әрі әдемі болуға тәрбиелей отырып білім беру; шығармашылық қабілетін дамыту және сөйлеу шеберлігін жетілдіру.

Сабақтың міндеттері

  • Денсаулықты сақтау және нығайту туралы білім қалыптастыру.
  • Өзін-өзі тәрбиелей білуге, жағымсыз іс-әрекеттерден аулақ болуға үйрету.
  • Салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Әдіс-тәсілдер

Тыныштық сәті, оқулықпен жұмыс, сахналау, «Назар аударайық», дәптермен жұмыс, «Жүректен жүрекке».

Көрнекіліктер

Үнтаспа, сызба-кесте, суреттер, мақал-мәтелдер.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру (шамамен 5 минут)

Сәлемдесу кезінде оқушылар қонақтарға қарап хормен айтады:

«Әдептілік белгісі —
Иіліп сәлем бергені.»

Оқушылар иіліп сәлемдеседі.

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады. Балғын әрі таза әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді жуып-шаяды, жүрегіңіздің қауызын ашады.

Нұр сәулесі бойыңызға жайлап тарасын: алдымен қолдарыңызға түссін — қолдарыңыз тек ізгі іс істеп, баршаға көмектессін. Содан кейін аяқтарыңызға тарасын — аяқтарыңыз сізді тек жақсылық жасайтын жерлерге апарсын.

Нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін — тіліңіз тек шындықты және ізгі сөзді айтсын. Құлақтарыңызға бағыттаңыз — тек жақсы сөз бен әсем әуенді естісін. Көздеріңізге жетсін — көздеріңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық таба білсін.

Басыңыз түгелдей нұрға толсын — санаңызға тек сәулелі ой келсін. Нұр күшейіп, денеңізден шығып, айналаңызға тарасын. Оны туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Тіпті уақытша түсініспей жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз — олардың да жүрегі нұрға толсын.

Бұл нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барша тіршілікке тарасын. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен — Нұрмын...»

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы әлем — сіздің жүрегіңізде. Осы күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Оқушылардың алдыңғы тапсырмасы қысқаша сұралып, негізгі тақырыпқа кіріспе жасалады.

4) Негізгі бөлім: Денсаулық — басты байлық

Сыныппен әңгіме: «Адамның басты байлығы — денсаулық». «Денсаулық дегеніміз не?» деген сұрақ арқылы ой қозғау жүргізіледі.

Көңіл-күйді көтеріп, сергіту мақсатында таңғы би жаттығуы ұсынылады: «Қара жорға».

Талқылау сұрағы: «Ел байлығына нені жатқызамыз?» (оқушылар топтастыру арқылы ойларын айтады).

«Назар аударайық» (шамамен 2 минут)

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан–2030» стратегиялық бағдарламасында негізгі жеті басымдықтың төртіншісі ретінде дені сау ұрпақ елдің мықты тірегі, басты байлығы екені атап көрсетілген.

Салауатты өмір салтына қол жеткізу үшін үш бағытта күрес жүргізудің маңызы айтылады:

  • 1) Темекіні тоқтату

  • 2) Нашақорлыққа, наркобизнеске қарсы күрес

  • 3) Маскүнемдікке, ішімдікке қарсы күрес

Мәтінмен жұмыс: «Зиянды әдеттер» (шамамен 10 минут)

Күн сайын адамдар темекі шегу, ішімдікке салыну, нашақорлық салдарынан түрлі дертке және бақытсыздыққа ұшырайды. Зиянды әдеттер адамның өз-өзін тұлға ретінде дамытуына кедергі жасап, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді; жақындарына ауыртпалық түсіріп, қоршаған ортаға да зиян келтіреді.

Кейбір адамдар қиындыққа тап болғанда ойланбай, зиянды заттарға жүгінеді. Үйреніп, тәуелді болып қалу қаупін ескермейді. Ал шын мәнінде, кез келген қиындықтың шешімі табылады, одан шығудың жолы бар.

Зиянды әдеттердің қауіпті салдары:

  • Адам өзін-өзі құрметтеуден қалып, өзіне күтім жасауды тоқтатады.
  • Табиғат берген мүмкіндіктері толық ашылмайды.
  • Өтірік айтуға, ұрлыққа, қатігездікке, орынсыз қылықтарға итермелеуі мүмкін.
  • Отбасына қайғы-қасірет әкеледі.
  • Түрлі келеңсіз жағдайларға соқтырады.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Зиянды әдеттерге нелер жатады?
  • Неліктен адамдар зиянды заттарды пайдаланады?
  • Зиянды әдеттердің адам өміріне тигізетін залалы қандай?
  • Қиындықтар кездескенде оларды қалай жеңуге болады?
  • Зиянды әдеттер денсаулыққа қалай әсер етеді? Мысал келтіріңдер.

Көрініс және тәжірибе

Фильмнен үзінді

«Менің атым — Қожа» фильмінен үзінді көрсетіледі. Оқушылармен бірге: «Осы үзіндіден қандай ой түйдік?» деген сұрақ арқылы ой қорытылады.

Тәжірибе арқылы дәлелдеу

Бос сусын бөтелкесінің қақпағына тесік жасап, шылым орналастырылады. Шылым тұтатылып, түтіні бөтелкенің ішіне тартылады — бөтелке іші көк түтінге толады.

Қорытынды: шылым шегу өкпені түтінге толтырып, ағзаға зиян келтіреді.

«Назар аударайық» (шамамен 3 минут)

Салауатты өмір салты тек тән саулығына ғана емес, жан саулығына да тікелей байланысты.

Сахналау (шамамен 5 минут)

Оқушылардың алған білімін бекіту мақсатында сахналық қойылым ұсынылады (Тұрысбек Еділбаевтің «Үш пәледен аулақ бол» кітабынан көрініс).

Қойылым мәтіні (қысқартылған түрде)

Бала: Ассалаумағалейкүм! Сен кімсің?

Арақ: Мен арақпын, жер жүзіне тараппын. Жұрттың құмар асы боп, керегіне жараппын.

Бала: Ассалаумағалейкүм! Сен кімсің?

Темекі: Мен темекі, шылыммын. Аузына елдің іліндім. Қанша мені тартса да, демеді ешкім «бүліндім».

Бала: Ассалаумағалейкүм! Сен кімсің?

Есірткі: Мен есірткі, нашамын. Уымды шашамын. Атым шықса, алшаңдап аяқ басамын.

Ересек бала: Уа, адамдар, санаң бар — үш пәлеге қараңдар. Үшеуі де үлкен жау, бүкіл әлем алаңдар!

Екі бала (бірігіп): Арақ, Темекі, Есірткі — үшеуі де ауыр дерт. Елді бүлдірмей, арамыздан аулақ кет!

Қорытынды әрекет: балалар қолындағы қамшымен «үш пәлені» қуып шығады.

Шығармашылық жұмыс және топтық тапсырма (шамамен 5 минут)

1-топ

«Темекінің зияны» тақырыбында постер/ой-толғау.

2-топ

«Денсаулығым — өз қолымда» тақырыбында ой-толғау жазу.

Оқулықпен жұмыс (шамамен 5 минут)

Мақал-мәтелдермен танысу және мағынасын ашу арқылы негізгі ойды бекіту.

Денсаулықтың 10 құпиясы

Деніміз сау болсын десек, жаман әдеттерден аулақ болып, төмендегі қағидаларды есте сақтаған жөн:

  1. 1) Ақыл-ой тазалығы

  2. 2) Дұрыс тыныс алу

  3. 3) Денені шынықтыру

  4. 4) Дұрыс тамақтану

  5. 5) Күлкі

  6. 6) Тынығу мен демалудың күші

  7. 7) Уақытты тиімді пайдалану

  8. 8) Таза қоршаған орта

  9. 9) Сенім күші

  10. 10) Сүйіспеншілік күші

«Жүректен жүрекке»: «Бала тілегі»

Сөзі: С. Молдасынұлы • Әні: Ф. Лұқпанова

Бал-балалық, балдырған шақ — сан арман,
Барлық бала армандауға жаралған.
Кел, достарым, әндетіңдер, билеңдер,
Гүлденсін деп атамекен, қара орман. (2 рет)

Болашақтың иесіміз бәріміз,
Туған жердің түрлендірер нәріміз.
Алтын бесік — ұлан-байтақ елімде
Жарқын болсын шырқап айтар әніміз. (2 рет)

Үй тапсырмасы және қорытынды

Үй тапсырмасы

Шығармашылық жұмыс: денсаулық туралы мақал-мәтелдерді жинақтап жазу.

Соңғы тыныштық сәті

Музыка қосылады. Бүгінгі сабақтан алған ізгі қасиеттерді жүректеріңізде сақтаңыздар. Рахмет!