Адамгершілік - адамның асыл қасиеті
Тәрбие сағатының мазмұны
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың бойына адамгершілік, кішіпейілділік, әдептілік сияқты құндылықтарды сіңіруге, жаман әдеттерден аулақ болуға, үлкенді құрметтеуге және ата-ананы қастерлеуге бағытталған. Сабақ барысында оқушылар шапшаң ойлап, өз пікірін мәдени түрде жеткізуге дағдыланады.
Тақырып
Адамгершілік — асыл қасиет
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер
- Сұрақ жазылған қима қағаздар
- Сөзжұмбақ
Сабақтың құрылымы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды сабаққа бағыттау.
- Психологиялық дайындық: бір-біріне гүл шоғын ұсынып, жақсы қасиеттерді атап, ізгі тілек айту.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Сөздің көркі — мақал» тақырыбында оқушылар мақал-мәтелдер дайындап, әрқайсысы бір мақалға шағын әңгіме жазып келеді.
Қорытынды түсінік
Мақал — нақыл-өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіні, сөз мәйегі. Ол көбіне өлеңдік өрнекпен, салмақты ырғақпен немесе қара сөзбен беріледі.
III. Жаңа сабақ
Бүгінгі сабақта адамгершілікті қалай түсінетінімізді, қандай әдеп нормаларын білетінімізді талқылап, ой бөлісеміз.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Адамның адамгершілік пен саналылық деңгейі оның тәртібі мен іс-әрекетін айқындайтыны әлдеқашан дәлелденген. Адамгершілікке тәрбиелеу — баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуының маңызды бағыты.
Бұл тәрбие ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндетіне және өзіне деген жауапкершілік қатынасты қалыптастырады. Адам бойында адамгершілік қасиеттер болса, ол сымбатты әрі парасатты көрінеді.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында адамгершілік пен инабаттылықтың негізгі қасиеттерін кеңінен сипаттаған. Ал шығыстың ұлы ғалымы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген.
Мадинаның ойы
Адам тумысынан жамандыққа бейім емес. Жақсылық бала кезде егіледі де, уақыт өте келе жемісін береді. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік қасиеттер ең алдымен отбасынан басталады.
Дананың ойы
Отбасындағы тәрбие мектепте жалғасады. Мектеп қабырғасында біз әдептілік, имандылық, қайырымдылық сияқты рухани құндылықтарды дәстүрмен ұштастырып үйренеміз.
Марғұланның ойы
Адамгершілік ең алдымен отбасыңды сыйлаудан басталады. Ата-анаға дауыс көтеруге, сөз қайтаруға болмайды. Үлкенді құрметтеу — қоғамдық көлікте орын беру, дұрыс жауап беру, әрдайым ізетті болу.
Проблемалық жағдаяттар: сұрақтар мен жауаптар
1) Мектептен үйге жүгіріп келе жатып алдыңнан үлкен кісі шықса, не істейсің?
Айгерім: Үлкен кісімен амандасып, жол беремін.
2) Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырғанда сен не істеуің керек?
Нұрбек: Үлкендердің әңгімесін бөліп, сөзге араласуға болмайды. Егер шұғыл шаруам болса, «Кешіріңіздер» деп айтар едім.
3) Көшеде біреу жөн немесе жол сұраса не істейсің?
Мадина: Асықпай, түсінікті етіп түсіндіріп беремін.
4) Автобуста немесе қоғамдық орындарда егде адамды көрсең не істеу керек?
Дана: Әрдайым үлкен кісіге орын беру керек.
5) Үлкен кісілермен қалай сөйлескен дұрыс?
Марғұлан: Үлкен кісімен «Сіз» деп сөйлесу керек.
6) Әдептілік деген не?
Нұрбек: Адамдардың жүріс-тұрысы мен өзара қарым-қатынасының ережелері.
Адамгершіліктің негізгі қағидалары
Мадина: кешірімді болу, кек сақтамау, әділдік, ізеттілік; рұқсат сұрау, кешікпеу, амандасу; өсек айтпау, уәдеде тұру; имандылық, мейірімділік, сабырлылық, қайырымдылық.
Айгерім: ізеттілік — айналаңдағы адамдарды құрметтеу, кішілік мінез таныту. Амандасу — бейбіт пейіл мен достық ықыластың белгісі, мінез-құлық нормасы.
Марғұлан: әділ болу — адамшылықтың асыл белгісі. Әділет заңға, құқықтық нормаларға және қалыптасқан дәстүр қағидаларына сүйенгенде ғана салтанат құрады.
Дана: рұқсат сұрау — ішкі мәдениетті білдіретін этикалық қағида. Бұл бір-бірінің құқығын, меншігін құрметтеу. Имандылық — рухани тазалық пен сенімнің тірегі.
Нұрбек: кешікпеу — бала жастан қалыптасатын дағды. Кешігу — өзгені сыйламау. Уәделі жерге ертерек барып, кешіксең кешірім сұрау қажет.
Мадина: сабырлылық — туа біткен қасиет те, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы да қалыптасады. Ол адамның мінезін басқаруға қабілетті екенін көрсетеді.
Айгерім: қайырымдылық — айналаңдағы адамдарға ізгі іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатігездікке орын жоқ; жақсылық адам жанын нұрландырып, мәртебесін көтереді.
Адам құқықтары және қадір-қасиет
Адамгершіліктің басты қағидаларын сақтау — адам құқықтарын қастерлеудің негізі.
Дана: барлық адам тең құқықты, ерікті және қадірлі. Азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, тегіне, дініне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарамастан заң алдында бірдей. Өмір сүру құқығы, адамның бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті.
IV. Қорытындылау жұмыстары
Дәптермен жұмыс
- 1«Адамгершілік» тақырыбына кластер құру.
- 2Адамгершілік туралы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жазу.
- 3Тақтадағы нақыл сөздерді дәптерге түсіру.
Сөзжұмбақ (түйін ұғымдар)
1) Ақыл, сана, бостандық иесі...
Адам
2) Адамды аңдар қауымынан ажырататын...
Сана
3) Адамның өмір сүру ортасы...
Қоғам
4) Жағымсыз қасиет...
Қатігездік
5) Рухани қасиет...
Сенім
6) Қағидалардың бірі...
Шыншылдық
7) Асыл қасиет...
Әділдік
8) Ең асыл қасиеттердің бірі...
Ерлік
V. Үйге тапсырма
- 1 «Адамгершілік — асыл қасиет» тақырыбында эссе жазу.
- 2 «Алдымен анаңды сыйла» тақырыбындағы дөңгелек үстелге дайындалу.
Қорытынды ой
Бөгенбай батырдың өнегелі өсиеті:
Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолушысы — мінез, сыншысы — халық болсын.
Т. Молдағалиевтің өлең жолдары
Әркімнің өз биігі бар шығатын,
Әркімнің өз білігі бар ұғатын.
Әркімнің өз кемшілігі бар, әсте,
Көкейінде жасырынып тұратын.