Мүсінші бала кім

Сабақтың тақырыбы

Иса Байзақовтың «Жазғы кеш» өлеңі.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ақын Иса Байзақовтың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беру, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру, өлеңді сатылай кешенді талдау арқылы білімді тереңдету.

Дамытушылық

Әдеби-теориялық білімді тереңдету, сауатты оқуға, жазуға, байланыстырып сөйлеуге және шығармашылық жұмысқа баулу.

Тәрбиелік

Табиғатты сүюге, оның сұлулығын танып-білуге және эстетикалық талғамды қалыптастыруға тәрбиелеу.

Сабақ туралы мәлімет

Сабақтың түрі

Жаңа білімді меңгерту сабағы.

Сабақтың әдістері

Сұрақ-жауап, сатылай кешенді талдау, СТО стратегиялары.

Көрнекілігі

Интерактивті тақта.

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, бейнелеу өнері.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, сыныптың зейінін сабаққа аудару, сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені қысқаша таныстыру.

II. Ой қозғау (үй тапсырмасын тексеру)

Мазмұндау

С. Бегалин «Бала Шоқан» бөлімдері бойынша мазмұндау.

Сауалнама

  1. Сары баланың зарыға күткен досы кім? A) Шоқан, Б) Жақып, В) Сыдық
  2. Шоқан Мысықпен қай жерде кездесті? A) күзекте, Б) үйде, В) құдық басында
  3. «Мүсінші бала» кім? A) Жақып, Б) Мысық, В) Шоқан
  4. Шоқанның ерке, сотқар інісі: A) Мысық, Б) Сыдық, В) Жақып
  5. «Уәде етпеу керек; уәде етсең — орында» деген кім? A) Шыңғыс, Б) Мысық, В) Шоқан

«Дыбыстар сөйлейді» әдісі

Шоқан мен Мысыққа мінездеме беру (әр әріп арқылы қасиеттерін ашу).

ШОҚАН

  • Ш — шыншыл
  • О — ойлы, оқымысты
  • Қ — қайырымды, қайсар, қабілетті
  • А — арманшыл
  • Н — намысшыл

МЫСЫҚ

  • М — мейірімді, мүсінші
  • Ы — ынталы
  • С — сыпайы
  • Ы — ымырашыл
  • Қ — қабілетті

III. Жаңа сабақ

Нені білуіміз керек?

  1. Иса Байзақовтың өмір жолы мен шығармашылығы.
  2. «Жазғы кеш» өлеңін сатылай кешенді талдау.

Негізгі бағыт

Өлеңді мәнерлеп оқу, көркемдік құралдарды табу, құрылымын (шумақ, тармақ, буын, ұйқас) талдау және тәрбиелік мәнін анықтау.

Иса Байзақов: қысқаша өмірбаян

Иса Байзақов 1900 жылы 3 қазанда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Әкесі Байзақ пен анасы Ғазиза — өнерге жақын, әнші жандар болған.

9 жасында анасынан айырылып, әжесі Жанбаланың қолында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Бала кезінен-ақ «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанып, ел көзіне түседі.

1924 жылы алғашқы өлеңдері жарияланды. 1926 жылы Қызылордада тұңғыш ұлттық театр ашылғанда, Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, Қ. Жандарбеков, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов сияқты өнерпаздармен бірге театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьесаларында басты рөлдерді сомдады.

«Біржан–Сара» қойылымында Біржан рөлін ойнап, ақындық, әншілік, домбырашылық қырымен жұртты тәнті етті. «Гәкку» әнін орындауы арқылы бұл туынды «Қыз Жібек» операсына өңдеусіз енгені айтылады.

Радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызмет атқарды. Иса Байзақовтың әйгілі туындыларының бірі — «Құралай сұлу» дастаны. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан өңірлерін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.

Отбасы, орта

Әкесі — Байзақ, анасы — Ғазиза, әжесі — Жанбала, нағашы ағасы — Рахмет.

Өнер қырлары

Ақын, әнші, актер, күйші, домбырашы, сазгер.

Белгілі туынды

«Құралай сұлу» дастаны.

«Жазғы кеш» өлеңін сатылай кешенді талдау

Негізгі мәлімет

Авторы
Иса Байзақов — ақын, әнші, күйші, әртіс. 1900 жылы Ертіс өңірінде туған.
Тақырыбы
Жазғы кештің көркем, жанды көрінісі және кешкі шапақтың тууы.
Жанры
Өлең.
Идеясы
Жазғы кеш сұлулығын, қызыл шапақтың нұрдай жайылуын суреттеп, табиғаттың әсерін сезіндіру.

Құрылымы мен өлшемі

Шумақ саны
3
Тармақ саны
12 тармақ
Бунақ саны
3
Буын өлшемі
11–12 буынды
Ұйқас түрі
Қара өлең ұйқасы (а-а-б-а)

Көркемдегіш құралдар

Теңеулер

жібектей, қызыл тудай, маяктың шамындай

Теңеу — затты не құбылысты басқа бір нәрсемен салыстыра суреттеу арқылы әсерлі бейне жасау.

Эпитеттер

қызғылт теңбіл, көк шатыр, алыс аспан, күн шапағы, көк теңіз, қызыл нұр

Эпитет — заттың, құбылыстың айрықша сипатын танытатын бейнелі анықтауыш.

Кейіптеу

«Жұлдыздар жаңа шықты, сейіл құрған…»

Кейіптеу — жансызға жан бітіре суреттеу арқылы көріністі әсерлендіру.

Сөздікпен жұмыс

Тақта

Арасын межелеп бөлшектеген егістік жер.

Шымқаған

Қып-қызыл, шымқай қызыл.

Көкжиек

Аспан мен жердің көз жетер тұста түйіскендей көрінетін тұсы.

Сейіл құру

Серуендеу, қыдыру.

Маяк

Кемелер адаспас үшін қойылатын жарық белгі.

Өлеңнің тәрбиелік мәні

Өлең жаз мезгіліндегі кеш көрінісін, күн шапағының алаулап батуын, табиғат сұлулығын бейнелейді. Табиғаттың жылылығын сезіндіре отырып, адам жанын тыныштандырып, эстетикалық әсер береді.

IV. Сабақты қорытындылау

INSERT әдісі (түртіп алу жүйесі)

  • V — Білемін
  • + — Білдім
  • ? — Білгім келеді

Шығармашылық тапсырма

«Жазғы кешті» көз алдыңа елестетіп, шағын әңгіме жаз.

V. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылардың білімі бағаланып, тиісті бағалары қойылады.

VI. Үйге тапсырма

  • «Жазғы кеш» өлеңін жаттау.
  • Жазғы кешті елестетіп, сурет салу.