Кәмпит - Ханшайым, енді сіз біздің балаларымыздың аналарына дайындап келген тақпақтарын тыңдаңызшы

Тақырыбы: Ана – аса қымбат жан

Бұл ертеңгілік 8 Наурыз – көктемнің көркі, әйел затының мерекесі аясында ұйымдастырылып, аналар мен әжелерге деген құрмет пен алғысты балалардың өнері арқылы жеткізуге бағытталған.

Мақсаты

  • Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру.
  • Ән айту және қимыл-қозғалыс орындаушылық дағдыларын дамыту.
  • Балалардың жалпы әрекетке қатысуға ынтасын, эмоциялық қабылдауын арттыру.
  • Жақындарын қуанта білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.

Кейіпкерлер

  • Жүргізуші
  • Кәмпит-Ханшайым

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Әсем безендірілген зал
  • Гүлдер, құмыралар, сыйлықтар
  • Әндер мен әуендер жазылған үнтаспа
  • Ойындарға арналған материалдар

Авторлық белгі

ШҚО, Жарма ауданы, КМКҚ «Бастау» балабақшасы, «Балауса» тобы. Тәрбиеші: Зейнелсадыкова Еркежан Серікжанқызы.

Ертеңгіліктің барысы

Балалар залға қол ұстасып, жұптасып кіреді. Әдемі әуенмен вальс ырғағында айналып, билеп өтеді («Тәттім-ау» әуені).

Жүргізушінің құттықтауы

Құрметті аналар мен әжелер! Сіздерді әйел жанының нәзіктігімен астасқан тамаша көктем мерекесі – 8 Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл – жер бетіне өмір сыйлайтын мейірімді, ақылды, сұлу жандарға арналған ерекше мейрам. Әлемдегі ең асыл жан – Ана десек, жүрегімізде ең жақын жанға деген махаббат оянады. Бала тілі шыққаннан-ақ ең бірінші «Ана» дейді. Сол үш әріптің өзінде қаншама жылулық, қамқорлық пен бақыт бар десеңізші!

Олай болса, бүгінгі «Ана – аса қымбат жан!» атты «Балауса» тобы бүлдіршіндерінің ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Балалар хормен:

Құттықтаймыз, анашым, 8-ші Наурызбен!

Тойдың ашылуы

Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.

Хор:

«Ақ мамам»

Аналарға арналған тақпақтар

Ананың әрбір сөзі жылылыққа толы. Ананың көз нұры мұздай көңілді де жібітеді. Ендеше, балаларымыздың аналарына арнаған тақпақтарын қабыл алыңыздар!

Темірхан

Анам болса қасымда,
Басқа бақыт не керек.
Анашымның жүрегі –
Мейірімді ғой керемет!

Айым

Сенен өскен балалар –
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймын мерекеңмен,
Құрметті аналар!

К. Камила

Наурыздың сегізі –
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз баланың,
Анаға айтар лебізі.

З. Камила

Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

Жанель

Бәрімізге анамыз,
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мерекең,
Құттықтаймын, анашым!

Аналар, ақ тілекті сөз көп деймін,
Жылытар жүрегіңді көз көп деймін.
Аналар, ақ жаулықты бұл сіздерге,
Қол соғып қарсы алайық «Мамочка» биін!

Би:

«Мамочка»

Кәмпит-Ханшайымның тапсырмалары

Кіріспе көрініс

Жүргізуші: Балалар, туған күнде, мерекелерде аналарымыз дастарханға қандай тәтті тағамдар қояды?

Дұрыс айтасыңдар: кәмпитті балалар да, үлкендер де жақсы көреді. Кәмпитсіз дастарханның сәні келмейді.

Әсем әуенмен залға Кәмпит-Ханшайым кіреді.

Кәмпит-Ханшайым:

(Билеп кіреді.)
Мен тәттімін,
Балалардың сүйікті дәмімін.
Мерекенің сәнімін,
Дастарханның әрімін.

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені таныдыңдар ма? Мен – Кәмпит-Ханшайыммын.
Сендер өнерлеріңді, білімдеріңді, үлгілі тәртіптеріңді көрсетіңдер. Мына ыдыста үлкен кәмпиттер бар, әрқайсысында тапсырма жасырылған. Тапсырмаларды толық орындасаңдар, мереке соңында сыйлығымды үлестіремін.

Жүргізуші:

Расында да, бізге тәтті Кәмпит-Ханшайым қонаққа келіпті. Қараңдаршы, кәмпиттері көп екен! Ендеше, өнерімізді көрсетіп, тапсырмаларын орындайық.

1-тапсырма

Ойын: «Қағаз киім» (аналар ұлдарымен)

Ойын жарыс түрінде өтеді. Ұлдардың аналары ортаға шығып, сайысқа түседі.

2-тапсырма

Би: «Балапандар»

Әжелерге арнау

Бүгінгі мерекеде әжелерімізді де құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаған. Келесі әніміз құрметті әжелерге арналады.

3-тапсырма

Ән: «Әжетайым» (ұлдардың орындауында)

4-тапсырма

Ойын: «Кәмпит тасу» (аналары мен балалары)

5-тапсырма

Би: «Бал биі»

Тағы да жылы лебіздер

Айпара

Көктем келді жадырап,
Күн нұрымен таласып.
Жайнай берші, жарқырап,
Жаны жайсаң аналар!

Р. Аружан

Апатайым, анашым,
Ақылы мол данасың.
Қамқоршысы баланың,
Гүлі сенсің әр үйдің.

Али

Анам менің, анашым,
Сені жақсы көремін.
Мерекемен бүгінгі,
Құттықтаймын мен сізді.

Анель

Құтты болсын, анашым,
Құтты болсын мерекең.
Әр кез саған тілеймін
Ұзақ өмір, кең өрен.

Әдемі биден кейінгі тақпақтар

Ислам

Бізді өсірген анашым,
Еңбегіңіз зор екен.
Құтты болсын, анашым,
Құтты болсын мерекең!

Жантемір

Жанымызды жайнатқан
Өзіңіз ғой, аналар.
Зор денсаулық, мол бақыт
Тілейміз біз, балалар.

Ескендір

Қуанамыз, сыйлаймыз
Қуаныштың мың гүлін.
Аналарды құттықтап,
Жырдан шашу төгеміз.

Эсма

Жүзімізге қараңыз,
Бал күлкілі баламыз.
Бізге қымбат күн шуақ,
Бізге қымбат аналар!

Елдар

Баланың да тірегі,
Дананың да тілегі.
Ауырмасын ешқашан
Анамыздың жүрегі.

С. Аружан

Ана – біздің күніміз,
Ананың біз гүліміз.
Балаларды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз.

Қорытынды бөлім

Кәмпит-Ханшайымның алғысы

Балалар, сендер бүгін менің тапсырмаларымды өте жақсы орындадыңдар. Сендерге көп-көп рахмет! Өнерлі, әдемі, тәртіпті екенсіңдер — мен сендерге ризамын.

Енді мына ыдысты тәрбиеші апайларыңа табыстаймын. Сендерге әкелген түрлі-түрлі кәмпиттерімді сыйлыққа бергім келеді. Ал мен енді басқа балабақшалардағы мерекелерге асығайын. Сау болыңдар!

Сыйлық табыстау сәті

Мерекені қарсы алып,
Мәз болғанда барша жұрт,
Гүл ұсынып қыздарға,
Сыйлық бердім мен өзім…

Қыздарға арналған сыйлығымызды табыс етуге рұқсат етіңіздер. (Ұлдар қыздарға сыйлықтарын ұсынады.)

Бөбегіңнің сыйлығын,
Қабыл алшы, анашым.
Ұзақ өмір, жүз жасап,
Ауырмашы, анашым!

Аналарға арналған соңғы тілек

Бәріміздің анамыз, әжеміз, әпкеміз, қарындасымыз бар. Жылына бір рет келетін осы мерекеде аналарымызға қандай сыйлық жасасақ та жарасады. Өйткені бізді өмірге әкеліп, әлемнің жарығын сыйлаған — анамыз.

Ендеше, әр бала өз қолымен дайындаған сыйлығын аналарына табыс етсін!

Аналар, қалқып бақыт аралында,
Лайым мұң қонбасын жанарыңа.
Осымен кешімізді аяқтайық,
Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңа.

Балалар хормен:

Анамызға мың алғыс, баршаңызға мың алғыс!

Балалар қол ұстасып, әуенмен топтарына қайтады.

Қорытынды құттықтау

«Ана – аса қымбат жан!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Ардақты аналар, мерекелеріңіз құтты болсын! Сау-саламатта болыңыздар!