Оқушыларға білімнің сара жолы мектептен басталатынын ұғындыру
Бастауышым – бал бұлағым
Бұл материал бастауыш сыныппен қоштасу ертеңгілігін өткізуге арналған жоспар және көркем мәтіндер топтамасы. Мәтін редакцияланып, грамматикасы түзетілді.
Мақсаты
- Оқушылардың төрт жыл ішінде жеткен жетістіктерін көрсету, өнері мен білімін бағалау.
- Ойлау және байқау қабілеттерін дамыту; білімнің сара жолы мектептен басталатынын ұғындыру.
- Адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу; білім ордасын, ұстаздарды құрметтеуге баулу; Отанның адал ұл-қыздары болуға тәрбиелеу.
Сахналық бөлім
Ертеңгілік мәтіні1-бастаушы
Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан,
Ұлылықты ұлықтаған имандар.
2-бастаушы
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңізден мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған —
Біз алаңсыз, балғын шақты балалар.
1-бастаушы
Бүгін міне, бастауышпен қоштасады бал бұлақ,
Әнім менен жырыма, қонақтарым, сал құлақ.
Кеше сәби, міне бүгін — жас ұлан,
Лаулап жансын болашағың — шамшырақ!
2-бастаушы
Байсалды мінезіңізбен бірқалыпты,
Менің де көңілімде із қалыпты.
Ұстаттыңыз қағаз-қалам қолыма өзіңіз,
Ерінбей үйреттіңіз әр әріпті.
Осы сөздермен ортаға алғашқы ұстазымыз — _____________________ және 4 «А» сынып оқушыларын шақырамыз. Қошеметтеп қарсы алыңыздар!
Алғашқы ұстазға алғыс
Бүгін біз сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш сыныбымызбен және қолымызға алғаш қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан алғашқы ұстазымызбен қоштасқалы отырмыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстазымыз төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатып, көп нәрсені үйретті. Сондықтан алғашқы ұстазымызға бәріміз мың алғыс айтамыз.
Ұстаздың орны
Ғылым иесі — ғалым да, ел қорғаған — батыр да, тілімен бал тамызған — ақын да, темір балқытқан — жұмысшы да, егін салған — диқан да, маңдай терін төккен — шопан да, көкті шарлаған — ғарышкер де — бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алады. Сондықтан біз Қарақұдық орта мектебінің ұлағатты ұстаздары алдында бас иеміз.
(Бас иеді.)
Оқушылардың арнауы
1-оқушы
Үйретіп алғаш бізге әліппені,
Ұстазым ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы, мақсаттары —
Оқудың сәулесімен жарық көрді.
2-оқушы
Әліппемен аштым өмір есігін,
Тербетемін білім бөбек бесігін.
Өмір деген нұрлы өзенге шомылып,
Жаттап өстім ұстазымның есімін.
3-оқушы
Есімде, ерен ұстазым,
Шашымнан сипап, өпкеніңіз.
Аянбай бізге қыс-жазы,
Молынан мейір төккеніңіз.
4-оқушы
Балғын шақта келіп едім,
Бал қызыққа еніп едім.
Тағдырымның билігін де
Сеніп сізге беріп едім.