Көксеректің жазасын тартуы

Сабақ тақырыбы

М. Әуезовтің «Көксерек» хикаяты: Көксерек – табиғаттың тағы перзенті.

Сабақ жоспары

Сабақ кезеңдері мен қолданылатын стратегиялар.

  1. I Ұйымдастыру кезеңі
  2. II Қызығушылықты ояту
  3. III Мағынаны тану: композициялық талдау, «Кубизм» әдісі, «Ғажайып шаршылар»
  4. IV Ой шақыру
  5. V Топтастыру стратегиясы
  6. VI Тест
  7. VII Қорытынды

Сабақтың барысы

Онлайн форматтағы ұйымдастырудан бастап қорытындыға дейін.

I. Ұйымдастыру

Құрметті әріптестер мен оқушылар! Бүгін біз онлайн режимінде М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі бойынша сабақ өткіземіз. Сабаққа 7 «А» сынып оқушылары қатысады.

1-топ

Арлан

Топ басшысы: Қожамұратова Балзия

2-топ

Көкжал

Топ басшысы: Рахметов Думан

Әр топ ұйымшылдықпен жұмыс істеп, бір-бірін бағалап отырады. Топ басшыларына бағалау парағы беріледі.

II. Қызығушылықты ояту

Қай жазушының шығармасын алсақ та, табиғат назардан тыс қалмайды. Назар аударыңыз:

Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұясы, талбесігі. Табиғат дегеніміз – айналамызды қоршаған орта.

Біз оқыған «Көксерек» те – табиғаттың тағы перзенті. Осыған сүйеніп, әр топ табиғат туралы ойларын жазып, топтастыру стратегиясы арқылы жүйелейді.

Негізгі ой

Табиғаттың тыныштығын бұзбау керек.

Тепе-теңдік

Табиғаттағы әрбір нәрсе өз орны мен жарасымын табады.

Жауапкершілік

Аң-құсқа қиянат жасасақ, табиғаттың сәнін кетіретін әсем дүниелерден айырыламыз.

«Көксерек» әңгімесінде адамдар табиғатқа қиянат жасайды. Қасқыр да – сол табиғаттың бір бөлшегі. Сондықтан шығарма бізді жануарға көзқарасымызды қайта ой елегінен өткізуге жетелейді.

III. Мағынаны тану

Бүгінгі талқылауымыз кеше ғана оқып танысқан, көркем фильм арқылы да жақсы білетін «Көксерек» пен оның иесі, олардың іс-әрекеті төңірегінде өрбиді. Шығарманың оқиғалық желісі (сюжеті) Көксеректің әрекеттеріне байланысты дамиды.

а) Композициялық құрылымға талдау

Басталуы

Оқиға Қараадырдағы қасқырлар мекенінен басталады: тағылар тіршілігі суреттеледі.

Байланысы

Адамдардың шабуылы; бөлтіріктер тағдыры; қаталдық көрінісі.

Дамуы

Бөлтіріктің Көксерек атануы және оның адамдардан көрген жәбірі.

Шарықтау шегі

Көксерек пен Құрмаш байланысы: баланың таза көңілі мен мейірімі.

Шиеленісуі

Көксеректің ауылдан кетуі; ұяластарымен тез табысуы; тағылардың қатал табиғи заңдылықтары.

Шешімі

Құрмаштың қазасы; Көксеректің жазасын тартуы; әженің зары.

ә) «Кубизм» әдісі

Әр топ кубиктің көрініп тұрған қырындағы тапсырманы таңдап, орындайды.

1-топ • Суреттеңіз

Көксеректің биологиялық өсуін сипаттаңыз.

2-топ • Қолданыңыз

«Көксерек» сөзін қолданып, бес жолды өлең құрастырыңыз.

1-топ • Салыстырыңыз

Көксеректің ауылдағы өмірі мен түздегі (тағылық) өмірін салыстырыңыз.

2-топ • Салыстырыңыз

Дала тағылары мен адамдардың іс-әрекетіндегі айырмашылықтарды анықтаңыз.

б) «Ғажайып шаршылар»

Екі топ оқушылары кезекпен шығып, интерактивті тақтадағы сұрақтарды таңдап, ұпай жинайды.

Сол жақ • 20 ұпай

Жазушының жұбайы Валентина Әуезова М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің тақырыбын таңдауының себебін қалай еске алады?

Оң жақ • 20 ұпай

1-бөлімде Қараадыр сайы суреттеледі: қарағанның ортасында терең құз жар бар, оның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні орналасқан. Ол қандай ін?

Сол жақ • 30 ұпай

«Ертеңінде түсте жат иіс шықты. Алыста дабырлаған дауыстар естілді…» Бұл дүбір кімдердікі еді? Олар не істеді?

Оң жақ • 30 ұпай

Күздің қара суығында Көксерек тағы да жоқ болып кетті. Бұл жолғысы шын болды, енді қайтып оралмады. Неліктен оралмады? Ол алғаш рет өзінің түз тағысы екенін қайдан сезді?

Сол жақ • 40 ұпай

Бір күні Көксерек қара ала төбетке майдан берді. Қара ала төбеттің иесі кім еді? Ол жаз бойы Құрмашты қалай маза қылды?

Оң жақ • 40 ұпай

Қасеннің Аққасқа иті бар еді, оны баптап қасқырға, түлкіге қоспақ ниеті болатын. Аққасқаның дене бітімі шығармада қалай суреттелген?

IV. Ой шақыру

Талқылау сұрағы: Құрмаштың өліміне Көксерек кінәлі ме?

Екі топ кезекпен жауап береді. Әр топ өз пікірін дәлелдеп, қорғауы қажет.

V. Топтастыру стратегиясы: тақырып пен идея

Енді әңгімеде көтерілген негізгі мәселе мен идеяға назар аударайық. Дәптерлеріңізді ашып, шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтаңыз.

1-топ

«Көксерек» әңгімесінің тақырыбы мен идеясына талдау жасаңыз.

2-топ

«Көксерек» әңгімесінің тақырыбы мен идеясын ашатын мақал-мәтел табыңыз.

VI. Тест

Нұсқаларды таңдап, дұрыс жауапты белгілеңіз.

1) М. Әуезовтің туған күні

  • A) 20 қазан
  • B) 14 наурыз
  • C) 28 қыркүйек
  • D) 19 тамыз
  • E) 30 қаңтар

2) Абай дүниеден өткенде Мұхтар неше жаста болды?

  • A) он үште
  • B) жетіде
  • C) сегізде
  • D) алтыда
  • E) тоғызда

3) «Көксерек» қандай жанр?

  • A) әңгіме
  • B) драма
  • C) роман
  • D) комедия
  • E) жыр

4) «Көксерек» әңгімесі қай жылы жазылған?

  • A) 1925
  • B) 1928
  • C) 1926
  • D) 1929
  • E) 1927

5) «Тұқымын сезген екен жүзіқара, қой балам, бұны өлтіріп терісін алу керек» — кімнің сөзі?

  • A) әжесінің
  • B) досының
  • C) ауыл адамдарының
  • D) ешкімнің
  • E) Қасеннің

6) Мұхтардың «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер» ұлы кім?

  • A) Оспан
  • B) Тұрар
  • C) Әбіш
  • D) Абай
  • E) Мұрат

VII. Қорытынды

Сабақты табиғат тақырыбымен бастап едік, табиғатпен аяқтайық. Жер – бәріміздің ортақ үйіміз. Ол аңға да, адамға да жетеді. Сыйысып, сыйласып, тату өмір сүрейік. Болашақта осындай күрделі мәселелерді шеше алатын азамат болып өседі деп сенемін.

Тіршілік иесіміз бәріміз де,
Сүруге өмір құқылымыз әлі біз де.
Сақтайықшы табиғат заңдылығын —
Сабақ болсын «Көксерек» тағы бізге!
Шаттыққа шырқалса екен әніміз де!

Үй тапсырмасы

  • 2–3 абзацтан үзінді жаттау.
  • «Қасқыр неге ұлиды?» тақырыбында ертегі не әңгіме жазу.
  • Қасқыр туралы естіген-білген мәліметтерді жинақтау.
  • Монологті аяқтау.