Ашуды жеңу бейнебаян
Нашақорлық — Қазақстан болашағына төнген қауіп
Бұл тәрбие сағатының мақсаты — есірткі, ішімдік және темекінің жас ағзаға тигізетін зиянын түсіндіру, олардың өмірге әкелетін өкініші мен келешекке салатын кесапатын нақты ұғындыру. Ең маңыздысы — зиянды әдеттерден аулақ болып, өзіңді ғана емес, өзгелерді де осы қасіреттен қорғауға атсалысуға, салауатты өмір салтын таңдауға тәрбиелеу.
Ұран
- Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.
- Есірткіден есіруді көздегенше, салауатты салтымыздан қол үзбе.
Қолданылатын көрнекілік
Суреттер, қанатты сөздер, тақырыптық плакаттар және талқылауға арналған сұрақтар.
Сабақтың жүру барысы
- 1 Ұйымдастыру: оқушыларды екі топқа бөліп отырғызу.
- 2 Ой қозғау: екі топқа ортақ сұрақ қойып, жауап алу: «Салауатты өмірге қандай әрекеттер кері ықпал етеді деп ойлайсыз?»
- 3 Тақырыпты ашу: «Нашақорлық және құқық бұзушылық».
Неге есірткі ерекше қауіпті?
Қазіргі уақытта жиі таралған есірткінің бірі — героин (ақ ұнтақ). Ол адамның санасын өте жылдам улайды. Алғашқы қолданғанда «ләззат» сезімі болуы мүмкін, бірақ сол сезімді қайта іздеу тәуелділікке әкеледі.
«Бір рет байқап көрсең, ештеңе болмайды» деген сөз — ең қауіпті алдау. Есірткі ағзаны, әсіресе жүйке жүйесін тез улайды; адам өз жағдайының қаншалықты нашарлап бара жатқанын аңғармай қалуы мүмкін.
Есірткіге тәуелділік адамның болашағын тұмшалайды: жауапкершілік әлсірейді, мақсат пен ар-ұят көмескіленеді. Ойдың өзегі бір-ақ нәрсеге тіреледі: «Қайдан табам? Қалай ақша табам? Қалай алам?».
Маңызды ескерту
Егер біреу «қызық үшін» есірткі алып көрсең, одан тезірек құтылуға асық. Қанша үгіттесе де, қарсылық таныт. Өз таңдауың — өз болашағың.
Ойлануға арналған сөздер
«Шылымды әр тартқаның —
Табытыңа темір шеге қаққаның».
«Тамырын умен суарып,
Денсаулық деген егістің,
Шірітіп апсың біразын».
Талқылау сұрағы
Ұрпағымыз зиянды әдеттерден қорғана білуі үшін қандай кеңес пен нақты көмек беруге болады?
Қорытынды ой
Халқымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Жақсыны көріп, тыңдап, соған ұқсау керек. Жаманды көріп, зардабын сезіп, бойыңды аулақ ұстау — білімділіктің және көрегенділіктің белгісі. Елдің ертеңгі азаматы болуға лайық сабырлы, салмақты, білімді болып өсейік.
Ашу — дұшпан, ақыл — дос
Бұл тәрбие сағатының мақсаты — ашуға ерік бермеуді үйрету, ашуды ақылға жеңдіру, ойлана білу дағдысын дамыту және адамгершілік құндылықтарының мәнін терең түсіндіру.
Міндеттері
- Достар арасындағы рухани жақындықтың мәнін ұғындыру.
- Айналадағы адамдарға тілеулестік пен ізгі ниетті дамыту.
- Жауапкершілікке және сезімталдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік
Плакаттар, мақал-мәтелдер, тақырыпқа сай тапсырмалар.
Жоспар
- 1 Кіріспе.
- 2 «Сабыр түбі — сары алтын» көрінісі.
- 3 «Ашуды жеңу» тақырыбындағы бейнебаян.
- 4 Мақал-мәтелдермен жұмыс.
- 5 Қорытынды.
Кіріспе ой
«Ақыл — адам көрігі,
Ақылдың сабыр серігі».
— М. Әуезов
Адам өмірінде келеңсіз жағдайлар кездеседі. Кейде өкпе мен реніш адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынасқа нұқсан келтіріп, түсінбеушілікке әкеледі. Сондықтан айналаңдағы адамдарға түсіністікпен, ізгілікпен, құрметпен қарау маңызды.
Өкпе мен реніш көңіл күйге ғана емес, денсаулыққа да кері әсер етеді. Риза болмау, үнемі ренішпен қарау түрлі ауруларға ұрындыруы мүмкін. Кемшіліксіз адам болмайды: білмегендіктен қателесу — табиғи нәрсе. Ал қатесін түсініп, түзете білу — ақылдылық пен қайраттылықтың белгісі.
Ашуды жеңудің қарапайым қағидалары
- 1. Ашу қысқан кезде өзіңді-өзің ұстай біл.
- 2. Ашуланған кезде іштей бірден онға дейін сана.
- 3. Жақсы іс туралы ойла.
- 4. Өзіңді ұстамды, сабырлы адаммын деп есепте.
- 5. Басқа адамды ренжітетініңді ойла.
- 6. Соңынан өкінетініңді есіңе ал.
- 7. Ашуды ақылға жеңдір.
Көріністер
I-топ: «Ата ақылы»
II-топ: «Патшалар дауы»
Көріністен кейін оқушылар болған жағдайды талқылайды: ата ақылының балаға әсері, патшалардың неге ашуға ерік бергені, қандай шешім әділетті болғаны жөнінде ой бөліседі.
Ойын: мақал-мәтелді құрастыр
Шарт: кестедегі аралас сөздерді тауып, мақал-мәтелді дұрыс құрастыру және оның мағынасын түсіндіру.
Үлгі сөздер: Қиялдайды, Ашу, Арындайды, Тыңдайды
Мақал-мәтелдер
1. Ашу — арындайды, ақыл — аяңдайды.
2. Ашу — пышақ, ақыл — таяқ.
3. Ас тасыса — қатығы төгілер, ашу тасыса — ақылы төгілер.
4. Жаманның ашуы — басы жерге тигенше, жақсының ашуы — шәйі орамал кепкенше.
5. Ашу үстінде ант жүрмейді.
6. Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа.
7. Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.
8. Қайтып кірер есікті қатты жаппа.
9. Сабын кірді ашады, сабырсыз сырды ашады.
10. Аюды жеңген — жарты ер, ашуды жеңген — бүтін ер.
Қорытынды
Ойларыңыз тек оң болсын, өйткені ой — сөзге айналады.
Сөздеріңіз тек оң болсын, өйткені сөз — әрекетке айналады.
Әрекеттеріңіз тек оң болсын, өйткені әрекет — әдетке айналады.
Әдеттеріңіз тек оң болсын, өйткені әдет — құндылыққа айналады.
Құндылықтарыңыз тек оң болсын, өйткені құндылық — тағдырыңызға айналады.
Тәрбие сағаты соңында белсенділігімен ерекшеленген топ марапатталады.