Жарайсыңдар балалар, отыра қойыңдар

Ашық оқу іс-әрекетінің тақырыбы: ұлттық ойындар

Бұл ашық оқу іс-әрекеті балаларды қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстырып, ұлттық ойындар арқылы батылдыққа, мергендікке, дәлдікке тәрбиелеуге бағытталған.

Сабақтың мақсаты (білімділік)

  • Ұлттық құндылықтарды өсіп келе жатқан ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық қасиеттерге баулу.
  • Ұлттық ойындар арқылы батырлыққа, мергендікке, дәлдікке тәрбиелеу.
  • Әр баланың игі бастамасын қолдап, жақсы қасиеттерін дамыту; мінез-құлқын қалыптастыру.
  • Ауызекі сөйлеуге дағдыландырып, ой-өрісін кеңейту.

Сабақтың мақсаты (дамытушылық)

  • Ойлау, есте сақтау және көру қабілеттерін дамыту.
  • Ойын қорытындысын шығара білуге және шығармашылықпен жұмыс істеуге ынталандыру.

Сабақтың мақсаты (тәрбиелік)

  • Тіл мәдениетін жетілдіру, қазақ тілін қастерлеуге баулу.
  • Қамқорлық жасай білуге үйрету.
  • Адамгершілікке, ұйымшылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
  • Көмек көрсете білу дағдысын қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер

Көркем сөз, сұрақ-жауап, жұмбақ жасыру, түсіндіру, ойын, сергіту жаттығулары, қорытындылау.

Қостілділік компонент

Жігіт
парень
Қуады
догоняет
Ұлттық
национальные
Ойындар
игры

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі (шеңберде)

Тәрбиеші балалармен амандасып, «Шаттық шеңберін» ұйымдастырады. Балалар бір-біріне жылы тілектер айтады.

Шаттық шеңбері

Бала, бала баламыз, Бақшамызға барамыз. Күні бойы қызыққа, Батамыз да қаламыз.

Сұрақ-жауап арқылы балалардың білімін белсендіру:

  • Республикамыз қалай аталады? — Қазақстан.
  • Елордамыз қалай аталады? — Астана.
  • Қазақстан қандай мемлекет? — Көпұлтты мемлекет.

Ұлттық мереке және ұлттық тағамдар

Балалар Наурыз мерекесін атап, мерекеде әзірленетін ұлттық тағамдарды атайды:

  • Наурыз көже
  • бесбармақ
  • бауырсақ
  • қазы-қарта
  • құрт
  • ірімшік
  • шұбат
  • қымыз

Ұлттық тойлар

Балалар қазақ халқының дәстүрлі тойларын еске түсіреді:

  • Бесік той
  • Шілдехана
  • Сүндет той
  • Тұсаукесер
  • Беташар
  • Қыз ұзату

Көрініс: табиғат және қонақ

Тәрбиеші балалардың назарын әсем табиғатқа аударады: жарқыраған күн, құстардың үні, судың сылдыры. Осы сәтте балаларға қонаққа Алдар көсе келеді.

Алдар көсе: «Балалар, мен сендерді сағынып қалдым. Қандай ұлттық ойын түрлерін білесіңдер?»

Балалардың жауаптары

Ақсүйек, қыз қуу, көкпар, асық, арқан тарту, сақина салу, тоғызқұмалақ, аударыспақ, ханталапай, жамбы ату, теңге алу, тақия тастамақ.

Алдар көсе: «Менің асықтарым бар. Асық қандай жануарлардан алынады? Үй жануарлары туралы не білесіңдер?»

  • Жауап: Асық үй жануарларынан алынады.
  • Түсінік: Үй жануарларын «төрт түлік» деп атайды.

Тақпақтар: төрт түлік туралы

Балалар үй жануарлары туралы жаттаған өлеңдерін кезекпен айтады.

Амира

Кіп-кішкене момақан, Қошақанды ұнатам. Сүйеді апам «қозым» деп, Қошақаным өзің деп.

Аяжан

Қара көзің мөлдіреп, Қызықтырмай қоймайды. Жібек жүнің үлбіреп, Қарасам, көз тоймайды.

Алнұр

Екі көзің мөлдіреп, Кекіл шашың желбіреп. Енең жүрген далаға, Көп қарайсың елжіреп.

Қарлығаш

Момақаным, маймағым, Келмейді әлі ойнағың. Қалтырайсың үйде де, Қошақаным, қайда әлің?

Рамазан

Мынау тұрған лақ, Салпаңдаған құлақ. Су ішетін жері — Сылдырлаған бұлақ.

Сергіту сәті

Балалар қимыл-қозғалыс арқылы бой сергітіп, ойынға дайындалады.

Орынымыздан тұрайық, Қолымызды созайық. Оңға қарай иіліп, Солға қарай иіліп, Белімізді жазайық. Айналаға қарайық, Отырып-тұрайық. Біз тынығып алайық. Тынығып болған соң, Ұлттық ойын ойнайық.

Ұлттық ойын: «Асық»

Балалар асық ойынын ойнап, ептілік пен дәлдіктерін көрсетеді. Тәрбиеші олардың батыр, мерген, алғыр екенін атап өтеді.

Нәтиже

Дәлдік, шапшаңдық, ережені сақтау және бір-бірін қолдау дағдылары нығаяды.

Ұлттық ойын: «Тақия тастамақ»

Келесі кезекте балалар «Тақия тастамақ» ойынын ойнайды. Ойын алдында ұлттық киімдер мен ою-өрнектер еске түсіріледі.

Ұлттық киімдер

Кимешек, сәукеле, шапан, камзол, қазақы көйлек, етік, бөрік, тақия.

Ою-өрнектер

Ботагөз, қошқар мүйіз, тарақ, қызғалдақ, тұмарша.

Ойынға шақыру өлеңі

Ойым бар бір ойын бастамақ, Аты оның — «Тақия тастамақ». Шеңбер болып отыра қалыңдар, Болмасын асығу — сасқалақ. Ақырын асықпай, саспаймын, Шеңберді айнала бастаймын. Біріңнің тұсына келгенде, Сездірмей тақия тастаймын.

Қорытынды және шығармашылық жұмыс

Алдар көсе балаларға алғыс айтып, қоштасады. Тәрбиеші сабақтан алған әсерді қорытындылап, балалардың ұлттық ойындар туралы білімдері кеңейгенін атап өтеді.

Балаларға сұрақ

«Сендерге қандай ойындар ұнады?»

Балалардың жауаптары: асық, арқан тарту, тақия тастамақ.

Тәрбиеші қорытынды жасайды: балалар ұлттық ойындарды жақсы меңгерді, белсенді қатысты және бір-біріне қолдау көрсетті.

Қоштасу: «Сау болыңдар!» — «Сау болыңыз!»