Жүрек тобы
Сабақ контексті
Пән / сынып
Қазақ әдебиеті, 9-сынып
Тақырып
Абай Құнанбайұлы: «Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек»
Сабақ түрі
Жаңа сабақ
Сабақтың мақсаты
- Абай Құнанбайұлының шығармашылығы туралы білімді жүйелеу; өлеңді талдап, жинақтау; шығармашылық жұмыстар арқылы ақынды жан-жақты таныту.
- Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, асыл қасиеттерге тәрбиелеу.
- Мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыру; ой-өрісін, ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін дамыту.
Әдістер, көрнекілік, байланыс
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, талдау, баяндау, топтастыру, «Алтын қорапша», «Бес жолды өлең».
Көрнекілік
Интербелсенді тақта, бейнебаян, үлестірмелі парақшалар, жапсырма қағаздар.
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, музыка.
Негізгі идея
«Толық адам» тұжырымы: ақыл, қайрат, жүректі тең ұстау.
Ұйымдастыру және топтық жұмыс
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу, жылы лебіз білдіру, назарын сабаққа бағыттау.
- Нөмірленген парақшалар бойынша 4 топқа бөлу.
- Топ басшысын сайлау, өзін-өзі бағалау парақшаларын тарату.
- Оқушылардың бүгінгі сабақтан күтер нәтижесін жазып, қорапшаға салуы.
Топ атаулары
1-топ
Ғылым
2-топ
Қайрат
3-топ
Ақыл
4-топ
Жүрек
Бұл құрылым өлең өзегіндегі үштаған ұғымдарды (ақыл–қайрат–жүрек) әрекет арқылы ұғындыруға бағытталады.
Үй тапсырмасын пысықтау
Берілген тапсырма
Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік айту, қосымша дерек жинап келу.
Тексеру форматы
Оқушылар бір-біріне сұрақ қойып, қысқаша жауап береді және өз ізденістерін ортаға салады.
Жаңа сабақ: Абай әлемі және өлеңнің идеясы
Қысқаша өмірбаяндық дерек
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Семей өңірі, Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Әкесі — Құнанбай, болыс әрі аға сұлтан. Құнанбайдан жеті бала тараған: Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Қалиолла, Ысмағұл. Абай жасынан ерекше зеректігімен көзге түсіп, өлең мен әңгімеге құмар болып, аңыз-ертегіні ынтамен тыңдаған.
Аудармалары мен өнері
- Лермонтовтан 27 шығарма аударған.
- Крыловтан мысал өлеңдер тәржімалаған.
- Абай — ән шығарған ақын; көптеген өлеңі өз әуенімен халық арасына тараған.
Әнге айналған туындылардан мысал
«Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», сондай-ақ аудармалары: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Татьяна хаты».
Поэмалары
«Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі».
Қара сөздері
Абайдың 45 қара сөзі бар.
Негізгі мәтін
«Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек...» (1889).
Өлең туралы дерек және таралуы
«Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек...» — 1889 жылы жазылған, адамгершілік туралы философиялық ой-толғамға құрылған өлең. Түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбалары бойынша сақталып, алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» жинағында жарияланған.
Өлең ағылшын, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен тілдеріне аударылған. Мазмұн өзегі — ақыл, қайрат, жүрек үйлесімі және адам бойындағы ізгі қасиеттердің тұтастығы.
Кілт ұғымдар
Ақыл
Зеректік, пайым
Қайрат
Табандылық, шыдам
Жүрек
Жылылық, мейірім
Ғылым
Үшеуінің жөнін тану
Мәтінмен жұмыс: өлең
«Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек...»
Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық — Бұл қайраттан шығады, білсең керек. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек. Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, Тулап, қайнап бір жүрек қылар әлек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Оқу әрекеті
Оқушылар өлеңді мәнерлеп оқиды, негізгі ойды анықтап, дәлел келтіреді.
Түсіндіру
Алдын ала дайындалған сызбалар арқылы ақыл–қайрат–жүрек байланысы ашылады.
Ой түйіні
«Толық адам» болудың шарты — үшеуін тең ұстау және ғылыммен түзеу.
Интерактив: «Алтын қорапша» және деңгейлік тапсырмалар
«Алтын қорапша» әдісі
Оқушылар қорапшадағы қосымша мәліметтерді оқып, өз ойларын ортаға салады. Сондай-ақ Абай шығармашылығынан білетін өлеңдерін жатқа айтуға ынталандырылады.
Деңгейлік тапсырмалар
-
Ғылым тобы
«Абай тілінің сөздігі»: әуелде, тоқтаулылық, толық, жарыту, ұста, жарымес, әлек сөздерінің мағынасын жазады.
-
Ақыл тобы
«Жазғым келгені...»: өлеңнен алған әсері мен сезімін ойтолғау, эссе, шығарма, өлең немесе әңгіме түрінде жеткізеді.
-
Қайрат тобы
Өлең қай қара сөзбен үндес? Неліктен? Мағынасын ашып, дәлел келтіреді.
-
Жүрек тобы
Өлеңнен көркемдегіш құралдарды (теңеу, эпитет, метафора т.б.) табады.
Музыкалық кіріктіру
«Әнді сүйсең, менше сүй»
Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй.
Орындау
Оқушылар «Көзімнің қарасы» әнін орындайды.
Жинақтау: «Бес жолды өлең» және ұғым картасы
Ғылым тобы
1. Абай
2. Дана, алғыр
3. Айтады, жазады, тұжырымдайды
4. Абайы бар халық — бақытты.
5. Ақын
Қайрат тобы
1. Ыстық
2. Талаптылық
3. Шыдамдылық
4. Тоқтаулылық
5. Байыпты, сабырлы
Ақыл тобы
Ақылдың белгілері:
1) зерек
2) алғыр
3) зейінді
4) ұғымтал
5) суық мұз
Жүрек тобы
Жүректің белгілері:
1) жылы
2) ыстық
3) тулаған
4) қайнаған
5) әлекшіл
Сатылай кешенді талдау (жоспар)
- 1Авторы: Абай Құнанбаев.
- 2Тақырыбы: толық адам болуға қажет қасиеттер.
- 3Жанры: поэзия.
- 4Идеясы: ақыл, жүрек, қайратты бірлікте ұстап, білім мен ғылымды меңгеруге үндеу.
- 5Әр тармақтағы буын саны.
- 6Әр тармақтағы бунақ саны.
- 7Әр шумақтағы тармақ саны.
- 8Өлеңдегі шумақ саны.
- 9Ұйқас түрі.
Бекіту сұрақтары
-
1. Анасы Ұлжан мен кіші анасы Айғыз Абайды қалай атаған? Телғара
-
2. Семей қаласында Ахмет Риза медресесінде қай жылдары білім алды? 1857–1859 жж.
-
3. «Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек» өлеңі қай жылы жазылды? 1889 жылы
-
4. Абайдың күйлері: «Май түні», «Желдірме», «Торжорға»
-
5. Абайдың алғашқы өлеңдері кімнің атынан шыққан? Көкбай
-
6. Абайдың орыс досы: Михаэлис
Қорытынды және рефлексия
Қорытынды ой
Абай өлеңдерінің ұлттық сипаты — қазақ халқының рухы биік болмысымен тамырлас. Ақынның әрбір туындысынан салт-дәстүр, тіл, діл, тектілік және ұлттық танымның мәйегі сезіледі. Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті қазынасы; ол халқымен бірге мәңгі жасайды.
Рефлексия және бағалау
- Оқушыларға жапсырма қағаздар таратылады: меңгерсе — жасыл, түсінбесе — қызыл түсті көтереді.
- Топ басшысы белсенді қатысқан оқушыны атап өтеді; сыныпта қолдау білдіріледі.
- Бағалау өзін-өзі бағалау парақшасындағы қорытынды ұпай бойынша жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
«Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек» өлеңін жаттау.
«Абай әлемі — терең, асқақ, биік» тақырыбына ойтолғау жазу.
Авторлық дерек
Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылы, Х. Наубетов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Нұрмұханова Айбарша Батырқызы.