Орман перизаты
«Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады» тақырыбы бойынша сабақ-саяхат
Бұл материал — балаларға емдік қасиеті бар өсімдіктерді таныстырып, туған өлкенің табиғатын құрметтеуге, өсімдіктерді қорғауға баулитын ұйымдастырылған іс-әрекеттің сценарийі.
Мақсаты
- Балаларды емдік өсімдіктермен таныстыру, олардың пайдасын түсіндіру.
- Туған өлкенің өсімдіктер әлемін тануға қызығушылық қалыптастыру.
- Өсімдіктерді қорғауға, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Мотивациялық кезең
Орман перизаты шөптер мен гүлдерді реттеп жүреді. Сол сәтте қасына қарлығаш ұшып келеді.
Қарлығаш:
Орман перизаты! Орман перизаты! Сіз білесіз бе, бүгін… бүгін…
Орман перизаты:
Қарлығаш-ау, не болды? Кірген бетте сәлемдесуді де ұмытып кетіпсің ғой.
Қарлығаш:
Кешіріңіз, сәлеметсіз бе? Бүгін балабақша балалары осы орманға саяхатқа келіп, ерекше сабақ өткізбек. Сіз ол сабақтың қалай аталатынын білесіз бе?
Орман перизаты:
Қалай аталады екен?
Қарлығаш:
«Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады».
Орман перизаты:
Иә, расында да әдемі аталған сабақ екен. Қуанышты хабар әкелдің, көп рақмет! Ендеше, балаларды қарсы алуға дайындалайын.
Ұйымдастыру-іздену кезеңі
Сәлемдесу және әңгімелесу
Тәрбиеші:
Балалар, бүгін бізде ерекше сабақ. Өйткені бізге қонақтар келіп отыр. Таңертең көзімізді ашып, оянғанда терезеден нені көреміз?
Балалар:
Күнді, күннің шуағын, нұрын көреміз.
Тәрбиеші:
Ендеше, бүгінгі күнмен және келген қонақтармен амандасайық.
Балалардың өлеңі:
Қуан, шаттан, алақай!
Қуанышты күн келді.
Қайырлы таң, қайырлы күн,
Күліп шықты күн бүгін!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Тәрбиеші:
Біз әр атқан таңымызға қуануымыз керек. Деніміз сау болып өсуіміз керек. Денсаулық дегеніміз не?
Балалар:
Ауырмай, сырқамай, көңілді жүру.
Тәрбиеші:
Ауырып қалғанда не істейміз?
Балалар:
Дәрі ішеміз.
Тәрбиеші:
Дұрыс. Бірақ дәріні мөлшерімен ішу керек. Табиғат та бізге өз сыйын береді: кейбір өсімдіктер емдік қасиетімен көмектеседі. Ендеше, орманға саяхатқа барып, сабағымызды жалғастырайық. Бәріміз пойызға мінейік!
Орманға келгендегі ережелер
Орманға жеткен соң балалар табиғат аясындағы тәртіпті еске түсіреді.
- Орманда айқайламау.
- Қоқыс тастамау.
- Аң-құсты үркітпеу.
- Тәртіпті сақтау, өсімдіктерді зақымдамау.
Орман перизаты қарсы алады
Орман перизаты:
Сәлеметсіздер ме, балалар! Қош келдіңдер!
Балалар:
Сәлеметсіз бе!
Орман перизаты:
Таңертең қарлығаш сендердің келетініңді айтып кетті. Ерекше сабақ өткізбек екенсіңдер, ендеше төрлетіңдер!
Табиғат туралы қысқаша түсінік
Балалар:
Табиғат — қоршаған орта. Қоршаған ортаға орман, дала, егістік, өзен-көлдер, теңіздер, құстар, жануарлар және өсімдіктер жатады.
Емдік өсімдіктер: жұмбақ, жауап және мәлімет
Орман перизаты балалардың білімін жұмбақ арқылы тексеріп, әр өсімдік туралы пайдалы мәліметтерді толықтырады.
Бақбақ
Жұмбақ:
Көктемде, жазда
Басына қалпақ киеді.
Күзге қарай қалпағы
Қалқып ұшып кетеді.
Жауабы: Бақбақ
Пайдалы мәлімет (Альбина):
Бақбақтың гүлі, жапырағы, тамыры дәрі-дәрмек жасауға қолданылады. Тамырынан дайындалған тұнба тәбет ашады, ауырғанда дене қызуын басуға және тыныш ұйықтауға көмектеседі. Тамырын көктемде немесе күзде жинаған дұрыс.
Тақпақтар:
Жайқалған көк шалғында,
Абайламай қалдың ба?
Бағдаршамдай жанады,
Сары гүлі алдыңда.
Оның зерлі табағын
Бал арасы табады.
Алатыны бақбақтан
Түске шейін алады.
Сән беріп жазға — үлбіреп бақбақ,
Шалғынды сазда өседі қаптап.
Ақ ұлпа қардай басында гүлі,
Жел соқса қалмай ұшады түгі.
Қалақай
Жұмбақ:
Күнінде көктемнің
Бір қызық шөп көрдім.
Барлығын шағады
Жанасып кеткеннің.
Білдің бе, балақай,
Бұл не нәрсе?
Жауабы: Қалақай
Пайдалы мәлімет (Айнұр):
Қалақайдың жапырағы ірі тісті, жапырағы мен сабағы қышқылдары бар түктермен қапталған — теріге тисе ашытады. Жас жапырағынан сорпа, салат жасау пайдалы. Жапырақ тұнбасы қақырық түсіруге, асқазанды тазартуға көмектеседі. Сол тұнбамен басты шайса, шаш түсуі азаюы мүмкін. Қалақайды гүлдеп тұрған кезде (маусым–тамыз) жинаған дұрыс.
Жолжелкен
Пайдалы мәлімет (Нұрдәулет):
Жолжелкен — көпжылдық өсімдік. Жапырақтары сынбас үшін жерге өте жақын өседі. Қайнатпасы асқазанды тазартуға, жөтелді басуға, іш ауруларына көмектесуі мүмкін.
Ескерту:
Емдік шөптерді қолдану ересектердің бақылауымен және дәрігер кеңесімен ғана жүзеге асуы керек.
Сергіту сәті
Қарлығаштар қанаты — биікке самғап ұшады.
Қоян менен көжегі — ытқып-ытқып секіреді.
Өлкеміздегі таныс емдік шөптер
Өгейшөп
Барлық жерде өсетін өгейшөп — жабайы өсімдік. Тұнбасын ішсең, қақырық түсіруге көмектеседі.
Адыраспан
Адыраспан тақыр жерге де өседі. Бұтақтары салалы, бойына нәр жинап тұрады. Жаз бойы өңін өзгертпей, сарғайып қана тұрады.
Түймедағы
Түймедағы — ақ гүлді, сары өзекті нәзік өсімдік. Бал арасы күнде келіп, нәр жинайды.
Тұнба дайындау: қарапайым тәсіл
Орман перизатының түсіндіруі
Кепкен шөпке қайнаған су құямыз. Үстін жылы жауып, белгілі уақыттан соң сүзіп аламыз. Мұны су тұнбасы деп атаймыз. Тұнба денсаулыққа пайдалы.
Қауіпсіздік ережесі
- Қайнаған сумен тек ересек адам жұмыс істейді.
- Шөптің түрін нақты анықтамай тұрып қолдануға болмайды.
- Дәрігер кеңесінсіз ем ретінде пайдалануға болмайды.
Қорытынды және рефлексия
Мақалды түсіндіру
«Дана көптен шығады» — кез келген адам бірдей дана бола бермейді, көптің ішінен ғана кемеңгер адам кездесуі мүмкін деген ой. «Дәрі шөптен шығады» — дәрі-дәрмектің бір бөлігі өсімдіктерден алынатынын білдіреді.
Қайталау сұрақтары
Тәрбиеші:
Біз қандай өсімдіктермен таныстық?
Балалар:
Қалақай, бақбақ, жолжелкен.
Тыйым сөздер: табиғатты қорғау
Көк шөпті жұлма. Ағашты сындырма. Құстың ұясын бұзба. Көк алманы үзбе. Суды орынсыз төкпе. Аққуды атпа. Жұлдызды — адамды санама. Суға, құдыққа түкірме.
Балалардың уәдесі
Тұрып алып таңнан біз,
Орман жаққа барғанбыз.
Жағасында өзеннің,
Дәрі шөп қой, қараңыз!
Тиген жоқпыз оған біз,
Тиген жоқпыз оған біз —
Дәрі шөпке қорғанбыз!
Материалды әзірлеген: Совет Одағының Батыры Мәди Бегенов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ММ педагог-психологы — Исаева Зауре Муфтыевна.
Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі сабаққа өте жақсы қатыстындар. Рақмет!