Жуан дыбыстарды ата

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пәні

Қазақ тілі

Сабақтың тақырыбы

Заттың атын білдіретін сөздер (82–84-жаттығулар). І. Жансүгіров: «Жазғытұрым»

Сабақ түрі

Аралас

Пәнаралық байланыс

Математика, дүниетану

Әдіс-тәсілдер

Миға шабуыл, әңгімелеу, топтық жұмыс, талдау

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік

Заттың атын білдіретін сөздерді таныту, оларға дұрыс сұрақ қоя білуге үйрету. Көктем туралы түсініктерін кеңейту.

2) Дамытушылық

Жаттығуларды орындау барысында талдап, өз ойын жүйелі жеткізе білуге баулу.

3) Тәрбиелік

Оқушылардың ойлау қабілетін, байланыстыра сөйлеуін және сауатты жазу дағдысын қалыптастыру.

Көрнекіліктер мен ресурстар

  • Слайдтар
  • Деңгейлік тапсырмаларға арналған қима қағаздар
  • «Бағдаршам» түстері
  • Топ атаулары жазылған қима қағаздар

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ 3 топпен өткізіледі: А, Ә, Б әріптері арқылы оқушылар топқа бөлінеді. Топтық тапсырма берілген кезде топ басшысы жауапкершілікті бөліп, жұмысты ұйымдастырады.

Психологиялық дайындық

Сыңғырлады қоңырау,

Біз сабақты бастаймыз.

Партамызға отырып,

Табыс тілеп көзбенен,

Жаңа білім алуға,

Алға қарай бастаймыз.

Бүгінгі күн терезеден бізге міне тұр қарап, сондай жақсы көңіл күймен басталады бұл сабақ.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасы

Қазақстан Республикасының Әнұраны

«Сиқырлы шаршы» арқылы қайталау жүргізіледі: тігінен және көлденеңнен қосындыны тапқанда, нәтижелердің бірдей шығатыны байқалады. Осы тапсырма арқылы сұрақтарға жауап беріледі:

  • ҚР-дың рәміздерін ата.
  • ҚР-дың астанасы қай қала?
  • Әнұранның сөзін жазған кім?
  • Әнұранның әнін жазған кім?
  • Жуан айтылатын сөздерге байланысты ережені айт.
  • Буын дегеніміз не?
  • Тасымал дегеніміз не?
  • Жуан дауысты дыбыстарды ата.
  • Жіңішке дауысты дыбыстарды ата.
  • Й, У, Ң дыбыстарына байланысты ережені айт.

3) Жаңа сабақ

Суретпен жұмыс

Суреттерге сұрақ қоя отырып, заттың атын білдіретін сөздерге қатысты ережені оқушылармен бірге шығару.

Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуы арқылы оқушылардың назарын қайта шоғырландыру.

4) Оқулықпен жұмыс

82-жаттығу (95-бет)

Ауызша талдау

5) Дәптермен жұмыс

Көркем жазу

Кк әріптерін көркем жазу. Бір буынды сөздерді оқушылардан сұрап, тақтаға жазып, дыбыстық талдау жасау.

83-жаттығу (95-бет)

  1. Суретке қарап, Кім? Не? сұрақтарына жауап беретін сөздерді табыңдар.
  2. Әр сөзге тиісті сұрақ қойыңдар.
  3. Көп нүктенің орнына заттардың атын жазыңдар.

Өлең арқылы қорытынды сұрақ

Қар, мұз еріп,

Су көбейіп,

Сай-салаға ағады.

Бүршік шашып,

Жапырақ ашып,

Гүл, бәйшешек басады.

Бөбектерім, айтыңдаршы, бұл қай кезде болады?

Көктем

Осылайша, «Көктем» тарауымен танысып, оқулықтағы сурет бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен бірге І. Жансүгіровтың «Жазғытұрым» өлеңі оқылады: оқушылар тізбек бойынша мәнерлеп оқиды.

6) Топтық жұмыс

Көп нүктенің орнына тиісті әріпті қойып, сөздерді оқыңдар:

А... пан
Ә... еш
Б... ла
Ал... а
Әйн... к
Бо... а
А... а
Ә... е
Бақ...

7) Сабақты қорытындылау

Қорытынды сұрақтар

  • Адамға қатысты сөздерге қандай сұрақ қойылады?
  • Жан-жануарларға және заттарға қандай сұрақ қойылады?

8) Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың жұмысы сабақ барысындағы жауаптары мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • 84-жаттығу (96-бет)
  • І. Жансүгіров «Жазғытұрым» өлеңін жаттау

Автор туралы мәлімет

№112 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Досманбетова Салтанат.