Болашақ маршы

«Біз — болашақ жастары» тақырыбындағы тәрбие сағатын саяхат-сабақ форматында өткіздім. Мақсатым — оқушылардың пәндер бойынша алған білімдерін саралау, ой ұшқырлығын байқату, топпен бірлесе жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, қиялын, ынтасын дамыту және елін сүюге тәрбиелеу.

І. Ұйымдастыру бөлімі

Психологиялық дайындық

Ұқыпты — ұтар.

Ізденген — озар.

Талпынған — табар.

Ерінген — тозар.

Ендеше бүгінгі тәрбие сағатында ізденіп, талпынып, белсенді болайық. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр түрлі елдерге «саяхаттап», тапсырмалар орындау арқылы «Болашақ еліне» жетуіміз керек.

ІІ. Негізгі бөлім

Білімділер елі

Болашаққа жету үшін білімді болуымыз керек. Білімімізді сынау үшін сұрақтар мен тапсырмалар орындаймыз. Бұл бөлім екі кезеңнен тұрады.

1-кезең: «Таңғажайып жетілік»

9 шаршы әр түске боялған. Олардың 7-еуінде пәндер бойынша сұрақтар, ал 2 шаршыда — бірінде өнер тапсырмасы, бірінде сыйлық жасырылған. Әр шаршы — 10 ұпай.

Қызыл шаршы (Қазақ тілі)

Мәтін дегеніміз не? Түрлерін ата.

Сары шаршы (Дүниетану)

Кең байтақ Қазақстанның жер көлемі қанша?

Көк шаршы (Қазақ тілі)

Екі сөзден әріптерді қайталамай жаңа сөз құрастыр.

  • Аға + шал = шағала
  • Ақ + сабақ = асқабақ

Қызғылт шаршы (Әдебиет)

«Бақ дегеніміз не? Байлық дегеніміз не? Бала дегеніміз не?» деген сұрақтарға Төле би қалай жауап берді?

Ақ шаршы (Математика)

3, 2 және 0 цифрларын пайдаланып, үш таңбалы неше сан құрастыруға болады? Сол сандарды өсу ретімен жаз.

Күлгін шаршы (Ұлттық дүниетаным)

Жеті атаны ата.

Сарғыш шаршы (Өнер)

Топ өз өнерін көрсетеді.

Сұр шаршы (Орыс тілі)

Әрі оқу, әрі ойын:

Солнце — ……, ночь — ………; күз — ……, … — жүз.

Қара шаршы (Сыйлық)

Сыйлық үшін 10 ұпай беріледі.

2-кезең: «Қара жәшік»

Қара жәшіктің ішінде екі зат жасырылған. Мұғалім оларды тұспалдап, жұмбақтап сипаттайды. Дұрыс әрі толық жауап үшін 5 ұпай беріледі.

  1. Майысады, сынбайды, іші ауаға толы.
  2. Жақсымен дос, жаманға қас.

Келесі елге жеткенше қосымша жұмбақ шешеміз:

Кірш-кірш етеді,

Ішіне кіріп кетеді.

Кішкене өзі, мың көзі.

Еңбекшілер елі

1-тапсырма: Құрастыру

Екі топқа кубиктер беріледі. Кубиктерді дұрыс орналастырып, сурет шығару қажет. Бағасы — 3 ұпай.

2-тапсырма: «Сурет салдым сүйсіне»

Бірінші топ мысықтың басын, екінші топ мысықтың кеудесін жалғастырып салады. Әдемі салынған суретке — 2 ұпай.

Денсаулық еліне жеткенше сұрақтарға жауап береміз:

  • Балаларды сауықтыру орталығы қалай аталады?
  • Оның президенті кім?

Денсаулық елі

1-тапсырма

Берілген суреттерден тіске зиянды және зиянсыз заттарды екі топқа бөліңіз. Дұрыс жауапқа — 3 ұпай.

2-тапсырма: «Денім сау болсын десең…»

Денсаулық туралы шағын әңгімелеу. Бағасы — 5 ұпай.

Балалар барлық елдерді аралап, тапсырмаларды сәтті орындады. Қай топтың ұпайы көп болса, сол топтағы екі оқушы «Болашақ елінің» есігін ашады.

Болашақ елі

Болашақта бәріміз де үлкен азамат боламыз: біріміз мұғалім, біріміз дәрігер, біріміз есепші болып еңбек етеміз. Енді өз ауылымыз — болашақ Қайыңдыны өз қолымызбен көркейтейік.

Ол үшін ауылымыздың болашақта қандай болатынын елестетіп:

  • ойымызды сөзбен жеткіземіз;
  • таңдалған суреттерді жабыстырамыз.

Қорытынды

Ән: «Болашақ маршы».