Үлкен ата

Пәні

Қазақ тілі

Сыныбы

4

Сабақтың тақырыбы

Киелі жеті саны

Сабақтың мақсаты

Танымдық

Қазақ отбасындағы тәрбиенің ерекшелігі туралы қысқаша мәлімет беру; ұлттық ұғымдар — «Жеті ата» мен «Жеті байлық» мәнін түсіндіру.

Дамытушылық

Ұлттық салт-дәстүрге сай сөйлеу мәдениетін дамыту; сауаттылықты арттыру; сөздік қорды молайту; танымдық қызығушылықты күшейту.

Тәрбиелік

Адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру; ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

Нәтиже

Оқушы жеті санының қазақ дүниетанымындағы орны мен мәнін түсіндіре алады; «жеті ата» жүйесін атап, «жеті байлықты» талдайды.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Сыныптың назарын сабаққа аудару, жұмысқа бағыттау.

II. Психологиялық дайындық

Мұғалім:

Өнер де, ой да, білім де,
Өркендер ана тілінде.
Ананың тілін сүйгендер,
Сапалы білім үйренер.

Оқушылар хормен:

Сапалы білім алу үшін,
Ардақтаймыз ана тілін!

III. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: шешендік сөздер («Даудың шешімі», «Талассаң, бағаң кетеді», «Кінәлі аяқтар»). Үй жұмысы бойынша сұрақтарға жауап беру.

1-топ

Балабидің шын аты кім?

2-топ

Бименбет қалай Балаби атанды?

3-топ

Төрт кісі ешкіні қалай бөліп алды?

IV. Ой шақыру

Мақал:

«Жігітке жеті өнер де аз.»

Мақал:

«Жеті рет өлшеп, бір рет кес.»

Сұрақ: Осы мақалдардың ішінде қандай сан естіліп тұр? Жеті.

V. Топтастыру: киелі сандардың қасиеті

Қазақ халқы табиғаттың кейбір құбылыстарын, отты, жануарлар мен құстарды, сондай-ақ көшпелі тұрмысқа қажетті көптеген заттарды киелі деп қастерлеген. Халық дүниетанымында ерекше мән беріліп, жиі қолданылатын сандар да бар.

Салт-дәстүрімізден, ырым-тыйымдарымыздан, нақыл сөздерімізден және мақал-мәтелдерімізден 3, 7, 9, 40 сандарының жиі кездесетінін анық көреміз.

Бүгін біз сандар әлеміне саяхат жасаймыз: олардың сырын ашып, қасиеттерінің қалыптасу себептерін талқылаймыз. Сандар тек математикада емес, күнделікті өмірде де маңызды. Мысалы, осы қарапайым 10 цифр болмаса, телефон соғу да мүмкін емес.

Қазақ халқы әртүрлі құбылыстарды мұқият бақылап, олардың ортақ қасиеттерін санмен түйіндеп, санамалап айтып отырған. Сондықтан кейбір сандарға «киелі» деген ұғым телінген. Солардың ішінде ерекше орын алатыны — 7.

VI. Жаңа сабақ: «Киелі жеті саны»

Сөз маржанын төгейік

Негізгі бағыттар: Жеті байлық, Жеті ата. Оқулықпен жұмыс, талдау, сұрақ-жауап.

Тірек анықтама

Шежіре

Туыстас, бір руға тән ұрпақтардың таралу жолы; рулық-туыстық кесте.

Жеті ата

Қазақтың дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының атын білуге міндетті. Жеті атаға дейінгі ұрпақ — туыс саналады.

Жеті байлық

Қазақ ұғымындағы «жеті байлық» — өмірдің берекесін, елдің тұтастығын және отбасының қадірін айқындайтын құндылықтар жүйесі.

1-байлық

Денсаулық

Ауру-сырқаудан аман болып, есен-сау жүру.

2-байлық

Еркіндік

Бостандық, тәуелсіздік.

3-байлық

Тіл

Ел еркін болса, өз тілінде сөйлейді; тіл — ұлттың тұғыры.

4-байлық

Қайрат-күш

Қайсарлық, батылдық, ерлік.

5-байлық

Ақ жаулық

Отбасының ұйытқысы — жар, ана, өмірлік серік.

6-байлық

Бала

Өмірдің жалғасы, ұрпақтың өрісі.

7-байлық

Жүз саулық

Береке-бірліктің нышаны, қорадағы мал — дәулет.

Өзің талдап көр

«Байлық» ұғымы тек материалдық игілікпен шектелмейді. Денсаулық, еркіндік, тіл, қайрат, отбасы, ұрпақ, береке — бәрі де адам өмірін толықтыратын тұтас құндылықтар.

Жеті ата: дәстүрлі жүйе

Жеті атаның балалары «бір атаның балалары» деп аталады. Бұл ұғым туыстықты сақтаудың, тәрбие мен жауапкершілікті бекітудің маңызды тетігі.

Жеті ата (жоғарыға қарай)

  1. 1.Бала
  2. 2.Әке
  3. 3.Ата
  4. 4.Үлкен ата
  5. 5.Баба
  6. 6.Түп ата
  7. 7.Тек ата

Ататек (төменге қарай)

  1. 1.Ата
  2. 2.Әке
  3. 3.Бала
  4. 4.Немере
  5. 5.Шөбере
  6. 6.Шөпшек
  7. 7.Немене

Туыстық атаулар (әрі қарай)

Мұнан кейін туыстық атаулар жалғасады: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын.

Өлең жолдарын оқу

Бай болмасам ақылға, айтуымен атамның,
Дұрыс па, әлде қате ме — мен айтайын, санашы.
Болады екен әкеге:
1-ұрпақ — баласы,
2-сі — немере,
3-сі — шөбере,
4-сі — шөпшегі,
5-ші — немене,
6-сы — туажат,
7-сі — жекжат.

Сергіту сәті: «Ұрпақ есебі»

Зерек жаттап қуанар, жамағайын мыналар:
Бармағың — туажат, сұқ саусағың — жүрежат.
Ортан қолың — жекжат, аты жоқ саусағың — жұражат,
Шынашағың — жамағайын.

Өзіңді сынап көр

Кестені толтыру

«Жеті байлықты» ретімен жазып, әрқайсысына қысқаша түсіндірме бер.

  • 1.Денсаулық
  • 2.Еркіндік
  • 3.Тіл
  • 4.Қайрат-күш
  • 5.Ақ жаулық
  • 6.Бала
  • 7.Жүз саулық

Сұрақ-жауап

Ойлан:

Бүгінгі сабақтан қандай ой түйдің? Нені әлі де үйренгің келеді?

Еске түсір:

Тақырыпқа байланысты қандай мақал-мәтел білесің?

«Жеті атасын білмеген — жетесіз.»

«Бірінші байлық — денсаулық.»

Сабақты қорытындылау

Түйін

Бүгін біз қазақ халқының 7 санын қалай қадірлегенін, оның «жеті байлық» пен «жеті ата» ұғымдары арқылы қалай көрінетінін оқып-үйрендік.

Естелік

Оқушыларға және сабаққа қатысқан қонақтарға «Киелі сандар» кітапшасы естелікке табысталады.

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады.

Үйге тапсырма

  • «Байлық деген не?» тақырыбына шағын эссе жазу.
  • «Жеті байлықты» жаттау.
  • «Жеті ата» мәтінін мәнерлеп оқу.
  • Өз жеті атаңды жазып келу.

Оқу мазмұны ұлттық дүниетаным мен тіл мәдениетін ұштастыра отырып, оқушының танымын кеңейтуге бағытталған.