Бақтығұл бейнесін ашу
Сабақтың тақырыбы
Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаяты бойынша: Бақтығұлдың тағдыры (Қазақ әдебиеті, 8-сынып).
Мақсаты
Хикаят бойынша алған білімді қорытындылау, жинақтау; кейіпкерлердің өмірдегі шынайы болмысын танып, көркем бейне мен тарихи шындықтың байланысын түсіну.
Міндеттері
- 1) Мазмұндық талдау: шығарманың мазмұнын толық талдап, басты кейіпкер әрекеті арқылы дәуірдің әлеуметтік-саяси шындығын ұғыну.
- 2) Сын тұрғысынан ойлау: кейіпкерлер әрекетіне баға беріп, ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту; білімді өз пайымымен салыстыру.
- 3) Топтық жұмыс: дәлелді пікір айту, бірін-бірі оқыту, сұрақтарға жауап іздеу және қорытынды жасау.
Сабақ форматы
- Түрі
- Қорыту–жинақтау сабағы
- Типі
- Проблемалық оқыту
- Әдіс-тәсілдер
- Проблемалық сұрақтар, пікірталас, іздендіру
- Көрнекілік
- Слайдтар, суреттер, сызбалар, флипчарт
Пәнаралық байланыс
Қазақстан тарихы
Тұрар Рысқұлов тұлғасы және дәуір контексі.
Әдебиет
Ш. Мұртаза, «Қызыл жебе» романы.
Кино өнері
«Асуда атылған оқ» фильмінен үзінділер арқылы талдау.
Сабақтың барысы
I. Қызығушылықты ояту (ой шақыру)
Өтілген материалды еске түсіру үшін «Асуда атылған оқ» фильмінен үзінді көрсетіледі.
- Үзінді қай фильмнен алынған?
- Фильм кімнің, қай шығармасының желісі бойынша түсірілген?
Жоспар бойынша үзіндінің мазмұнын жаңғырту:
Тараулар
Тақырып
Басты оқиғалар
Шығарма желісін тараулар бойынша жинақтау
I. Іште кеткен кек
- Тектіғұлдың науқасы
- Өксікті күндер
- Аянышты өлім
II. Кек жолындағы жортуыл
- Сәлмен жылқысына барымталау
- Ұрланған бие
III. Қуғыншылар
- Сойылған бие
- Қуғыншылар
- Соққыға ұшыраған Бақтығұл
- Намыс, ар, қорлану
IV. Пана іздеу
- Арқар ату
- Жарасбайға тарту
- Өтініш, тілек
V. Адасу
- Жарасбай жанындағы тіршілік
- Ақ жолдан таю
- Барымташы Бақтығұл
VI. Екіжүзді аярлық
- Ел ішіндегі тартыс
- Сатқындық
- Билер соты, үкім
VII. Қуғын
- Қуғынға ұшырау
VIII. Өш алу
- Жасырыну
- Әділ үкім деп қабылданған кек
II. Мағынаны тану
1) Сұрақ-жауап (проблематика және идея)
Тақтадағы түрлі түсті ұяшықтардың астына жасырылған сұрақтарды таңдау арқылы шығарма проблематикасы мен автордың идеялық-эстетикалық мұраты талқыланады.
Талқылауға арналған жетекші сұрақтар
- Тектіғұл өліміне не себеп болды? Оның өліміндегі саяси-әлеуметтік мән қандай? Бұл өлімнің шығармадағы орны қандай?
- Інісінің өлімі Бақтығұлға қалай әсер етті?
- Бақтығұлдың барымтаға баруын, ұрлық жасауын қалай бағалайсың: ақтайсың ба, әлде қаралайсың ба?
- Жарасбай болысқа баруын құптайсың ба? Неліктен?
- Бақтығұлдың басты қателіктері мен адасуларын ата.
- Адасуына тек Сәлмен мен Жарасбай ғана кінәлі ме? Бақтығұлдың өзіне қандай жауапкершілік жүктеуге болады?
- Неліктен Бақтығұл Сәлменді емес, Жарасбайды өлтірді?
- Жарасбайды өлтіру — қылмыс па?
- Билер алдындағы «Не болса да, ақпын. Менде айып жоқ» деп басталатын Бақтығұл монологының маңызы неде?
- Билер Бақтығұлға қандай үкім шығарды?
- Үкімнен кейін Бақтығұл қандай өмір сүруге мәжбүр болды?
- Қашқын жүріп, қандай қауіп-қатерге ұшырады?
- «Бәлем, осыныңды ұмытпа!» деген кектену сезімі қандай жағдайда, не себептен туды?
- «Егер осы Қоқыш сөзіндей Жарасбайдың айтқаны шын болса…» деп басталатын сөзінің мәнін түсіндір. Бұл абзац бейнені ашуда қаншалықты маңызды?
- Ақылды әрі рухы күшті Бақтығұл неге «қолшоқпар», барымташы, сорлы малай күйіне түсті?
- «Қараш-Қараш оқиғасы» арқылы жазушы қандай мәселелерді көтерді? Шығарма неге осылай аталған?
2) Бақтығұл бейнесін ашу (мәтінмен жұмыс)
Портрет
Бақтығұл — кесек, балуан денелі, иықты, кеуделі. Қалың, тік қара мұртты.
Мінездеме (әрекет пен ішкі әлем)
| Іс-әрекеттері, монологы | Жан дүниесі, психологиясы |
|---|---|
| Жиырма жыл бойы Сәлменнің жылқысын бағып, мыңға тарта жылқының сан жүзін төлдетіп-өсіріп, қысы-жазы байдың соңында жүреді. | Еңбекқор, төзімді; бірақ әлеуметтік тәуелділікке таңылған күй. |
| «Күздің ұзақ түні… Осы жауын ізімді шаяды… Түк алмай қайтпақпын ба?» деген күдігі мен шешімі. | Аштық, суық, жол азабы жанын қажытады; ішкі күдік пен намыс тайталасы күшейеді. |
| «Мұншалық қорлыққа жеткізді-ау! Панасыздың көрері осы… Енді сүйенетін кісі таппай болмас». | Қорғансыздық, әділдік іздеу, күйзеліс; тірекке мұқтаж күй. |
| «Бағымды осымен де бір сынап көрейін… Қозыбақ аулының атаған абақтысынан құтқарса…» деп Жарасбайға үміт артуы. | Үміт пен сенімге бейім; «пана» іздеп, болысқа жалтақтау. |
| «Мына сияқты итшілеп жүрген тіршіліктен… өлсек те, түк етпейді екен». | Мейірімсіз өмірден түңілу; кектің қоюлануы. |
| «Мен бүгін бір бұғы атып келемін». | Дерт пен ызадан уақытша серпіліс; рухтың қайта тіктелуі. |
3) Топтастыру
4) «Ойлану баспалдағы»
Бір тақырып бойынша сұрақ құрастыру және оған жауап беру арқылы талдауды күрделендіру:
- Бақтығұл
- Бақтығұл, Тектіғұл
- Бақтығұл, Тектіғұл, Сәлмен
- Бақтығұл, Тектіғұл, Сәлмен, Жарасбай
- Бақтығұл, Тектіғұл, Сәлмен, Жарасбай, қоғам
III. Ой толғаныс
Оқушылар шығарма бойынша өз ойларын ортаға салады, пікірлерін дәлелдейді, қорытынды ұсынады.
«Пікірлер пирамидасы»
- Бақтығұл — еркіндікті аңсаған, намысшыл қазақ.
- Бақтығұл — кек алушы күрескер.
- Бақтығұл — Сәлмен мен Жарасбайдың құрбаны.
- Бақтығұл — қорғансыз, сорлы жан.
Мұғалімнің қорытындысы
Әдеби-тарихи сабақтастық
Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы ой өзегі: Рысқұл оқымағанымен, көкірегі ояу адам. Түрменің ұзақ түндерінде баласына айтқан сырлары зая кетпейді. Тұрар арада жылдар өткенде бір жазушыға әкесінің басынан өткен шытырман шындықты айтып, содан «Қараш-Қараш» дүниеге келеді.
Тұлғалар және дерек
- Тұрар Рысқұлов — 1894 жылы Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында туған қазақ қайраткері.
- Роман деректерінде Рысқұлдың табиғаты: қара шаруа болса да рухы күшті, қайраты мол, қажырлы; мергендігімен және Іле Алатауын жетік білуімен ерекшеленеді.
- Түрмеден қашып, қайта оралатын сәттегі портреттік сипаттама арқылы кейіпкердің ішкі ызғары мен қайсарлығы ашылады.
Прототип мәселесі
Шығармадағы бас кейіпкер Бақтығұлдың прототипі — тарихи тұлға Рысқұл Жылқыайдарұлы (Тұрардың әкесі). Жастайынан әділетсіздік көріп, патша әкімшілігінің озбырлығына төзбеген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда елге тізесі батқан болысты атып өлтіреді.
Прототип — көркем шығармадағы кейіпкер бейнесін жасауға тірек болған, өмірде болған нақты адам.
Тектіғұл
Молдабек
Сейіт
Тұрар
Қатша
Ізбайша (Тұрардың анасы)
Жарасбай болыс
Саймасай Үшкемпіров
Киноға байланыс
1968 жылы «Қазақфильм» және «Қырғызфильм» киностудиялары бірігіп, «Выстрел на перевале» («Асуда атылған оқ») көркем фильмін түсірді. Талдауда фильм кадрлары қосымша материал ретінде пайдаланылады.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
«Шығармадағы жазушы қолданған көркемдік әдіс-тәсілдер» тақырыбына шығармашылық ізденіс жұмысы.
Бағалау
Оқушылардың талдауға қатысуы, дәлел келтіруі, топтық жұмыстағы белсенділігі және қорытынды ой айтуы негізінде бағаланады.
Атырау қаласы, №35 мектеп-гимназиясы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Баймұханова Амангүл Қыздарбайқызы.