Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын арттыру
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, №26 мектеп-гимназия
Бастауыш сынып мұғалімі: Батаева Үміткен Еркінқызы
Кіріспе
Елбасының Жолдауында білім беру саласының басты міндеті ретінде мемлекеттік бағдарламаларды орындай отырып, сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту қажеттігі атап өтілген. Қай салада болмасын, жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сондықтан сапалы оқыту мен өздігінен білім алуға баулу арқылы ғана парасатты азамат тәрбиелеуге болады.
Білім сапасы тікелей мұғалімге, оның кәсіби деңгейі мен ізденіс мәдениетіне байланысты. Сапаны арттырудағы өзекті мәселелердің бірі — мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау. Жаңа заман мұғалімі тек дайын білім көзі ғана емес, оқушының танымдық іс-әрекетін ұйымдастырып, үйлестіретін, нәтижеге бағытталған оқытуда жаңа тәсілдер мен әдістер таба алатын маман болуы тиіс.
Мұғалімнің негізгі міндеттері
- Оқушыны келелі мәселелерді шешуге баулу.
- Бір ғана түпнұсқамен шектелмей, әртүрлі әдістерді қолдануға үйрету.
- Берілетін білімнің ғылымилығын арттыру.
- Алған білімін өмірде қолдана білуге дағдыландыру.
- Ой белсенділігін дамыту.
- Әр оқушының қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, дарындылығын дамыту.
- Білімді шығармашылықпен меңгеру дағдыларын қалыптастыру.
Қазіргі дамыған өндіріс те шығармашылықпен жұмыс істей алатын тұлғаны қажет етеді. Шығармашылықпен әрекет ететін адам ақыл-ойға сүйеніп, алған білімін жаңа, таныс емес жағдайға тасымалдай алады.
Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасында шығармашылық адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі ретінде қарастырылады. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы әрі дәлелді шешім қабылдай білуге үйренуі қажет.
Негізгі бөлім
Егемен елдің жас ұрпағын тәрбиелеу және талапқа сай білім беру — бүгінгі күннің уақыт күттірмес міндеті. Бастауыш мектептің міндеті тек дайын білімді беру емес, баланы жан-жақты дамыту: сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оқуға ынталандыру, қоршаған ортаға дұрыс көзқарас орнықтыру, жағдайларды бақылап, талдауға үйрету, ойын дәлелдеп жеткізе алатын, шығармашылық бағытта әрекет ететін тұлға тәрбиелеу.
Дамыта оқытудың басты мақсаты — баланы оқыта отырып, оны шығармашылық тұрғыдан дамыту. Б. Д. Эльконин шығармашылықты бұрынғының механикалық қайталануы емес, сонылығымен, біртумалығымен ерекшеленетін жасампаздық әрекет ретінде сипаттайды.
Баланың «тудыруға, жасауға» деген қабілеті мектепке дейінгі кезеңде-ақ байқалады. Сондықтан қабілетті өшірмей, дамыту — адамның рухани күшін нығайтып, өзін табуына көмектеседі.
Сабақты түрлендірудің тиімділігі
- Сабақ құрылымын ұтымды ұйымдастыру.
- Оқушы іс-әрекетін бақылаудың қолайлылығы.
- Ұжымдық бірлескен әрекеттің іске асуы.
- Оқыту уақытының үнемделуі.
Өзіндік жұмыстың жоғары формасы
Оқушының өзіндік жұмысы мұғалімнің басшылығымен қатар, оның ықыласы мен еркіне сүйенген белсенді әрекетті талап етеді. Өзіндік жұмыстың ең жоғары деңгейі — оқушының амал-тәсілдерді өз еркімен таңдап, шығармашылық тұрғыдан орындайтын жұмыстары.
Оқушылардың шығармашылығын дамытуда сыныптан тыс және ұжымдық жұмыстардың да орны ерекше: пәндік апталықтар, ғылыми-шығармашылық апталықтар, жобалар, пәндік үйірмелер, факультатив сабақтар. Мұндай жұмыстарды ұйымдастырғанда оқушылардың таңдауы мен ұсыныстары ескерілуі тиіс.
Сонымен бірге олимпиадалар, байқаулар, көркем өнер және техникалық көрмелер, шығармашылық кештер оқушылардың ізденісін күшейтіп, дербес нәтижеге жетуіне ықпал етеді.
Ұжымдық шығармашылық сабақтағы оқушы міндеттері
Ұжымдық сабақтарда оқушы өзгенің жұмысынан сабақ алады, әлеуметтік ұстанымы қалыптасады, сынып пікірінің әсерін сезінеді. Ұжымдық шығармашылық қалыптасуы үшін оқушылар мына әрекеттерге қатысуы қажет:
-
Дәлелдеу
Өзіндік пікірін негіздеп айту.
-
Пікірталас
Талқылауға белсенді қатысу.
-
Сұрақ қою
Сыныптасына және мұғалімге сұрақ қою.
-
Пікір білдіру
Жолдасының жауабына тұжырымды пікір айту.
-
Бағалау
Жауап пен жазбаша жұмысты әділ бағалау.
-
Қолдау
Үлгерімі төмен оқушыға түсіндіру, көмектесу.
-
Таңдау
Қиындау тапсырмаларды өз бетінше таңдау.
-
Көпнұсқалылық
Шешімнің бірнеше нұсқасын ұсыну.
-
Өзіндік талдау
Өз әрекетін талдау және өзін-өзі бағалау.
Шығармашылық сипаттағы сабақтарды жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушы тек ақпаратты қабылдаушы болмай, кез келген әрекетте шығармашылық бағыт ұстануға дағдыланады. Бұл оның қабілетін ұштап, білімді терең әрі саналы меңгеруіне мүмкіндік береді.
Дарынды оқушымен жұмыс және мұғалімнің рөлі
«Дарынды оқушы — тек жақсы оқитын оқушы» деген көзқарас жиі кездеседі. Алайда П. Торранстың зерттеулері шығармашылық дарындылық кейде стандартқа сыймайтын мінез-құлық арқылы да көрінетінін дәлелдейді: тосын сұрақ қоятын, тәуелсіз, қиялы ұшқыр, көзқарасы бөлек оқушылардың да әлеуеті жоғары болуы мүмкін.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық әрекетте өз қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Бұл мақсат оқу бағдарламасын тереңдете оқыту және оқушының танымдық белсенділігін арттыру арқылы жүзеге асады.
Мұғалім біліміне қойылатын талаптар
- Пәнді мемлекеттік стандарттан жоғары деңгейде меңгеру.
- Оқушы дарындылығы моделін білу.
- Қазіргі заманға сай оқыту технологияларын меңгеру.
- Үлгеріммен қатар басқа көрсеткіштерді де ескеру.
- Шығармашылық тапсырмалар құрастыра білу.
Мұғалім іскерлігіне қойылатын талаптар
- Дарынды оқушыны анықтау әдістерін қолдана білу.
- Жекелей және топтық оқытуға арналған бағдарлама құрастыру.
- Зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу.
- Нәтижені нақты бағалай білу.
- Ғылыми-ізденіс жұмысына жетекшілік ету.
- Олимпиада мен сайыстарға сапалы даярлау.
Ізгіліктік және инновациялық ұстанымдар
Жаңашыл педагогтердің тәжірибесі оқушының тұлғалық қадір-қасиетін құрметтеуге, өздігінен ойлауын және шығармашылық әлеуетін дамытуға, жағымды эмоционалдық педагогикалық орта құруға бағытталады.
- Оқытуды мұғалім мен оқушының бірлескен шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдау.
- Күрделі мақсат қою және оны орындай алатынына сенім қалыптастыру.
- Жеке және ұжымдық өзіндік талдау жүргізу.
- Ерікті таңдау арқылы оқу уақытын ұтымды пайдалану.
- Оқушылардың өзін-өзі шығармашылық басқаруын дамыту.
- Тәрбиеге жеке тұлға тұрғысынан қарау және ата-анамен ынтымақтастық орнату.
Плутархтың сөзі ой салады: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді». Сондықтан мұғалім бала бойындағы табиғи мүмкіндікті әлсіретпей, керісінше, аша түсетін орта қалыптастыруы тиіс.
Сабақта шығармашылықты ынталандыру жолдары
Көрнекілік
Көрнекі құралдарды кең көлемде пайдалану.
Түрлендіру
Сабақ форматын алмастырып, қызықты сценарий құру.
Оқушы жұмысы
Оқушылар жасаған сурет, сызба, схема сияқты материалдарды қолдану.
Техника
Техникалық құралдарды тиімді пайдалану.
Бейнематериал
Тақырыпқа қатысты бейнетаспа, фильм көрсету.
Бастауыш мектепте шығармашылық қабілет оқу әрекетінде айқын көрінеді. Сондықтан әр баланың табиғи мүмкіндігін қолдап, бағыттау — мұғалім мен ата-ананың ортақ міндеті. Мұғалім оқушының мүмкіндігін ашуға жағдай жасап, шығармашылық орта қалыптастырса, оқушы белсенділік пен дербестілік танытып, өзіне сенім арқылы шығармашылық әрекетке келеді.
Бақылау көрсеткендей, бастауыш сыныпта шығармашылыққа дағдыланған оқушы жоғары сыныптарда да әртүрлі шығармашылық жұмыс түріне бейім болады және өздігінен дәлелді шешім қабылдауға ұмтылады.
Практикалық тәсілдер мен тапсырма үлгілері
Бастауыш сыныпта «Ана тілі» және «Қазақ тілі» сабақтарында уақытты ұтымды пайдаланып, шығармашылық тапсырмаларды жүйелі жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім мәтін мен жаттығулардың ішінен шығармашылыққа лайық тұстарды тауып, кейбір практикалық тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып бейімдейді.
Бастауыш жастағы балалардың қиялы ерекше болады: олар естіген әңгіме мен ертегі желісін өздігінен дамытып құрастыра алады. Сондықтан мәтінді бастап беріп, аяқтауын оқушыға ұсыну — тиімді тәсіл.
1) Мәтінді өз ойымен аяқтау
Үлгі мәтін: Қайсар атасымен қыдырып жүреді. Кенет қой қора жақтан түтіннің иісі келді. Қараса, қой қора өртеніп жатыр екен. Қайсар не істеді?
Нұсқа 1
Қайсар жүгіріп барып, өрт сөндіру қызметін шақырды. Жан-жағынан адамдар көмекке келді. Өрт сөндірушілер мен көршілердің көмегімен өрт шығынсыз сөндірілді. Қайсардың елгезектігіне атасы риза болды.
Нұсқа 2
Қайсар ойланбастан қораға жүгіріп кіріп, қойларды айдап шығарды. Сол кезде қораның бір бөлігі құлап түсті. Қойлар аман қалды. Шопан Қайсарға ризашылығын білдіріп, қошақан сыйлады.
2) Мысалды басқаша аяқтау
Мысалы, Шона Смаханұлының «Тәкаппар» мысалын оқушы төмендегідей аяқтай алады: балықты жағада ойнап жүрген Асқар тауып алып, аяп кетіп, оны теңізге қайта жібереді. Содан бері балық туған теңізін ешқашан жамандамайтын болыпты.
3–7) Қысқа форматтағы шығармашылық тапсырмалар
- Белгілі мақал негізінде әңгіме жазу.
- Мәтін бойынша мақал құрастыру.
- Табиғат құбылыстары мен заттарға жұмбақ құрастыру.
- Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қою.
- Шығарма жазуға дайындық ретінде жоспар құру (кіріспе–негізгі ой–қорытынды).
Жұмбақ үлгілері
Мысық
Өзі жас, мұртты,
Сүтті ұрлап ішті.
Сыпыртқы
Әр үйде белін буған
Бір пысық бар.