Балалар қазір қай сабақ
11-сыныпқа арналған сабақ жоспары
Сабақ тақырыбы: «Тіл – тақтан да биік»
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға ана тілінің қадір-қасиетін таныту, тілдің көркемдігін сезіндіру, сөз құдіретін түсіндіріп, оның адам өміріндегі маңызын ұғындыру.
Дамытушылық
Нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы дүниетанымды кеңейту, сатылай кешенді талдау элементтерін қолдана отырып ой-өрісті дамыту.
Тәрбиелік
Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу дағдысын қалыптастыру, шешендікке баулу және мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға үндеу.
Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Шеңбер құрып, алақан жылуы арқылы бір-бірімізге жылы сөз айтамыз.
Сабақтың ұраны
Бір ауыз сөз болса да дауыстап айт: ең бастысы, үнсіз қалма.
(Әр оқушы өзіне мақсат қояды: сабақ бойы қазақша сөйлеп көру, дәл жауап беру, пікірін ашық айту.)
Қысқа сұрақтар (жылыту)
- Қай республикада тұрасыңдар?
- Мемлекеттік тіл қай тіл?
- Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
- Қазақша сөйлейсің бе? Қаншалықты жақсы түсінесің?
Үй тапсырмасын тексеру
Тіл туралы мақал-мәтелдерді жатқа айту және мағынасын түсіндіру.
Сабақта неге назар аударамыз?
Нені білу керек?
- Қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызы
- Жаңа сөздер мен сөз тіркестері
Нені үйрену керек?
- Дұрыс сөйлеу
- Сұраққа нақты әрі дәл жауап беру
Ой шақыру
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді…» — Ғабит Мүсірепов
Тірек сұрақтар
- Ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын таңбалар қандай? (Елтаңба, Әнұран, тіл)
- Ұлт болып ұйысудың басты тірегі не? (Тіл, дін, дәстүр)
- Қазақ тілі қандай тіл? (Мемлекеттік тіл)
Заң туралы қысқаша
- «Тіл туралы» заң: 1989 жыл, 22 қыркүйек
- Қайта қаралып қабылданды: 1997 жыл, 11 шілде
«Тіл» дегенде ойыңа не келеді?
Бай, көркем, дамыған, құнарлы, ырғақты, мұра, парыз, құрмет, ана тілі, қазына, мемлекеттік тіл, отбасы, рухани байлық, тәуелсіздік, қорғау, ата-баба аманаты.
Әр халықтың тілі — өзіне тән қымбат та қимас қазына. Біздің ана тіліміз — алтындай асылымыз, мөлдір маржанымыз, ғажап гауһарымыз. Француз ғалымы А. Жорри де Манси қазақ тілін түркі тілдерінің ішіндегі ең таза тілдердің бірі деп бағалаған.
Жаңа сабақ: мәтінмен жұмыс
Мәтін 1: «Асыл қазына»
Өте ертеде бір дана қария өмір сүріпті. Ол дүниеден өтер алдында қасына ұлын шақырып: «Балам, менің мына дүниемен қоштасар күнім жақын. Өзіңе қалдырып бара жатқан бір асыл қазынам бар. Сен соны іздеп тап, ұқыпты пайдалан», — депті.
Күндердің күнінде бала әкесі қалдырған қазынаны іздеймін деп әбден шаршайды. Бірақ қазына таптырмайды. Амалы таусылғанда, ел ішіндегі көпті көрген қариядан сұрайды.
«Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған мұрасы — тіл. Әкең сөзге шешен еді. Бәріміз де сөз асылын сол кісіден үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ», — деп ақылман қария түйінін айтыпты.
Талқылау сұрақтары
Философиялық сұрақ
Тілді неліктен мұра деп айтамыз? (Тіл — ғасырлар бойы жиналған рухани мәдениет, тарих, дәстүр, әдебиет пен өнердің ұрпақтан ұрпаққа жету жолы.)
Мәселелік сұрақтар
- «Тілден қымбат қазына жоқ» деген пікірмен келісесің бе? Неліктен?
- Ана тілін неге қымбат қазынаға теңейді?
Жеңіл сұрақтар
- Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
- Тілді үйрену не үшін керек?
- Досың қазақша сөйлей ме?
- Үйде ата-анаңмен қай тілде сөйлесесің?
- Полиглот деген кім?
Мәтін 2: «Тіл туралы»
Ана тілі дегеніміз — сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ тілі қасиетті, қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады.
Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан үйренеміз. Ол ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді.
Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі — ана тілі мен ұлттық мәдениеті. Ана тілі мен мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Сондықтан әр мемлекет өз аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды.
Қазақстан Республикасы егемен ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді, «Тіл туралы» заң қабылданды. Президенттің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде аталып өтеді.
Тіл — адамдар арасындағы қатынас құралы: адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы біз білім аламыз, мамандық игереміз, даналар сөзін оқып, ғибрат табамыз. «Өнер алды — қызыл тіл» деген нақылдың мәні де осында.
Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.
Тапсырмалар
- 1Мәтінді мәнерлеп, түсініп оқу; қажет болса аудару.
- 2Мәтін бойынша 5–6 сұрақ құрастыру.
- 3Жұптық жұмыс: сұхбат құрастыру.
Сөздік (іріктеме)
- Мәртебе
- статус
- Қатынас құралы
- средство общения
- Ресми
- официальный
- Жарлық
- указ
- Пікір алмасу
- обмен мнениями
- Игеру
- осваивать, усваивать
Грамматикалық бөлім
Қайталау сұрақтары
- Құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Құрмалас сөйлем неше түрге бөлінеді?
- Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Сабақтас құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Салалас құрмалас сөйлемнің түрлері қандай?
Жазылым тапсырмалары
- 1Мәтіндегі екі жай сөйлем негізінде: 1 салалас және 1 сабақтас құрмалас сөйлем құрастыру; синтаксистік талдау жасау.
- 21 зат есімге, 1 сын есімге, 1 етістікке морфологиялық талдау жасау.
- 3«Бес тармақты өлең» (синквейн) құрастыру.
Синквейн үлгісі
1. Зат есім: Тіл
2. Сын есім: өткір, шешен
3. Етістік: сөйлейді, айтады, жүйелейді
4. Сөйлем: Туған тілім — өз тілім.
5. Синоним: сөз
Топтық жұмыс және пікірталас
Сынып 3 топқа бөлінеді: А тобы, Ә тобы, Б тобы. Топ басшылары формативті бағалауды жүргізеді.
А тобы
Мемлекеттік тілді дамыту үшін біз не істеуіміз керек?
Ә тобы
Тілді үйренуде қандай қиындықтар кездеседі және оны қалай жеңеміз?
Б тобы
Қазіргі қоғамда қазақтардың қазақша сөйлемеуінің себептері қандай? Шешімі қандай?
Постер қорғау
Әр топ тақырып бойынша постер дайындайды және қысқа презентация арқылы қорғайды.
Сергіту сәті
Музыкалық үзіліс (1 минут).
Қорытынды
Қорытынды сұрақтар
- Сабақтың тақырыбы қандай болды?
- Бүгін не білдіңдер?
- Сабақта қандай жұмыстар атқардық?
- Неге үйрендіңдер?
- Тілді үйрену үшін қандай нақты қадамдар қажет?
Үй тапсырмасы
Бүгінгі мәліметтерді пайдаланып, «Тіл — менің тағдырым» тақырыбында шағын эссе жазу.
Бағалау және рефлексия
Формативтік бағалау нәтижелері жинақталып, қорытынды баға шығарылады. Топтар бірін-бірі өзара бағалайды, топ басшылары стикер арқылы кері байланыс береді.
- Не білдім?
- Қай тапсырмалар қиын болды?
- Маған не ұнады?
Сабақтың түйіні: тіл — ұлттың жадын, рухын, мәдениетін сақтайтын ең қымбат қазына.
Сабақ аяқталды. Сау болыңдар!