Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы

Ата-аналар жиналысы

Күн тәртібі

  1. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы. Баяндамашы: директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары С. К. Буденова

Мақсаты

  • Отбасы мен мектептің өзара әрекетінің негізгі қызметтері мен міндеттері туралы ақпарат беру.
  • Өзара әрекетті ұйымдастыру жолдарын нақтылау.
  • Ата-ананың балаға деген жауапкершілік сезімін арттыру.
  • Пән мұғалімдері мен сынып жетекшілеріне қолдау көрсету.

Табыс критерийлері

  • Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы нығаяды.
  • Ата-ананың балаға деген жауапкершілігі артады.
  • Пән мұғалімдерімен және сынып жетекшілерімен тұрақты байланыс орнатылады.

Жоспары

  1. Ұйымдастыру кезеңі: тренинг.
  2. Негізгі кезең: баяндама — «Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы».
  3. Қорытынды кезең: топтық жұмыс, ой толғаныс.
  4. Кері байланыс: сауалнама, «Бес саусақ» әдісі.
  5. Қорытынды: «Жүректен жүрекке» тренингі.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар мен қонақтар! Қазір бір-бірімізбен амандасып алайық. Амандасуды өзгеше форматта өткіземіз:

Шаршы

Қол алысып амандасады.

Үшбұрыш

Дауыс арқылы амандасады.

Шеңбер

Мимика арқылы амандасады.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы

Бала тәрбиесінің негізі — отбасы. Бұл шағын әлеуметтік орта бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана — баланың алғашқы ұстазы әрі тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі мен мәдениеті ата-ананың еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.

Әрбір ата-ана өз баласын білімді, мәдениетті, жан-жақты етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылып отыр. Тәрбие — халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтаған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру және соған сай мінез-құлық қалыптастыру.

Негізгі ой

  • Бала тәрбиесі — баршаға ортақ жауапкершілік.
  • Жақсы қасиет, адамдық құндылық, талғам мен талантты дамыту — ата-ана мен мұғалімнің ортақ міндеті.

Дәйексөз

«Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы іс».

В. Г. Белинский

Әрбір ата-ана еліміздің болашағының жарқын болуы үшін, баласын тәрбиелеу арқылы қоғамға үлес қосады. Ол үшін баланы тәрбиелеушінің өзі де тәрбиелі болуы тиіс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұлағатты сөз осының дәлелі. Саналы тәрбие мен сапалы білім баланың ертеңіне даңғыл жол ашады.

Адам өмірінің алтын бесігі — мектеп қабырғасында өткен жылдар. Мұнда бала жаңа өмірдің заңдылықтарын үйренеді. Сондықтан мектеп ұжымына ата-ананың көмегі аса қажет. Мектеп пен ата-ана арасындағы әдепті сыйластық үйлесім тапса, бала тәрбиесінің нәтижесі де жоғары болмақ.

Ынтымақтастық дегеніміз не?

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы — бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірін-бірі толықтыруы, өзара ақпарат алмасып, келісіммен ықпал етуі.

Оқушы ↔ Мұғалім

Сенім мен жауапкершілікке негізделген қатынас.

Оқушы ↔ Ата-ана

Қолдау, бақылау және ортақ талап.

Мұғалім ↔ Ата-ана

Үнемі байланыс пен бірлескен шешім қабылдау.

Ата-ана мектеппен байланысын күшейткенде ғана бала тәрбиесінде нақты жетістікке қол жеткізе алады. Ата-ана мен ұстаз арасындағы өзара түсіністік пен серіктестік нәтижесінде әдепті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, отбасына, ұстазына, мектебіне, сыныптастарына және еліне құрметі жоғары тұлға қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Бүгінгі қоғамның мақсаты — өмірдің барлық саласында белсенді шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Бұл үшін отбасы, балабақша, мектеп, қоғам және жұртшылық тарапынан тәрбие жұмысы кіріктіріліп, өзара үйлесімде жүзеге асуы қажет. Өйткені отбасына мектеп тарапынан білікті қолдау керек. Педагог пен ата-ананың жүйелі өзара әрекеті ғана оқушы тұлғасын дамыту міндеттерін табысты шешуге жол ашады.