Қазақстандықтардың болашағы - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде
Елбасы Жолдауы: ел қолдауы және салиқалы оңтайландыру
Көкірегі ояу, санасы сау әрбір қазақстандық азамат Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын үмітпен, асыға күтеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбымен жарияланған Жолдау еліміздің алдына дамудың жаңа он міндетін қойды.
Мемлекеттің тыныс-тіршілігіне ерекше серпін беретін, қоғамға нақты бағдар ұсынатын маңызды құжат деңгейіне көтерілген бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі даму жолының бүгінін айқындап, баянды болашағын нақтылайды; көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемнің қарқынынан туындайтын міндеттерге назар аудартады.
Нақты бағдар, айқын міндет
Игі дәстүр жалғасып, Президент Жолдауында дәуір тынысын дәл бағамдаған тұжырымдарын халыққа ұсынып, әрбір қазақстандықтың алдында тұрған келелі мәселелерге жіті назар аудартты. Бұл — білек сыбана атқарылатын жұмыстарға анық та нақты бағыт беретін саяси-әлеуметтік бағдар.
Төртінші өнеркәсіптік революция: өзгеріс логикасы
Елбасы өз Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне — технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең әрі қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», — деп атап өтті.
Шын мәнінде, бұл үдеріс экономиканың салалық құрылымына, азаматтық қоғам құндылықтарына және халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Сондықтан ел-жұрттың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын» берекелі бірлігі, татулығы және заманға сай нақты әрекеті ауадай қажет.
Қоғамдық жауапкершілік
Жаңа дәуір азаматтың белсенділігін, білімін және өзгеріске бейім болуын алға шығарады.
Нәтижеге бағытталған еңбек
Қарқынға ілесу үшін жүйелі еңбек, үздіксіз ізденіс және ортақ мүддеге жұмылу қажет.
Қазақстанның орны: бейбітсүйгіш ұстаным және халықаралық бедел
Ұлт көшбасшысы алпауыт мемлекеттер арасындағы геосаяси шиеленістер мен қайшылықтарға қарамастан, Қазақстанның бейбітсүйгіш қағидасы мен еларалық ұстанымы арқылы бүгінгі әлемде өзіне лайықты орнын алғанын атап өтті: «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық», — деді Президент.
Демек, Қазақстанның бейбіт бастамалардың брендіне айналуы қажырлы еңбек, тынымсыз ізденіс және жұдырықтай жұмылған ел бірлігі арқылы келген жетістік.
Кілтті ой
Елдің беделі — тек сыртқы саясаттың нәтижесі емес, ол ішкі бірлік пен ортақ жауапкершіліктің де көрсеткіші.
Үштілді білім беру: уақыт талабы
Бүгінгі күні үштілді білім беру — заман талабы. Көп тіл білу — мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениетаралық қарым-қатынастың маңызды құралы. Елбасының Жолдауында қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруімен тікелей байланысты екені айтылады.
Білім саласына қойылған міндет
2019 жылдан бастап 10–11-сыныптарда жаратылыстану бағытының жекелеген пәндерін ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу көзделді. Нәтижесінде түлектердің ел ішінде де, жаһандық кеңістікте де өмір сүріп, еңбек етуі үшін қажетті тілдік құзыреті қалыптасуы тиіс.
Бұл міндет білім беру ұйымдарына жаңа талап, жаңа мақсат және жаңа жауапкершілік жүктейді. Сонымен бірге қазақстандық білім беруді дамытудағы басым бағыттар да айқындалды.
Қорытынды: ортақ іске жұмылу
Түйіндей айтқанда, Жолдауда көтерілген міндеттерді іске асыру үшін елдің құмырсқаның илеуіндей ұйымшылдығы, ынтымағы және табанды тірлігі қажет. Уақыт талабына сай әрекет еткен қоғам ғана дамудың жаңа мүмкіндіктерін толық пайдалана алады.
Бегімхан Керімханұлы
№22 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қаласы