Байқаудың тақырыбы
Байқаудың тақырыбы
«Нағыз қазақ жігіті»
Мақсаты
Білімділік
Ата салтын насихаттай отырып, оқушыларды нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттермен таныстыру.
Дамытушылық
Әр баланың бойындағы қабілетін дамыту: ойлау, түрлі жағдайдан жол таба білу, өнерін көрсету, тапқырлық таныту, сахна мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
Ата салтын ардақтайтын, елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білетін ұрпақ тәрбиелеу.
Ұйымдастыру мәліметтері
- Көрнекіліктері
- «Нағыз қазақ жігіті – 2013» тақырыбына байланысты безендіру, мақал-мәтелдер, байқауға қажетті құрал-жабдықтар, музыкалық аппаратура және т.б.
- Байқауға қатысатындар
- 2-сынып оқушылары (ұлдар).
- Қонақтар
- Ата-аналар, оқушылар, мұғалімдер, мектеп әкімшілігі.
Байқау барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Ұлттық музыка әуені ойнап тұрады. Қонақтарды қарсы алып, орындарына орналастыру жүргізіледі.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Қадірлі қонақтар! Бүгін бізде «Нағыз қазақ жігіті» атты, бойында өршіл рухы бар, парасатты жігіттер сайысы өтеді.
2-жүргізуші: Нағыз кәусәр жігітті, нағыз қайсар жігітті, нағыз бұлбұл жігітті, нағыз дүлдүл жігітті анықтайтын кез келді!
1-жүргізуші: Уа, халайық, халайық, мұнда назар салайық! Ата жолын жалғамақ, ел дәстүрін қолдамақ, ел намысын қорғамақ ұлдар шықсын ортаға — бүгін «сұлтан» атанбақ! Ендеше, «Нағыз қазақ жігіті» байқауына қатысушы сайыпқырандарымызды ортаға шақырайық!
Қатысушылар
- №1 Нұртаза
- №2 Арсен
- №3 Еламан
- №4 Алишер
Әділқазылар алқасы
Қатысушылардың өнерін әділ бағалау үшін көрермендер арасынан 2 адамнан тұратын әділқазылар алқасы таңдалады.
Негізгі бөлім: Сайыстар
1) Өлеңмен бастау
1-жүргізуші: Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Байқау ұлдардың тақпақтарымен басталады.
2) «Тегімді менің сұрасаң…» — өзін-өзі таныстыру
2-жүргізуші: Ақыл-көрік бойларында жетеді, әлі талай сынақтардан өтеді. Мына отырған баршаңызды өзімен тез арада таныстырып өтеді.
3) «7 атамды сұрасаң…» — жеті атасын айту
1-жүргізуші: Әй, жігіттер, жігіттер, сендерге артар міндет көп. Көтер биік ата-салтты құрметтеп. Ақтай білсең ата-баба үмітін — әрбір сөзі тәлімі бар бір мектеп.
4) «Жігітке жеті өнер аз…» — өнер көрсету
2-жүргізуші: Парасатты ер жігіт ақылымен әр іс біледі. Өнерің барда, жігіттер, тоқталып, сірә, іркілме. Жұрт қарасын қызығып, «бәрекелді» деп шіркінге!
5) «Ақылына күші сай» — қол күрес
1-жүргізуші: Ей, ер жігіт, ер жігіт, ей, өр жігіт, өр жігіт! Атыңа ерік бер, жігіт, күшіңді көрсет, ер жігіт!
6) «Тығырыққа тірелгенде…» — мақал-мәтел сайысы
2-жүргізуші: Мықты болсаң, мақалдарды айтып бер. Келді кезек тапқырлықты танытар. Бұл сыннан да өтсең егер сүрінбей — жүлде сенде, қуана бер, күлімде!
Қатысушылар мақал айтып жарысады.
Қорытынды бөлім
1-жүргізуші: Осымен «Нағыз қазақ жігіті» атты, бойында өршіл рухы бар, парасатты жігіттер сайысы мәресіне жетті.
2-жүргізуші: Қазылар алқасы шешім шығарғанша, бір өнерпазды тамашалайық: Аяулымның орындауында би.
1-жүргізуші: Арманым көп мынау фәни жалғаннан, пенде болсаң, құтылмайсың арманнан. Дүниеге келіп-кету шарт емес, ердің ісі — өнер іздеп қамданған.
Жеңімпазды анықтау және тілек
Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі қонақтар, ата-аналар! Өздеріңізбен бірге тамашалаған «сұлтандар» сайысы да аяқталды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» — жүйріктен жүйрік озар жарысқанда. Ендеше, бүгінгі сайыстың жеңімпазын анықтау үшін әділқазылар алқасына сөз береміз.
Бүгін сұлтандарымыздың бәрі де тамаша өнер көрсетті. Бұл — олардың ертеңгі үлкен сынақтарға қадам басқан алғашқы белесі. Әрдайым сыналған сәтте сүрінбей, қадамдарыңа нұр жаусын!
Өркендерің өссін, мерейлерің үстем болсын! Келесі кездескенше күндеріңіз нұрлы болсын!
Марапаттау
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізіледі. Байқау аяқталады.