Ғалымға сұрақ
Дөңгелек үстел: «Әлихан Бөкейханов — Алаштың ардақтысы»
Бұл сабақтан тыс шара Қазақстан тарихы аясында ұйымдастырылды. Мақсат — Алаш партиясының тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейханов тұлғасын жан-жақты таныту және оның қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегі туралы пікір алмасу.
Мақсаты
Ә. Бөкейханов туралы жүйелі түсінік қалыптастыру, тарихи қызметін талқылау, көзқарастарды салыстыру және қорытынды жасау.
Форматы
Кездесу, пікірталас, сұрақ-жауап, ойталқы.
Көрнекілігі
Интерактивті тақта, бейнеролик, қанатты сөздер.
Қатысушылар
Тарихшы ғалым, саясаттанушы, әдебиетші, жазушы, тарихшы және МБ-11, МДБ-11 тобының студенттері.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Құрметті қонақтар, ұстаздар, студенттер! 2016 жылы Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Біз де осы тарихи мерейтойға өз үлесімізді қосып, Әлихан Бөкейхановтың қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі туралы ой бөлісу үшін дөңгелек үстел ұйымдастырдық.
Талқылау жоспары
Пікір алмасу жүйелі жүруі үшін сұрақтар төмендегі бағыттар бойынша құрылды.
-
1
Өмірбаяны
Ә. Бөкейхановтың өмір жолы туралы не білеміз?
-
2
Қоғамдық-саяси қызметі
Оның қоғамдық және саяси әрекеттері қандай болды?
-
3
Алаш Орда
Ә. Бөкейханов қай жылдары Алаш Орда төрағасы болды?
-
4
Ғылыми-шығармашылық мұрасы
Ол қандай ғылыми жұмыстармен айналысты?
Жүргізуші: «Пікір алмасуды сұрақтар арқылы жалғастырайық. Студенттер қонақтарға өз сауалдарын қойсын. Бүгінгі дөңгелек үстелде тарихшы ғалым, саясаттанушы, әдебиетші және жазушы пікір білдіреді».
Негізгі сұрақтар және пікірлер
1) «Әлихан Бөкейханов сіз үшін қандай тұлға?»
Әлихан Бөкейханов қазақ үшін ұлт азаттығы мен мемлекеттік ойдың символына айналған тұлға. Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Түркия үшін Ататүрік қандай болса, Үндістан үшін Махатма Ганди қандай болса — Әлихан Бөкейханов та қазақ үшін сондай тарихи деңгейдегі көшбасшы ретінде бағаланады.
2) «Неліктен Әлихан Бөкейханов жер аударылды?»
Ә. Бөкейханов қарулы күшке сүйенген билікке қызмет етуден бас тартты. Ол бастаған қазақ зиялылары таптық мүддені емес, тұтас ұлттың мүддесін қорғауға ұмтылды.
1920–1922 жылдары «ұлтшыл» деген айып тағылып, Мәскеуге жер аударылды. 1922 жылы Семейде ұсталғаннан кейін Мәскеуге жеткізіліп, бір бөлмелі пәтерге орналастырылды да, үйден шығу құқығынан айырылды. 1937 жылы ату жазасына кесілгенге дейін 15 жыл бойы үйқамақта болды.
Бұған дейін патша үкіметі де 1908 жылы оны Қазақстаннан Самараға жер аударып, 1917 жылға дейін елге келуіне тыйым салған. Соған қарамастан, ол Самарада жүріп қазақ ұлт-азаттық қозғалысының теориялық әрі практикалық негізін қалыптастыруға ықпал етті.
3) «1909 жылы қандай кітап шығарды?»
1909 жылы Петерборда Абайдың тұңғыш кітабы жарық көрді. Оны шығаруға Әлихан Бөкейханов тікелей атсалысқан.
Сондай-ақ «Қазақ» газетін шығару идеясы да Әлекеңмен сабақтас айтылады. Әрине, бұл істе Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі айрықша.
Тарихи деректердің бірінде Әлихан: «Байтұрсынов екеуіміз сөйлескенде: Совет өкіметіне қарағанда, патша өкіметі жақсы екен — олар бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін еді», — деп айтатынбыз, делінеді. Алайда кеңестік жүйе көп зиялының тағдырын қайғылы аяқтатты.
4) «ХХ ғасырда біз жеңілген ұлтпыз ба?»
Бұл сұрақ пікірталас тудырды. Алаш қозғалысының жеңілісі — сол дәуірдің ауыр шындығының бір қыры. Кеңестік жүйе мен коммунистік идеология ұлттың тарихи жадын әлсіретіп, құндылықтық дағдарысқа ұрындырды.
Талқылауда Алаш көтерген идеялар мен қазіргі мемлекеттік-қоғамдық жүйе арасындағы сабақтастық әлсіз екені айтылды. Демек, ұлттық идеологияны жаңаша тәсілдермен үйреніп, тарихи санаға сүйенген қоғамдық диалогты күшейту қажет.
5) Ұсыныс: «Алаш мұрасын насихаттау неге жүйеленбейді?»
Пікір білдіруші (Мыңбаева): Алашқа байланысты мемлекеттік сұраныс қалыптасуы тиіс. Алаш қайраткерлерін, Алаш тарихын насихаттауға арналған жүйелі бағдарламалар неге жоқ деген сауал көтерілді.
«Мәдени мұра» сияқты ірі бастамалардың маңызды бағыттарының бірі ретінде Алаш идеясы мен Алаш мұрасын кеңінен таныту ұсынылды. Өйткені Алаш идеясы — халықтың, ұлттың идеясы.
6) Саясаттанушы пікірі: «Неліктен Алаш зиялыларын кеш ұлықтадық?»
Ұлттық сана мен мемлекеттік сана мәселесі көтерілді: тарихи сана қалыптаспай, жүйелі өзгеріс болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде экономика мен саясатты реттеуге басымдық беріліп, ұлттық мүдде екінші қатарға ығысқан тұстар болғаны айтылды.
Алашордашылардың күштілігі — тарихты терең түсінгенінде. Ал тарихқа үстірт қарау қоғамдық иммунитетті әлсіретеді деген ой ортаға салынды.
7) Әдебиетші пікірі: «Алаш дегеніміз кім?»
Алаш — қазақтың саяси элитасы. Әлихан Бөкейханов бастаған көсемдер шешендігімен, ой мәдениетімен, сөз саптауымен ерекшеленді. Олардың түпкі мақсаты — қазаққа қызмет ету.
Ахмет Байтұрсынұлының «анамыз — халық, ана сүтін ақтайық» деген мазмұндағы ұстанымы мысалға алынып, бүгінгі басшылықта халық мүддесін бірінші орынға қоятын жауапкершілік мәселесі талқыланды.
8) Жазушылар ойы: «Әлиханды қалай насихаттаймыз?»
Әлихан Бөкейхановты таныту үшін деректі және көркем фильмдер, танымдық шығармалар, жүйелі мәдени-ағартушылық жобалар қажет екені айтылды.
Ұлт-азаттық қозғалыстағы Әлиханның орнын бүгінгі күннің талаптарымен байланыстыра түсіндіру — болашақ ұрпаққа бағытталған маңызды міндет. Ел басқаруға келетін жастардың одан тәлім алуы үшін қоғамдық санаға Алаш идеясының салмағын жеткізу қажет.
Сонымен бірге, медианың және журналистиканың рөлі ерекше атап өтілді: жаңа буынның дүниетанымында Алаш идеясының қаншалықты орны барын талдау және оны күшейту — ортақ жауапкершілік.
9) Тарихшы пікірі: «Бөкейхановтың тарихтағы орны қандай?»
Негізгі міндет — Алаш идеясын қоғамға жеткізу және қайраткерлердің өмір жолын көпшілікке қолжетімді форматтармен таныстыру. Бұл жеке адамдардың ғана шаруасы емес, ұзақмерзімді, жүйелі бағдарлама арқылы жүзеге асуы тиіс.
Кеңестік кезеңдегі қоғамдық өзгерістер (көшпелі өмірден отырықшылыққа өту, кейін капиталистік рельске түсу) аясында жастар бойында қандай құндылықтарды сақтап қалу керектігі туралы мәселе көтерілді.
Қорытынды сұрақтар
- Ә. Бөкейханов кім?
- Ә. Бөкейхановтың отбасы туралы не білеміз?
- Алаш партиясының ұлттық ұстанымына қатысты бес тұжырым қай еңбекте берілген?
- Ә. Н. Бөкейханның қазақ әдебиеті тарихындағы өшпес із қалдырған еңбектері қандай?
- Әлихан Бөкейханов қай жылы ақталды?